Сот алқасының апелляциялық инстанциясы 3,5 жыл бұрын қазіргі Ұлытау, бұрын Қарағанды облысына қараған Атасу ауылында үйінің табалдырығында атып өлтірілген белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне байланысты резонансты істі Қарағанды сотында қараудан бас тартты. Сот алқасы бірінші инстанциядағы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырды, ал прокурордың апелляциялық өтінішін орындамады.
Прокурор Медет Жақанов істі Қарағандының мамандандырылған ауданаралық сотына қайта қарауға жіберуді өтінді, себебі істі Қарағанды облысының полиция департаменті қызметкерлері тергеген. Ал айыпталушылардың адвокаттары соттан істі Ұлытау облысында қалдыруды сұраған.
1 желтоқсанда прокурордың өтінішін қараған облыстық сот қылмыстық істі жаңадан құрылған Ұлытау облысына қарайтын сотта қарау қажеттігін алға тартты. Белсенді қаза болған аудан Жаңаарқа ауданы осы облысқа қарайды. Марқұмның туыстары мен айыпталушылар да осында тұрады.
Істі өзге сотта қайта қарауды марқұмның қарындасы Зәуре Бақтыбаева сұраған. Ол істе жәбірленуші танылған. Бақтыбаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәлімдемесінде Қарағанды облысындағы прокурорлар – істі жүргізген Қуаныш Жексенбаев пен Медет Жақановты Қарағандыдан Ұлытау облысына іссапарға жіберуді өтінген. Бас прокуратура жіберген жауабында Қарағанды облысы прокуратурасына Бақтыбаеваның "дәлелдерін ескеруді" және "жағдайды объективті зерттеуді" тапсырғанын айтқан.
—Бауырымды хайуанша өлтіріп кетті. Әділет, заңдылық және сот адалдағы дегенге сенуден қалып барамыз. Істі өзге сотта қарасын. Мүмкін ол жақта әділет болар, – деді Азаттыққа Зәуре Бақтыбаева соттан кейін.
Бұған дейін айыпталушылардың қорғаушылары іс бойынша екі прокурорды ауыстыру туралы өтініш түсірген.
Қазанда Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен белсенді қазасына байланысты шыққан үкімнің күші жойылған. Іс қайта қарауға жіберілген еді. Алайда прокуратура істі Қарағандыда қарауды сұраған.
Сот алқасының мүшелері қатысқан алдыңғы сот талқылаулары бір сотта өткен және әр сот белсенді өліміне айыпталған адамдарды ақтап шыққан. Дегенмен сот екі айыпталушыны белсендінің қаза болмай тұрып бірнеше ай бұрын соққыға жығылуына қатысы барын анықтаған. Осыған дейін үш судья ауысқан.
Ғалы Бақтыбаевты қорқытып-үркіту әрекеттері 2017 жылы, белсенді жемқорлық пен алаяқтыққа байланысты қоғамдық зерттеумен шұғылдана бастағанда жасалған. Үйінің терезесін сындырған, ауласындағы жарықты атқан, қорқытып-үркітетін жазуы бар қағаз тастап кеткен, ұрып-соққан. Бұл іске байланысты полиция ешкімді таба алмады, ал бірнеше айдан соң белсендіні атып кетті.
Халықаралық ұйымдар белсендінің өлімін мұқият зерттеуге үндеген. Қазақстан ІІМ істі "ерекше бақылауға алғанын" айтқанмен белсенді өлімінен кейін 3,5 жылдан соң да ешкім жазаланған жоқ.