Accessibility links

Семейде коммуникация қызметінің өкілдері қысымға шағымданып, жұмыстан кету туралы өтініш жазды


Абай облысы әкімдігінің ғимараты.
Абай облысы әкімдігінің ғимараты.

Абай облысының орталығы Семейде аймақтық коммуникация қызметінің өкілдері жұмыстан кету туралы өтініш жазды. Ұжымдық демаршқа өздерінің айтуынша, облыс әкімдігінің қысымы себеп.

"Біз баспасөз конференцияларын өткіздік, шараларға бардық, ақпараттармен бөлістік, бірақ тұтас ұжымға Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы қысым жасады. Ол барлық ақпаратты өзіне жіберіп, келісіп отыруды және оны бірінші кезекте Абай облысы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жариялауды талап етті. Аймақтық коммуникация қызметі әрдайым президент жанындағы орталық коммуникация қызметінің жеке бөлімшесі болып келген. Және құжатта аймақтық коммуникация қызметіне қатысты ережелер анық жазылған. Онда әкімдіктің баспасөз қызметіне жұмыс істеу туралы айтылмаған, тек мемлекеттік органдармен қарым-қатынас жөнінде жазылған" деп жазды қызметкерлер.

Шағымданушылар өздерін өз міндеттеріне кірмейтін жұмыстарды, мысалы Абай облысы әкімдігінің парақшасын жаңартып отыруға мәжбүрлегенін айтты. Аймақтық коммуникация қызметкерлерінің бірі хабарлама қызметтен босатылғандардан түскенін растады, бірақ түсініктеме беруден бас тартты.

Абай облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Назым Теңелбаева "кімнің кіммен сөйлескенін және кімнің кімді жұмыс істеуге мәжбүрлегенін" анықтайтынын айтты.

Аймақтық коммуникациялар қызметі әкімдіктер қаулысымен құрылады. Аймақтағы қызметтерге президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметі жетекшілік етеді. Бұл мекеме туралы құжатта "медиажоспарлау және ақпараттық күн тәртібін болжау, медиасценарийлер жасау және президент пен мемлекеттік органдарға арналған медиахабарлалар бойынша функцияларды жүзеге асыру үшін" құрылғаны жазылған.

Биыл маусымда президент жарлығымен құрылған Абай облысының орталығы Семей қаласында мұндай қызмет 22 қазаннан бастап жұмыс істей бастаған.

Қазақстанда журналистер кәсіби қызметіне байланысты тосқауыл-кедергілерге жиі ұшырайды. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады. Қазақстан билігі елде сөз бостандығы бар деп санайды.

XS
SM
MD
LG