Accessibility links

Тәліптер "Америка дауысы" мен Азаттықтың Ауған қызметінің радиосына шектеу қойды


Радио тыңдап отырған ауғандар.
Радио тыңдап отырған ауғандар.

Ауғанстанда билік құрып отырған "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған) "Америка дауысы" (VOA) және Азаттықтың Ауған қызметінің (Азади) радиоларының таралуына шектеу қойды. Бұл туралы тәліптердің үкіметі хабарлады.

"Талибан" екі радионың "контентіне шағым түсті" деп отыр. Тәліптер "журналистика принциптері сақталмады және хабарлар біржақты болды" дейді. Бірақ олар кімнен шағым түскенін, қандай принциптер сақталмағанын ашып айтпады.

"Талибанның" ақпарат министрлігі елдің 13 қаласында Азади радиосының тарауы тоқтағанын жариялады.

"Америка дауысы" сайты "АҚШ үкіметі қаржыландыратын VOA мен Азаттық радиосы ақпаратты бейтарап, баланспен тарататынын" хабарлады.

"Бұл шектеуден Ауғанстанның қай аймақтары хабар ала алмай қалатыны бірден түсінікті болмады. Дари және пушту тілінде хабар 1980 жылдары тарай бастаған, радиомызды Ауғанстанда миллиондаған адам тыңдайды" деп жазады журналистер.

Наурызда "Талибан" Ауғанстанның Tolo, Tolo News және Lamar телеарналарында он жылдан бері шығып келген "Америка дауысының" Ashna TV жаңалықтарын тоқтатып тастаған.

Ауғанстандағы билік тәліптердің қолына өткен соң елдегі журналистер мен ақпарат құралдарына біраз шектеу қойған. Экранға шығатын әйел жүргізушілер маска тағуы тиіс. Тәліптердің шектеуі мен экономикалық қиындықтарға байланысты елде ондаған БАҚ жұмысын тоқтатты. Жүздеген журналист қудалаудан қорқып, елден кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG