Accessibility links

Оралда екі жылдан бері пәтерлерін күтіп келе жатқан үлескерлер наразылыққа шықты


"Циолковский-1" тұрғын үй кешенінің үлескерлері наразылық жасап тұр. Орал, 25 қараша 2022 жыл.
"Циолковский-1" тұрғын үй кешенінің үлескерлері наразылық жасап тұр. Орал, 25 қараша 2022 жыл.

25 қарашада Оралда "Кублей" зауыты маңындағы "Циолковский-1" тұрғын үй кешеніне ақша салып, екі жылдан бері пәтерлерін күтіп келе жатқан 70 үлескер наразылыққа шықты. Кешеннің зауыт маңында орналасуына байланысты әкімдік пен зауыт арасында дау туындап, екі жылдан бері сот жалғасып келеді. Наразылар президентке қайырылып, әділдікке қол жеткізуге және баспаналы болуға көмектесуге шақырды.

Толық бітпеген тұрғын үй кешенінің ауласына келген наразы үлескерлердің қолында "Бізге көмектесіңіздер!", "Әділ сот шешімін күтеміз", "Заң үстемдік етуі тиіс" деген жазуы бар плакаттар болды.

—Нөмір екінші үйде тұрамын, ол толық аяқталмаған болып саналады. Қауіп-қатерге қарамастан онда жөндеу жүмыстарын жүргіздім, өзім көп балалы анамын. Егер менен пәтерімді тартып алса, қайда барарымды білмеймін, — деді үлескерлердің бірі Нұргүл Седалиева.

Оның сөзінше, 23 қарашада жұрт мамандандырылған ауданаралық экономика сотының шешімін күткен. Сотта "Кублей" зауытының Орал әкімдігіне қарсы түсірген шағымы қаралған. Бірақ сот "тараптар келісімге келгендіктен" істі қарауды тоқтатқан.

—Егер шағым берушінің өзі келісімнен бас тартса, қандай бітім туралы айтуға болады? Тағы нені күтеміз? Бізге әділ, заңды сот шешімі керек, — деді үлескерлердің бірі Динара Қисабекова.

"Циолковский-1" тұрғын үй кешені төрт үйден тұрады. Біреуі пайдалануға берілген, екіншісі салынып біткен, бірақ билік оны сот істеріне байланысты қабылдамаған. Бірақ соған қарамастан оған ақша салған халықтың 60 пайызы кіріп алған. Тұрғын үй кешеніндегі тағы екі корпустың құрылысы тоқтап қалған.

Кешен маңындағы "Кублей" консерві зауытының басшылығы 2020 жылы Орал әкімдігі үстінен шағым түсірген. Зауыт жер аумағының мақсатын өнеркәсіптен тұрғын үйге ауыстыру туралы жоспарға қарсылық білдіріп, оны заңсыз тануды сұраған. Зауыт өкілдерінің айтуынша, өнеркәсіп маңындағы жүзметрлік санитарлық-қорғау аймағында тұрғын үй кешеніндегі төрт үйдің үшеуі тұр. 2020 жылы шілдеде соның салдарынан кешеннің құрылысы тоқтады. Ал оған ақша салған үлескерлер баспанасыз қалған.

Сот талқылауы 2022 жылы шілдеде Жоғарғы сотқа жетіп, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов істі бірінші инстанцияға жіберген.

Бұл іс бойынша шешім оқылуы тиіс болған 23 қараша күні судья Бахтиер Жорабаев "тараптар келісімге келгендіктен" және "дау қоғамдық резонанс тудырғандықтан" істі қарауды тоқтататынын мәлімдеді.

Істе үшінші тарап ретінде танылған кешенді салушы "Ирменова ЖК" компаниясы сот анықтамасы шыққаннан кейін оған шағым түсіретінін мәлімдеді. Шағым беруші тараптың заңгерлері де соны айтты.

Жауапкер Орал қаласы әкімдігі "Кублей" зауытына "ешқашан сын-ескертпесі болмағанын" және қазір де жоғын айтты. Сот шешіміне байланысты шағым түсіру жөнінде сұраған кезде әкімдік өкілдері "екі жаққа да бейбіт келісім ұсынылды, әкімдік солардың жауабын күтеді" деді.

XS
SM
MD
LG