Accessibility links

"ИМ мүшесінің отбасы". Сирия мен Ирактан оралғандарды қоғамға бейімдеу қалай жүріп жатыр?


Сириядан елге жеткізілген Ақтөбе тұрғыны оңалту орталығында психологпен сөйлесіп отыр.
Сириядан елге жеткізілген Ақтөбе тұрғыны оңалту орталығында психологпен сөйлесіп отыр.

Орталық Азия мемлекеттері Сирия мен Ирактан оралған жүздеген азаматын оңалту шарасынан өткізіп жатыр. Бірақ соғыс көріп, экстремист идеологияның ықпалына түскен әйелдер мен балаларды қалыпты өмірге бейімдеу көп уақыт алуы мүмкін.

АЛДАНЫП ҚАЛҒАНЫН АЙТАДЫ

Қырғызстанның 28 жастағы азаматы Гүлмира төрт жыл бұрын Сириядағы "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремист тобының қол астында өткен азапқа толы өмірі мен сол топқа қосылған күйеуінен қашып, туған жеріне оралған.

Гүлмира (кейіпкердің қауіпсіздігі үшін аты-жөні өзгертілді) Қырғызстаннан Түркияға жұмыс іздеп кеткен. Ары қарай Сирияның ИМ тобы басып алған аймағына көшіп, сол жақта күйеуге тиген.

Қазір алты жыл бұрын Сирияда туған баласымен бірге Қырғызстанда тұрып жатқан Гүлмира ИМ қатарына не үшін қосылғанын түсіндіре алмайды, тек алданып қалғанын айтады.

Сириядан елге жеткізілген бала оңалту орталығындағы сабақта сандарды көрсетіп тұр. Ақтөбе, 30 шілде 2019 ж.
Сириядан елге жеткізілген бала оңалту орталығындағы сабақта сандарды көрсетіп тұр. Ақтөбе, 30 шілде 2019 ж.

Гүлмира енді туған жерінде қайтадан баяғыдағыдай жұрт қатарлы өмір сүргісі келеді. Бірақ Қырғызстанға келгелі күйзелістен арыла алмағанын, мемлекеттен де ешқандай қолдау көрмегенін айтады.

– Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет қызметкерлері ескертусіз келіп, үйіме тінту жүргізеді. Заңсыз ештеңе таба алмаған соң телефоным мен киімдерімді алып кетті. Мені көршілеріме жамандайды. Маған тым болмаса психологиялық көмек берілгенін қалаймын, – дейді Гүлмира.

Азаттық Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінен осы оқиға жайлы сұрағанымен тиісті жауап ала алмады.

Қызыл жарты ай қоры қызметкері Ирактан Қырғызстанға жеткізілген баланы көтеріп тұр.
Қызыл жарты ай қоры қызметкері Ирактан Қырғызстанға жеткізілген баланы көтеріп тұр.

Қырғызстан мен Орталық Азиядағы басқа мемлекеттердің билігі Сирия мен Ирактағы экстремист топ құрамында болған мыңдаған азаматын елге қайтарып, бұрын-соңды кезікпеген жаңа мәселеге тап болғанын мойындайды.

2019 жылдан бері Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстан Сирия мен Ирактан мыңнан астам әйел мен баланы елге әкелген.

Жүздеген азамат ИМ тобы жеңілмей тұрып, яғни 2019 жылға дейін өз бетінше қашып келген.

ОҢАЛТУ ШАРАСЫНЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ МЕН ОҢ НӘТИЖЕСІ

Орталық Азия елдері ИМ тобының қол астында өмір сүрген жылдары талай сұмдықты басынан кешіріп, соғыс, кедейлік пен аштыққа куә болған азаматтарын оңалтудан өткізіп, қоғамға қайта бейімдеуге тырысып жатыр.

Бұл азаматтардың бірқатары экстремист идеологияның ықпалына түскен. Олармен дәрігер, мұғалім, психолог және теолог мамандар жұмыс істеп жатыр.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, оңалту шарасының оң нәтижесін көрген азаматтар да бар.

Бір қазақ әйел елдегі және шетелдегі бірнеше конференцияға қатысып, 2019 жылы Қазақстан өзін бес баласымен бірге Сириядағы босқындар лагерінен елге қайтарып, "екінші мүмкіндік бергенін" айтқан.

ИМ тобына қосылған қазақ азаматының жесірі Сабинелла Аязбаева елге оралған сәттен бастап жаңа өмір бастауға күш салған. Ол Қарағандыдағы сауда орталығына жарты күндік жұмысқа тұрып, университетке психология мамандығы бойынша оқуға түскен. Қазір балалары мектепке оқиды.

Тәжікстанда Сириядан оралған азаматтардың бірқатары мемлекеттің ұйымдастыруымен өткен кездесулерде жастарға экстремист топтарға қосылудың қаншалық қауіпті екенін ескертіп, басынан кешкенін баяндайды.

Ирактан жеткізілген тәжік балаларды ұшақтан түсіріп жатқан адамдар. Душанбе, 30 сәуір 2019 ж.
Ирактан жеткізілген тәжік балаларды ұшақтан түсіріп жатқан адамдар. Душанбе, 30 сәуір 2019 ж.

Бірақ сарапшылар, өкілетті тұлғалар мен оңалту шарасына қатысқан отбасылардың айтуынша, жастармен, әсіресе мектеп жасындағы балалармен жұмыс істеу оңай болмаған.

Қазақстандағы оңалту орталығында жұмыс істеген балалар психологы Сәуле Мұқанова жасы үлкен балалар басында өшпенділік танытып, мұғалімдерін "кәпір" деп атап, оларға тас лақтырғанын еске алады.

Мұқанованың сөзінше, кей балалар ашу-ызасын көрсету үшін өзіне зақым келтірген. Балалардың жаңа ортаға бейімделіп, адамдарға сенім артып, алаңсыз ойнап, теледидар көріп, көңілді жүруге үйренуіне бірталай уақыт кеткен.

Тәжікстанда бір қарт әйел Азаттыққа 2019 жылы Ирактан қайтарылған 90-ға жуық баламен бірге елге оралғаннан немересінің содан бері мемлекеттік жабық мектеп-интернатта тұрып жатқанын айтқан. Баланың әкесі Мосулда бомба түсіп қаза тапқан, ал анасы ИМ тобында болғаны үшін Ирак түрмесінде отыр.

Әжесінің айтуынша, Ирактан жетім оралған бала интернатқа артынан іздеп келген туыстарымен кездескісі келмеген. Қарт әйел немересінің экстремист идеологиямен тәрбиеленіп, соғыста жүрген әкесін қаһарман көріп өскенін айтады.

Бірақ қазір ол интернатта жақсы нәтиже көрсете бастаған. Әжесі жас баланың радикал көзқарасы өзгерер деп үміттенеді.

Биыл Тәжікстан билігі Ирактан елге жеткізген 84 бала бірнеше арнайы мектеп-интернатта тұрып жатқанын хабарлаған. Оларды интернат аумағынан шығармайды, бірақ арасында туыстарымен кездесуге рұқсат береді.

Үкімет балаларды ата-әжесі мен туыстарына қашан беретінін айтқан жоқ.

ҚОҒАМ КӨЗҚАРАСЫ ӨЗГЕРІП КЕЛЕДІ

Әскери қақтығыс аймағынан оралған азаматтардың туған жердегі "жаңа" өмірі медициналық тексерістен өтуден, қажет болса, ем қабылдап, ота жасатудан басталады. Ересек адамдар қауіпсіздік қызметі сұрақтарына жауап береді.

Осыдан кейін олар бірнеше апта бойы оңалту орталығында тұрып, психологтармен және әлеуметтік қызметкерлермен жұмыс істеп, ислам дінін жақсы білетін ғалымдармен сөйлеседі.

Сириядан Қазақстан қайтарылған әйелдер мен балаларға арналған "Шанс" оңалту орталығы, Ақтөбе қаласы.
Сириядан Қазақстан қайтарылған әйелдер мен балаларға арналған "Шанс" оңалту орталығы, Ақтөбе қаласы.

Балалар кәдімгі мектепке бармас бұрын жаңа ортаға бейімделіп, оқып-жазуды үйрену үшін арнайы сыныптарда дәріс алады.

Ольга Рыль Қазақстанда Таяу Шығыстағы соғыс аймағынан оралған балаларды оңалту шарасынан өткізіп, қоғамға бейімдеумен айналысатын "Право" ұйымын басқарады.

Ол 2016 жылы Сириядан экстремист топ қатарында соғысқан азамат пен оның баласы елге оралған кезден бастап қазірге дейін көп нәрсе үйренгенін айтады.

– Одан бері бұл салада көп тәжірибе жинадық, жұмысымыздан да жақсы нәтиже көріне бастады. Бұл балалар аштық пен індеттің куәсі болған, тірі қалу үшін шөп теріп жеген... Бірақ олар оқуға құлшыныс білдіріп, мектептегі басқа қатарластарын қуып жетті, – дейді Рыль.

Репатрианттарды қоғамға бейімдеу жұмыстарына олардың құжаттарын "қалпына келтіру" процесі де кіреді. Елге оралған азаматтардың көбі құжатынан айрылған. Қақтығыс аймағында туған балалардың туу туралы куәлігі жоқ.

Билік өкілдері сондай-ақ әйелдерге жұмысқа тұруға, кәсіби дайындықтан өтіп, әлеуметтік жәрдемақыға өтініш беруге көмектеседі.

– Қақтығыс аймағынан оралған азаматтарға деген қоғам көзқарасы біртіндеп өзгеріп келеді. Басында оңалтудан өткен азаматтар "достарымыз бен көршілеріміз бізден іргесін аулақ салуға тырысады" деп шағынатын, – дейді Өзбекстандағы балаларды әлеуметтік бейімдеу орталығы директоры Уәсила Әлімова.

Көбі ИМ экстремист тобы құрамында соғысқа қатысқан азаматтардың отбасы мүшелерін елге қайтарған биліктің шешімін ашық сынап, оларды "кейінірек жарылатын бомбаға" теңеген.

Қазақстанда кей ата-ана баласының "террористер мен экстремистер ұрпағымен" бір сыныпта оқығанын қаламайтынын айтқан.

– Қазір оларға қатысты дискриминация жоқ деуге болады. Қоғам бұл азаматтарды теріс ағымның құрбаны деп қабылдай бастады. Балаларға келсек, басынан өткен оқиғалар үшін олар жауапты емес, – дейді Әлімова.

Уәсила Әлімова Сирия мен Иракта туған балалар қазір "үйіне" оралғанын, олардың басқа балалармен тең құқықтарға ие екенін еске салады.

Орталық Азия елдерінің ресми өкілдері Сирия мен Ирактағы босқындар лагерінде қалған жүздеген әйел мен баланы елге қайтару жұмысын жалғастыратынын мәлімдеп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG