Accessibility links

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі қызметінде қалды


Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Ноғаевты Маңғыстау облысының әкімі етіп қайта тағайындады. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.

55 жастағы Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысы жетекшілігіне 2021 жылы қыркүйекте – өңірдегі қуаңшылықтан мыңнан астам ірі қара өліп, аймақта жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жұмысшылар наразылығы жалғасып жатқан тұста келген.

Қаңтар оқиғасы кезінде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев алаңда автогаздың күрт қымбаттауына наразылық білдірген жұрт алдына шыққан. Алайда халықтың әкім жауабына көңілі толған жоқ. Олар Ноғаевтың алаңнан кетуін талап етті.

Маңғыстау әкімі болғанға дейін Ноғаев энергетика министрі болды.

Биыл жазда Тоқаев облыс басшылары, Астана және Алматы мен Шымкент әкімдерін тағайындау кезінде мәслихат депутаттарымен алдын ала келісу туралы ережені бекіткен. Мәслихат депутаттары әкімді президент әкімшілігі ұсынған кандидаттар арасынан таңдайды.

Қазірге дейін жаңадан құрылған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қызметтерінде қалғаны белгілі болды.

Тоқаев 2 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевті қызметінен босатып, оның орнына Нариман Төреғалиевті тағайындаған.

Бір күн бұрын Тоқаев қақаған аязда бірнеше күн жылусыз қалған Екібастұз қаласы қарайтын Павлодар облысының жетекшісі Әбілқайыр Ысқақовты қызметінен босатқан. Қазір Павлодар облысының әкімі міндетін уақытша Олег Крук атқарып жатыр. Ол бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары болған.

27 қарашаға қараған түні 150 мың тұрғыны бар Екібастұзда жергілікті жылу электр орталығындағы қазандықтар істен шығып, ондаған көпқабатты тұрғын үй, сонымен бірге жеке үйлер мен әлеуметтік нысандар 30 градус аязда жылусыз қалған.

Бейсенбі күні сонымен бірге Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Қостанай облысы әкімі болып тағайындалғаны, СҚО әкімі болып Айдарбек Сапаров тағайындалғаны белгілі болды.

XS
SM
MD
LG