Accessibility links

Қарағандыда екі автобус соқтығысып, бір адам қаза болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қарағандыда екі маршруттық автобус соқтығысып, автобус жүргізушісі қаза болған, 18 жолаушы зардап шеккен. Бұл жөнінде "Қазақпарат" агенттігі хабарлады.

Жол апаты 25 қараша таңертеңгі сағат 9-дан кете бере Қарағандыдағы үй құрылысы комбинаты (жергілікті халық ДСК деп атайды) ауданындағы көпірде болған. Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, №41 және №146 автобустары соқтығысқан. Соның салдарынан №41 жүргізушісі оқиға орнында опат болған. 15 жолаушы мен №146 жүргізушісі ауруханаға жеткізілген. Оқиға кезінде №41 автобусында жолаушылар болмаған.

Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Оқиға орнында төтенше жағдай қызметінің мамандары, жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Полиция оқиғаға байланысты қылмыстық тіркелгенін, сараптама тағайындалғанын хабарлады. Дәрігерлер 18 адамның медициналық көмек сұрап келгенін хабарлады. Екеуінің жағдайы ауыр, екеуінің жағдайы өте ауыр деп айтылады.

- Ауыр науқастар стационарларға жатқызылды. Шоктан арылтатын реанимация шаралары басталды. Хирургтар тобы құрылды. Қазір науқастардың жағдайы ауыр, интенсивті терапия жүргізіледі, - деді Мақажанов атындағы көпсалалы травматология орталығының жетекшісі Берік Төлеубаев.

Жол апаты болған күні қалада жолдың тайғақ болғаны хабарланды. Қарағанды билігі ақпаратты терістеп, таңертеңгі сағат алтыдан бастап жолдарға қиыршық тас төселгенін, жол апаты болған көпірге де төселгенін айтты.

Қазақстанда автобус апаты жиі болады. Жуырда Алматыда екі маршруттық автобус соқтығысып, бір адам қаза болған. 15 адам зардап шеккен. Қазақстан ІІМ мәліметінше, 2022 жылдың басынан бері елде жол апатынан екі мыңнан астам адам опат болған, 15 мыңнан астам адам жарақаттанған. Қарашаның алғашқы аптасында елде 300-ден астам жол апаты болған, жүздеген адам жараланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG