Accessibility links

Ресей тағы да Украинаны ракетамен атқылады


Ресей әскері 5 желтоқсанда тағы да Украинаны ракетамен атқылады. Украинаның аннексияланған Қырымнан басқа аймақтарының бәрінде әуе дабылы қағылды.

Ресей бұл жолы да Украинаның энергетика нысандарын шабуылдаған. Шабуылдың кесірінен елдің бірнеше облысында жарық өшіп қалды.

Тараған хабарларға қарағанда, Ресей әскері Украинаға қанатты зымыранмен атқылаған. Ракеталар Каспий теңізінің акваториясынан жіберілгені айтылды.

Бірнеше облыста ракетаға қарсы жүйелер іске қосылды. Запорожье, Одесса, Кривой Рог, Черкассы, Винница, Житомир, Николаев, Хмельницкий, Тернополь, Львов облыстарында жарылыс болды.

Запорожье облысы Новософиевка ауылында бірнеше тұрғын үй қирап, кемі екі адам қаза тапқаны айтылды.

Одесса және Николаев облысында жарық пен ауыз су құбырларының жұмысында ақау болған. Одесса билігі облыста инфрақұрылымның екі нысаны зақымданғанын айтады. Сумы облысында да жарық өшкені хабарланды.

"Украина темір жолдары" компаниясы зымыран шабуылдарына байланысты пойыздар кешігіп жатқанын мәлімдеді. Бірнеше облыста интернет пен байланыс баяулаған. "Укрэнерго" компаниясы энергетика нысандарына зақым келгенін растады.

Молдова ішкі істер министрлігі елдің солтүстігінде Бричани елдімекенінің жанынан ракета сынықтарын тапқанын хабарлады.

  • Ресей бұған дейін 23 қарашада Украина аумағын жаппай зымыранмен шабуылдаған. Ол кезде елдің басым бөлігінде жарық сөніп қалған еді. Одан кейін елде жарық қайта қалпына келтірілген, бірақ көп қалада жарық шектеп беріліп жатыр.
  • Ресей Украинаны бірінші рет 10 қазанда ракетамен атқылаған. Оның алдында екі күн бұрын Қырым көпірі қираған еді. Мәскеу көпірдің бүлінгеніне Украинаны айыптаған. Ал Киев көпірге шабуылды жоққа шығарған.
  • 5 желтоқсан таңертең Ресейдің Саратов облысындағы ресейлік әуе базасына ұшқышсыз дронмен шабуыл жасалған.
  • Украина әскерилері Ресейге ракета шабуылына бірнеше күн дайындық керек деген.
  • Ресей қорғаныс министрлігі бүгін, 5 желтоқсандағы шабуылға қатысты пікір білдірмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG