Accessibility links

Reuters: "Ислам мемлекеті" жетекшісі ұрыста мерт болып, орнына жаңа басшы келді


Әлемнің көптеген елдері террористік ұйым деп таныған "Ислам мемлекеті" сәрсенбі күні топ жетекшісі Әбу Хасан әл-Хашими әл-Курашидің мерт болғанын мәлімдеді.

Әлеуметтік желілерде "Ислам мемлекетімен" байланысты деп айтылатын аккаунттар жариялаған мәліметте ұйымның бұрынғы басшысының қазан ортасында ұрыста мерт болғаны айтылған. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Ұрыстың қайда және қашан болғаны туралы мәлімет жоқ. Әбу әл-Хусейін әл-Хусейни әл-Кураши топтың жаңа басшысы атанған.

"Ислам мемлекетін" бұған дейін әл-Кураши тегі бар екі адам басқарған. Сарапшылар мұны лақап ат болуы мүмкін деп топшылайды. Үшінші әл-Курашидің кім екені әзірге беймәлім.

"Ислам мемлекетіне" осымен төртінші жетекші келді. Ұйымның алғашқы екі басшысы - Әбу Бәкір әл-Бағдади мен Әбу Ибрагим әл-Хашеми әл-Кураши АҚШ әскерінің арнайы операциясы барысында өлтірілген. Әбу Ибрагим әл-Курашидің көзі жойылғанын АҚШ президенті Джо Байден 2022 жылғы 3 ақпанда хабарлаған.

"Ислам мемлекеті" 2010-жылдардың орта тұсында Ирак пен Сирияның ауқымды аумағына бақылау орнатқан. АҚШ пен оның одақтастары, Ирак армиясы, Түркия, Сирия үкіметінің Ресей қолдауына ие күштері жүргізген әскери науқан нәтижесінде ұйым ықпалын жоғалтып, партизандық соғысқа көшті. "ИМ" жақтастары Африкада да қарулы күрес жүргізіп, Еуропада әлсіз-әлсін теракт ұйымдастырып тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG