Accessibility links

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев ант берді


Қасым-Жомарт Тоқаев президент куәлігін көрсетіп тұр. Астана, 26 қараша 2022 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев президент куәлігін көрсетіп тұр. Астана, 26 қараша 2022 жыл.

26 қарашада жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 11:00-де Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі басталды.

Орталық сайлау комиссиясының ресми ақпаратына сәйкес, Қазақстанда 20 қарашада кезектен тыс өткен президент сайлауында "халықтық коалиция" кандидаты әрі елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен. ОСК мәліметінше, Тоқаевты дауыс беруге қатысқан азаматтардың 81 пайыздан көбі, яғни шамамен 6,7 млн сайлаушы қолдаған.

Тоқаев Қазақстан халқына салтанатты түрде ант бергеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы оған Қазақстан президенті куәлігін тапсырды.

Салтанатты рәсімге бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев та келді деп хабарлады жергілікті БАҚ. Ол Тоқаевты 21 қарашада жеңісімен құттықтаған.

Салтанатты рәсім кезінде сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың "әділ әрі ашық өткенін" айтты. Ол ендігі ортақ мақсат "заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін әділетті Қазақстанды құру" деді.

Ол "кәсіпкерлерге кедергі жасайтын кедергілерді жою", Қазақстан халқының 40 пайызы тұратын ауылдарды дамыту жөнінде, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселесі туралы айтты. Оның айтуынша, шетелдегі активтерді қайтару бойынша үкімет заң жобасын әзірлейді. Бұл құжат "әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жоюға бағытталады". Тоқаев Қазақстан сыртқы саясатта "теңгерімді және конструктивті" саясатын жалғастырады деді.

Қазақстан азаматтары президент сайлауына дауыс берген 20 қарашада Алматы мен Астанада шамамен отыздан астам адам ұсталды. Олар "таңдаусыз сайлауға" қарсылық білдіріп, "кемінде 238 адамның өмірін қиған қанды Қаңтар оқиғасына кімдер жауапты екенін ұмытпауға" үндеді. Биліктің отставкасын талап етті. Оларды полиция ұстап әкетіп, кейін босатты.

Сайлау күні тәуелсіз бақылаушылар учаскелерде түрлі заңсыздықтар болғанын (бақылаушыны учаскеге кіргізбеу, учаскеде жүруіне, сурет-видео түсіруге тыйым салу және тағы басқа) айтқан.

Халықаралық ұйымдар атап айтқанда, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) мәлімдеме жариялап, "Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті", "сайлау күні бейбіт митинг өткізу және пікір айту еркіндігі тағы шектелді" деп сынаған. АҚШ пен Еуроодақ ЕҚЫҰ бақылаушыларының пікірімен келісетінін мәлімдеген.

Қазақстан билігі бұл сынмен келіспейтіндігін мәлімдеп, ЕҚЫҰ құжатын "объективті емес" деп санайтынын айтқан.

Жуырда Тоқаев бастамасымен Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, елде президент бір реттік мерзіммен жеті жылға сайланады. Сарапшылар Тоқаевтың билігін нығайтуға күш салатынын айтып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG