Accessibility links

Тоқаев СҚО мен Қостанай облысы әкімдерін де ауыстырды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімін ауыстырды. Президент жарлығымен аймақтың жаңа әкімі болып Айдарбек Сапаров тағайындалды.

Бұрын Сапаров ауыл шаруашылығы вице-министрі болған. 2011-2019 жылдар аралығында ол СҚО әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған.

Сапаров 2017 жылдың наурызынан бері аймақты басқарған Құмар Ақсақаловты алмастырды.

Ақорданың хабарлауынша, Құмар Ақсақалов Қостанай облысының әкімі болып тағайындалған. 57 жастағы Ақсақалов Қостанай облысын 2015 жылдан бері басқарған, 2019 жылы өкілеті ұзартылған Архимед Мұхамедовті алмастырған.

Шамамен 150 мың халқы бар Екібастұз қаласы қақаған аязда бірнеше күн бойы жылусыз қалған шақта Тоқаев 1 желтоқсанда Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақовты да қызметінен босатқан еді. Ақпаратқа қарағанда, қазір Екібастұзда 132 көп қабатты тұрғын үй, 114 жеке үй мен 13 әлеуметтік нысанға жылу берілген. Әзірге 17 көп қабатты үй орталық жылу желісіне қосылмаған.

Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша Олег Крук атқарады. Ол Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болған.

Ақорданың хабарлауынша, Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қызметтерінде қалған.

XS
SM
MD
LG