Accessibility links

Ресей Каспий теңізін соғысқа пайдаланып жатыр. Каспий маңы елдері неге үнсіз?


Каспий теңізі жағалауындағы Турали полигонында өткен "Орталық-2019" әскери жаттығуына қатысып жатқан Ресей әскери техникасы. Дағыстан, Ресей, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Каспий теңізі жағалауындағы Турали полигонында өткен "Орталық-2019" әскери жаттығуына қатысып жатқан Ресей әскери техникасы. Дағыстан, Ресей, 20 қыркүйек 2019 жыл.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жайлы конвенцияға төрт жыл бұрын қол қойған Каспий маңындағы бес ел теңізді бейбіт мақсатта пайдаланып, оны бейбітшілік пен достық аймағына айналдыруға келіскен. Ресей Украинаның азаматтық нысандарын көздеп зымырандар ұшырып, соғысқа пайдаланатын Каспийді "бейбітшілік пен достық теңізі" деуге бола ма? Каспий маңы мемлекеттері неге үнсіз?

РЕСЕЙ КАСПИЙДЕН ҰШЫРҒАН ЗЫМЫРАНДАР ЖӘНЕ БЕЙБІТ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚАЗАСЫ

"Путин зымырандар атып украиндарды өлтіріп жатыр. Бейбіт халық, балалар қаза тауып жатыр. Оның (Путиннің) жауынгерлері баллистикалық және сутегі зымырандармен тұрғын үй, балалар үйі мен перзентханаларды - біздің үйімізді атқылап жатыр". Бұл – Одесса қаласының 28 жастағы тұрғыны Валерия Глоданның әлеуметтік желідегі соңғы жазбасы.

23 сәуірде Валерия мен оның отбасы тұрып жатқан 16 қабат үйді Ресей Каспий теңізінен атқан зымыран қиратты. Ғимараттың төртінші және бесінші қабаттары опырылып, үй өртке оранды. 20 адам жараланып, 8 адам мерт болды. Зымыран төртінші қабатта тұрған бір әулеттің үш буыны: Валерия, оның үш айлық қызы Кира мен Валерияның анасы Людмила Явкинаның өмірін қиды.

Валерияның күйеуі Юрий Глодан үйіне зымыран түсердің алдында ғана отбасына азық-түлік әкелуге дүкенге кеткен. Зымыран шабуылы жайлы естіген бетте үйіне қайтқан Юрий құтқарушылардан өртке оранған пәтеріне кіргізуді талап етті. Пәтеріне кірген соң ол қаза тапқан әйелі мен енесін тапты. Кейін құтқарушылар оның үш айлық қызының мәйітін алып шықты.

Каспийден ұшырылған зымыран бір отбасындағы үш буынның өмірін қиғанын бүкіл әлем Украина президенті Владимир Зеленскийдің кешкі видеомәлімдемесінен естіп білді. "Үш айлық шақалақ Ресейге қандай қауіп төндірді? Балаларды өлтіру – Ресей федерациясының жаңа ұлттық идеясына айналғандай" деді ол.

Бұл – сол уақытта ұрыс аймағынан алыстағы адамдар қаза тапқан алғашқы оқиғалардың бірі еді. Соғыс Одессадан жүздеген шақырым жердегі оңтүстік аудандар − Херсон, Запорожье, Николаев облыстарында жүріп жатқан. Бірақ Ресей соғыс аймағынан шалғайдағы азаматтық нысандарды атқылауын тыйған жоқ.

3 мамырда Каспий аумағынан ресейлік Ту-95 стратегиялық зымыран таситын ұшақтар нысанаға дәл тиетін зымыранмен Львов, Днепропетровск, Кировоград, Винницк, Киев және Закарпатье облыстарындағы инфрақұрылымды атқылады. Елдің батысы мен орталығындағы теміржолда жарылыс болып, пойыздар тоқтады. Бірқатар өңірде электр өндіретін нысандар істен шығып, тұрғын халық жарықсыз қалды.

26 маусымда Ресей Каспий аумағынан Ту-95 және Ту-160 зымыран таситын ұшақтарынан нысанаға дөп тиетін алты Х-101 зымыранмен Киевті атқылады. Украинаның әуе шабуылынан қорғаныс жүйесі кей зымыранды атып түсіргенімен, бірі Киевтегі тұрғын үйге түсіп, бір адам қаза тапты, бес адам жараланды.

Ресей Каспийден топтап зымыран атуды шілде, тамыз, қыркүйек айларында жалғастыра берді. Қазан және қараша айларында Ресей әскері майдан шебіндегі сәтсіздіктен кейін оңтүстік және шығыста басып алған жерден шегінген соң, зымыран шабуылын тіпті үдетті. Мәскеу жаудырған зымырандар (Ресей оларды Каспий теңізіндегі зымыран таситын ұшақтардан, Қара теңіздегі кемелерден және Ростов облысынан нысана көздеп ұшырған) Украина аймақтарындағы энергетика және су нысандарын істен шығарды, миллиондаған адам сусыз, жарықсыз қалды. 10 қазандағы зымыран шабуылдарынан кейін Ресей қорғаныс министрлігі әскери мақсаттағы нысандар мен энергетика жүйесіне жасалған соққы "нысанаға дәл тигенін" хабарлады.

Каспийден Қара теңізге бет алған Ресей әскери теңіз күштерінің десант кемелері. Дон өзені, Ростов, Ресей, 12 сәуір 2021 жыл.
Каспийден Қара теңізге бет алған Ресей әскери теңіз күштерінің десант кемелері. Дон өзені, Ростов, Ресей, 12 сәуір 2021 жыл.

КАСПИЙ МАҢЫ МЕМЛЕКЕТТЕРІ НЕГЕ ҮНСІЗ?

Осыдан төрт жыл бұрын Каспий жағалауындағы бес ел − Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей мен Түркіменстан басшылары 22 жылға созылған келіссөзден кейін Каспий теңізінің құқық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойды. Конвенция Каспий маңы мемлекеттерінің теңіздің суын, түбін, жер қойнауын, табиғи ресурстарын және теңіз бетіндегі әуе кеңістігін пайдалануға қатысты құқықтары мен міндеттемелерін айқындайды. Құжатқа сәйкес, тараптар теңізді тек бейбіт мақсатта пайдалануға келіскен.

"Біз Каспийді достық теңізіне айналдыра алдық". Бұл – төрт жыл бұрын Ақтауда өткен Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары саммитінде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Каспий теңізінің құқық мәртебесін жетістікке балаған сөзі. Назарбаев меңзеген "достық теңізі" сол конвенцияның 3-бабында бекітілген еді: тараптар теңізді "бейбіт мақсатта пайдалану, бейбітшілік, тату көршілік, достық және ынтымақтастық аймағына айналдыруға" келіскен.

Бұл кездесуде өзге елдің басшылары да конвенцияны көкке көтере мақтады. Иранның сол кездегі президенті Хасан Роухани конвенцияны қабылдап қана қоймай, оны ойдағыдай іске асыру маңызды екенін жеткізді. Ал конвенцияны "тарихи құжат" деген Әзербайжан президенті Илхам Әлиев теңізді "тұрақтылық пен қауіпсіздік аймағы" деп атады. Құжатты "дәуір оқиғасы" деп бағалаған Ресей президенті Владимир Путин конвенция "Каспий тек бейбіт мақсатта пайдаланылатынына кепілдік береді" деп кесті.

Путиннің бұл сөзінен төрт жыл өткенде Ресей Каспий айдынын Украинаға зымыран ұшырып, соғысқа пайдаланатын аумаққа айналдырды, бірақ Каспий жағалауындағы мемлекеттер осы күнге дейін бұған реакция білдірмеді.

Мәскеу маусым айының аяғында топтап зымыран атқан оқиғадан кейін Украина сыртқы істер министрлігі үндеу жариялап, Әзербайжан, Иран, Қазақстан мен Түркіменстанды реакция танытып, Мәскеуді "Каспий теңізінің құқық мәртебесі туралы" конвенцияны орындауға мәжбүрлеуге шақырған.

Бұл мәлімдеменің қарсаңында Ашғабатта Әзербайжан, Иран, Ресей, Қазақстан мен Түркіменстан басшыларының қатысуымен алтыншы Каспий саммиті өтті. Саммит аяғында қабылданған коммюникеге қарағанда, жағалау мемлекеттері Каспий теңізін бейбіт мақсатта пайдалану қағидасын қайта растаған. Бірақ жиынға қатысқан басшылардың ешбірі Ресейдің Каспийді соғысқа пайдалану мәселесін көтермеді.

Каспий теңізі жағалауындағы Турали полигонында өткен "Орталық-2019" әскери жаттығуына қатысып жатқан Ресей сарбаздары мен әскери техникасы. Дағыстан, Ресей, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Каспий теңізі жағалауындағы Турали полигонында өткен "Орталық-2019" әскери жаттығуына қатысып жатқан Ресей сарбаздары мен әскери техникасы. Дағыстан, Ресей, 20 қыркүйек 2019 жыл.

КҮШІНЕ ЕНБЕГЕН КОНВЕНЦИЯ, РЕСЕЙГЕ ТӘУЕЛДІЛІК ЖӘНЕ АГРЕССОРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАУ

Азаттық "Қазақстан Ресейдің Каспий теңізі аумағынан Украинаны зымыранмен атып, Каспий конвенциясының ережелерін бұзғанына неге реакция білдірмеді?" деген сауалды Қазақстан сыртқы істер министрлігіне жолдаған. Сыртқы істер министрлігі Азаттыққа жауабында "Конвенцияның барлық ережесі, оның ішінде 3-баптың 2-тармағы (Каспий теңізін бейбіт мақсатта пайдалану, оны бейбітшілік, тату көршілік, достық және ынтымақтастық аймағына айналдыру, Каспий теңізіне байланысты барлық мәселелерді бейбіт жолдармен шешу) тек Каспий маңы мемлекеттерінің арасындағы қарым-қатынасына бағытталған және үшінші мемлекеттермен әрекеттесу саласын реттемейді", − деп жауап берген.

Сарапшылардың айтуынша, конвенция расында да тек қатысушы тараптардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге ғана бағытталған. Конвенцияға сәйкес, Каспий маңы мемлекеттері бір-бірінің аумақ тұтастығы мен тәуелсіздігін құрметтеуге, бір-біріне күш қолданбауға және бір-бірінің ішкі ісіне араласпауға міндеттелген. Конвенцияда үшінші мемлекеттерге байланысты тек бір ғана жайт қамтылған. Ол – теңізде тараптарға тиесілі емес, үшінші елдердің қарулы күштері орналаспауға тиіс.

"Каспий жағалауындағы мемлекеттер Ресей кемелері теңіздегі халықаралық суда немесе Ресейге тиесілі аумақта жүр дегенді басшылыққа алатын сияқты. Жағалаудағы елдердің [үшінші елдерге қатысты] мойнына алған жалғыз міндеті – сыртқы күштерді орналастырмау", − дейді АҚШ-тағы Jamestown қорының сарапшысы Пол Гобл.

Каспий конвенциясын зерттеген Польшадағы Вармия және Мазур университеті құқық және басқару факультетінің профессоры, адвокат Михал Петкевич (Michał Pietkiewicz) Каспий конвенциясы тек аймақтық құжат, жағалаудағы елдерге арналған жабық жүйе екеніне назар аударады. Сондықтан, оның айтуынша, іс жүзінде Ресей Каспий маңы мемлекеттеріне қарсы конвенция ережелерін бұзған жоқ.

"Преамбулада тараптар теңізге қатысты мәселелер шешімі тараптардың айрықша құзыретіне жатады делінген. Сондықтан Каспийдегі Ресей аумағынан конвенцияға қатыспайтын үшінші мемлекетке қарсы жүргізілетін әскери іс-қимыл "бейбіт мақсаттты" бұзу болып есептеле ме? Ол үшін Ресей Әзербайжан, Иран, Қазақстан мен Түркіменстанға қарсы БҰҰ жарғысында айтылған халықаралық құқық принциптеріне қайшы әрекеттерге барды ма, олардың аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қатер төндірді ме деген сұрақ қою керек. Мұның жауабы – жоқ", − дейді Петкевич.

Сыртқы істер министрлігі Азаттыққа жолдаған жауабында конвенция күшіне енбегенін, сондықтан "Қазақстанның Ресей тарапынан конвенция ережелерін ұстануды талап етуге құқықтық негіз жоқ" екенін келтіреді. 2018 жылы Каспий жағалауындағы бес мемлекет конвенцияға жария түрде қол қойып, кейінірек құжатты Ираннан өзге мемлекеттер ратификациялаған. Иран құжат мемлекеттің стратегиялық мүддесіне сай келмегендіктен әрі теңіз суларында мемлекеттің егемен аймағын бөлетін бастапқы сызықтарды белгілеу мәселесі шешілмегендіктен, конвенцияны ратификациялаудан бас тартты.

Михал Петкевич Иран конвенцияны ратификацияламаса да, Каспий жағалауы елдерінің зымыран ұшыруға алаңдаушылық білдірмеуіне мұның еш қатысы жоқ деп есептейді. Себебі жағалаудағы мемлекеттердің әрқайсысы тәуелсіз және өз бетінше әрекет ете алады.

Каспий маңы мемлекеттері Ресейге жауап беру үшін Каспий конвенциясына сүйене алмаған күннің өзінде басқа халықаралық құжаттарды басшылыққа ала алады. Себебі жағалаудағы елдердің бәрі БҰҰ-ға мүше. Петкевич бұл ретте Каспий маңы мемлекеттері геноцидке, әскери қылмыс пен адамзатқа қарсы қылмысқа тыйым салатын халықаралық құқық нормаларына сүйеніп, теория жүзінде Ресейге шара қолдана алады дейді.

Бірақ сарапшылардың бағамдауынша, жағалау мемлекеттерінің әскери зымыран қолдануға үн қатпауының басты себебі − Ресейге тәуелділік. Каспий маңы мемлекеттері Ресей бастаған одақтарға мүше. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Еуразия экономика одағына кіреді. Ел Ресей импортына тәуелді, Қазақстан импортындағы Ресей үлесі 38 пайызға тең. Қазақстан мұнайының Еуропаға экспорты Ресей аумағы арқылы өтеді. Ресей жыл басынан бері қазақ мұнайын өз аумағы арқылы экспорттайтын Каспий құбыр консорциумының жұмысын төрт мәрте ішінара немесе толық тоқтатты. Сарапшылар мұны Қазақстанның Украинадағы соғыста Ресейді қолдамауымен байланыстырған.

Түркіменстан мен Әзербайжан ТМД-ға мүше, екі елдің де Ресеймен сауда-экономика қарым-қатынасы жолға қойылған. Ресей Украинаға басып кіргелі Тегеран мен Мәскеу әскери техника саласындағы әріптестікті нығайта түсті. Батыс баспасөзі Иран Ресейге әскери дрондар бергенін хабарлаған. Украинаның айтуынша, әскери қызметкерлер Иранда шығарылған 300-ден астам әуе аппаратын атып түсірген. 16 қазанда Washington Post Иран Ресейге тек дрон ғана емес, баллистикалық зымырандар да бергенін хабарлаған.

Каспийден Еділ-Дон каналы арқылы Азов теңізіне бара жатқан Ресей әскери теңіз күштері кемелері.
Каспийден Еділ-Дон каналы арқылы Азов теңізіне бара жатқан Ресей әскери теңіз күштері кемелері.

Украина қарулы күштері бас штабы барлау қызметі басшысының орынбасары Вадим Скибицкий Ұлыбританияда шығатын The Economist басылымына берген сұхбатында Иран зымырандары әуе арқылы Ресей аннексиялаған Қырымға, теңіз жолымен Каспийдегі Ресей порттарына жеткізілетінін хабарлады. The Economist Ресей бұл зымырандарды алған соң әуе шабуылын үдете түседі деп болжайды.

"Бұл жердегі мәселе Украина үшін жауапкершілікті сезіну және Украинаға қолдау білдіру немесе білдірмеу. Ресейдің Азия мен Шығыс Еуропадағы рөлін жете бағаламауға болмайды. Кей мемлекеттер мұнай және газ тасымалынан айырылып қалудан қорқады. Сондықтан кей мемлекеттер жеке мүддесін ғаламдық ахуалдан жоғары қояды. Бірақ халықаралық құқық нормаларын бұзу жайлы үн қатпау агрессорға басқа елдердің аумағына, оның ішінде үндемей отырған елдерге басқыншылық жасауға жол ашады" дейді Петкевич.

"Меніңше, Ресейдің Каспийді [соғысқа] пайдаланып жатқаны конвенциядағы ережелерге қайшы болмаса да, ымыра мәніне қайшы екенін жағалаудағы елдер ашық жеткізуі керек. Бірақ олардың ешқайсысы мұны жеке-дара, өз бетінше жасамайды. Ұжымдық демарш болады деп те ойламаймын" дейді Пол Гобл.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG