Accessibility links

Инфляция өршіген Түркия Орталық Азия әйелдері үшін әлі де тартымды ел


Ыстанбұл көшесіндегі сауда.
Ыстанбұл көшесіндегі сауда.

Түркияда инфляция рекорд жаңартып, ұлттық валютасы – лира құнсызданып жатыр. Осыған қарамастан, бұл елге Орталық Азиядағы еңбек мигранттары көп келеді.

Жеті жыл бұрын Түркияға жақсы табыс қуып келген Мүшарраф Қосымова Анталия курортты қаласында тұратын жас отбасының үйінде жұмыс істеген.

Тәжікстан астанасы Душанбеде ауруханада хатшы болып жұмыс істеген ол қалада еңбекақы төмен, жұмыс табу қиын дейді.

"Түркияға Өзбекстан азаматтығы бар, біршама өзбек отбасын танитын немере бауырыммен келдім. Достарымыз арқылы жұмыс пен тұрғын үй таптық" деді Қосымова. "Өмір сүру қиындап, бәрі қымбаттағанымен, бақыттымыз".

ТАРТЫМДЫ ТҮРКИЯ

Түркия – Орталық Азиядан шыққан мигранттар баратын Ресей мен Қазақстаннан кейінгі ең танымал бағыт. Онда Орталық Азиядан шыққан жүздеген мың адам жұмыс істеп жатыр.

Өзбекстан еңбек министрлігінің дерегінше, осы жылдың бірінші тоқсанында Түркияда 145 мың өзбек мигранты жұмыс істеген. Бұл шетелде жұмыс істеп жатқан 2,4 миллион мигранттың 6 пайыздан астамын құрайды.

Түркияда жүрген Орталық Азия мигранттары арасында ең үлкен қауымды түркімендер құрайды. Олардың ондағы саны 230 мың адам. Оның 120 мыңнан астамы ықтиярхат алған, 95 мыңы қысқамерзімді визамен жүр. Бұл деректі Түркия билігі беріп отыр.

Бұл елге Қырғызстаннан да көп адам келеді. Жалпы саны 30 мың адамнан асып қалады.

Елде заңсыз немесе мерзімі өтіп кеткен визамен жүрген мигранттар да бар. Сондықтан ондағы Орталық Азия мигранттарының саны ресми деректегіден де көп екені айтылып жүр.

Ыстанбұлдағы азық-түлік базары.
Ыстанбұлдағы азық-түлік базары.

Кей түркімендердің паспорты жоқ, себебі Ашғабад елшіліктерге мерзімі өткен немесе жоғалған құжаттарды қалпына келтіруге жол бермейді.

ЛИРАНЫҢ ҚҰНСЫЗДАНУЫ

2018 жылдан бастап Түркияның қаржы дағдарысына тап болуы мигранттарға да зардабын тигізді. Содан бері Түркияда инфляция 80 пайыздан асып, 20 жыл ішіндегі ең үлкен көрсеткішке жетті.

Түркияда тұтыну тауарлары қымбаттаған. Ал Кремльдің Украинаға басқыншылығынан соң ауқатты ресейліктердің Түркияға кетуі Анталия мен басқа қалалардағы тұрғын үйдің қымбаттауына алып келген.

Лира құнсызданған соң, мигранттардың өз еліне ақша аударуы да азайған.

"Жалақыны лирамен аламын, үйге жіберу үшін оны долларға айырбастаймын" деді Қосымова. "Лира жылдам құнсызданып жатыр".

Қаржы дағдарысына қарамастан, Орталық Азия мигранттары Түркиядан кетпейтінін айтады.

Бұрын Совет одағы құрамында болған елдерден шыққан еңбек мигранттары көбіне Ресейге барады. Бірақ Украинаға басқыншылықтан соң бұл көрсеткіш азайды. Мигранттардың көбі халықаралық санкцияға тап болған Ресейдің экономикалық жағдайын ойласа, кейбірі соғысқа жіберуі мүмкін деп қауіптенеді.

Кәдесый сататын дүкен.
Кәдесый сататын дүкен.

Кейінгі жылдары Орталық Азиядан шыққан біршама адам Ұлыбританияға маусымдық жұмысқа кеткен. Еуроодақ пен АҚШ-қа кеткендер де бар.

Бірақ онсыз да мигранттар легімен күресіп жатқан Батыс елдері оларды қабылдағысы келмейді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНДЕГІ КЕДЕЙЛІК

Орталық Азия мигранттары жұмыссыздық жайлаған, жалақысы төмен отанына оралғысы келмейді. Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде көптеген отбасы туыстары шетелден аударатын ақшаға күн көреді.

Қырғызстанда мұғалім болған Сағадат Өмірбекова Түркияға төрт жыл бұрын барған. Анталиядағы мейрамханалардың бірінен жұмыс таппас бұрын үш жыл бойы қарттар мен сырқат адамдарға күтім жасаған.

Түркияда жұмыс істейтін қырғыз азаматы Сағадат Өмірбекова.
Түркияда жұмыс істейтін қырғыз азаматы Сағадат Өмірбекова.

"Қырғызстанда мамандығым бойынша жұмыс істедім, бірақ жалақым аз болды. Балаларымның оқуына ақша төлеуім керек еді, сондықтан жұмыстан шығып, көбірек ақша табу үшін Түркияға көштім" дейді ол Азаттыққа.

Түркиядағы Орталық Азия мигранттарының арасында біреудің үйінде жалданып жұмыс істейтін әйелдер көп. Қонақ күту, қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтіндер де бар. Кейбірі киім дүкені, сұлулық салоны секілді бизнес те ашқан.

Бірақ Түркияда жұмыс істеудің қиындықтары да бар.

Кейбір мигранттар Азаттық радиосына түрік тілін, елдің заңдары мен өз құқықтарын білмегені үшін қиындыққа тап болғанын айтты.

Қырғызстаннан келген Мейірім Ашарбекқызы төрт жыл бұрын Стамбулға алғаш келгенде, еңбегі қаналғанын айтады.

Қырғызстаннан келген Мейірім Ашарбекқызы.
Қырғызстаннан келген Мейірім Ашарбекқызы.

"Түнге дейін жұмыс істеуге мәжбүрледі. Талаптарының бәрін орындаумен болдым" деді ол.

"Түрікше білген жоқпын, не қалайтынымды жеткізе алмадым. Мысалы, осы уақыт аралығында ғана жұмыс істеуім керек деп айта алған жоқпын".

Ол жұмыстан шығып, Қырғызстанға оралған. Бірақ елде жақсы жұмыс таба алмаған соң, тағы да Түркияға барған.

Қазір Ашарбекқызы Стамбулдағы отбасылардың бірінде жұмыс істейді. "Бұл үй туған қызындай көреді" дейді ол.

Түркияға баруды жоспарлап жүрген мигранттар, әсіресе әйелдер жұмыс орны туралы күмәнді хабарландыруларға сенбей, сенімді ұсыныстарды ғана қарастырғаны жөн деді Түркиядағы мигранттардың бірі.

Материалды жазуға Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшілері атсалысты

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG