Accessibility links

Мәскеу ядролық қаруымен сес көрсетті, атом бомбасынан бас тартқан Қазақстан қателесті ме? "Атом улаған дала" кітабының авторымен сұхбат


1953 жылы 11 тамызда Семей полигонында Совет одағының бірінші термоядролық бомбасы – РДС-6 сыналды. Бомба қуаты 400 килотонна болды.
1953 жылы 11 тамызда Семей полигонында Совет одағының бірінші термоядролық бомбасы – РДС-6 сыналды. Бомба қуаты 400 килотонна болды.

Тоғжан Қасенова "Атом улаған дала" кітабын он бес жыл бойы жазып, кейінгі алпыс жылда ядролық қауіп күшейген тұста жариялады.

Ядролық саясат жөніндегі сарапшы, ғалым Тоғжан Қасенованың жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған елдің портретін жасаған "Атом улаған дала" ғылыми еңбегі кең танылып жатыр.

Мәскеудің әлемдегі ең ірі ядролық арсеналға қол жеткізу жолы автордың отанында, Қазақстан жерінде басталған.

Қасенованың алғашқы сынақ туралы сипаттамасы әрі еліктіріп, әрі қорқыныш ұялатады. Бұл ядролық сынақтар Совет одағына АҚШ-тан ядролық тұрғыда басым түсуге мүмкіндік берген еді. Ол кітапта Семей полигонында қырық жылға созылған ядролық сынақтың аудан мен сондағы халыққа ауыр зардап тигізгенін жазады.

Тоғжан Қасенова "Атом улаған дала" кітабының тұсаукесерінде. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.
Тоғжан Қасенова "Атом улаған дала" кітабының тұсаукесерінде. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.

1949-1989 жылдары Совет одағы аумағы Бельгиямен пара-пар полигонда 450-ден астам ядролық сынақ өткізген. Бұл – Мәскеудің Совет кезеңіндегі сынақтарының үштен екісінен астамын құрайды.

1980 жылдары Қазақстанда ядролық қаруға қарсы қозғалыс пайда болды. Қасенова мұны "қазақ біртұтастығының қайта жандануы" деп сипаттайды. Бұл процесс Ресейдің Украинаға басқыншылығынан соң жаңа белеске өткендей болды.

"Атом улаған дала" кітабына Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуына ықпал еткен саяси процестер туралы зерттеу арқау болған. Әлемдегі ең ірі екі ядролық держава саналатын АҚШ пен Ресей талабымен Совет одағының ядролық арсеналы Қазақстан, Украина, Беларусь елдеріне өтуі тиіс еді.

Бірақ Ресейдің Украинадағы соғысы, оның көрші елдерге деген ұстанымы мен президенті Владимир Путиннің соғыстағы сәтсіздіктерден соң ядролық қаруды айтып сес көрсетуі ядролық қарудан бас тарту шешімін жаңа қырынан көрсетті.

Совет одағы өзінің алғашқы атом бомбасын 1949 жылы 29 тамызда Семей полигонында жарды. Батыс әлемінде оны "Джо-1" деп атады. Ол – Нагасикеге тасталған плутоний бомбасының көшірмесі еді. Қуаты 20 килотонна болды.
Совет одағы өзінің алғашқы атом бомбасын 1949 жылы 29 тамызда Семей полигонында жарды. Батыс әлемінде оны "Джо-1" деп атады. Ол – Нагасикеге тасталған плутоний бомбасының көшірмесі еді. Қуаты 20 килотонна болды.

Вашингтонда тұратын Қасенова – Олбанидегі Нью-Йорк штаты университетінің халықаралық қауіпсіздік, сауда және экономикалық басқару жобасының ғылыми қызметкері, Карнеги қорындағы ядролық саясат бағдарламасының стипендиаты. Ол – Азаттық радиосына берген сұхбатында тәуелсіздігін енді алған кезде Қазақстан, Украина мен Беларусьтің әлем үшін және өздері үшін дұрыс шешім қабылдағанын айтты.

Азаттық: Жуырда Алматыда сөйлеген сөзіңізде сіз Қазақстанның солтүстік-шығысындағы ядролық сынақ халықтың басынан өткерген оқиғасы емес, әлі да зардабын тартып жатқан жағдай дедіңіз. [Сынақтардың] полигон маңындағы аудандарда тұратын халыққа ұзақ мерзімдегі әсері туралы айтып бере аласыз ба?

Тоғжан Қасенова: Семей ядролық полигонындағы соңғы ядролық сынақтан бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де, адамдар әлі де оның зардабын тартып жатыр. Бұрынғы полигон маңындағы ауылдарға барсаңыз, Совет одағы жүргізген ядролық сынақтардың ауыр салдарын көресіз.

Радиациялық медицина және экология институтының Семейде жүргізген зерттеуі ядролық полигон маңындағы иондалған сәулеленуге ұшыраған адамдардың екінші және үшінші ұрпағы арасында өлім деңгейі мен рак ауруына шалдығу көрсеткіші жоғары екенін көрсеткен.

Ауданға барғанда үш нәрсені байқадым: қарт адамдар жоқтың қасы, көбі зейнетақы жасына жетпейді; саусағы артық немесе кем сияқты көзге көрініп тұратын денсаулық мәселелері, онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларды кездестіресіз; әр отбасында ата-анасының, балаларының, достарының немесе сыныптастарының ауыр оқиғасы бар.

Имидж жобаларына миллиондаған доллар бөлетін елдің ядролық сынақ зардабын тартқандарға көңіл бөлмейтіні қынжылтады

Қазақстанның басқа да ауылды жерлері секілді, аудандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай өте нашар. Кей жерлерде су құбыры мен заманауи кәріз жоқ. Ядролық сынақ салдары аздай, тұрмыс төмен, жұмыс жоқ, медициналық қызмет шектеулі. Олар ем алу үшін Астанаға немесе Семей қаласына баруға мәжбүр. Шынымды айтсам, керемет астанасы бар және имидж жобаларына миллиондаған доллар бөлетін елдің ядролық сынақ зардабын тартқандарға көңіл бөлмейтіні қынжылтады.

Азаттық: Қазақстан секілді Украина да қырғи-қабақ соғыстың аяғында ядролық арсеналдан бас тартқан. Тарих ядролық қаруы бар елдер арасындағы шиеленістердің сирек болатынын көрсетті. Украинада не болып жатқанын ескерсек, оның халқы сол шешімге өкінуі керек деп ойлайсыз ба?

Тоғжан Қасенова: Жоқ. Ядролық арсеналдан бас тарту дұрыс шешім болды. Ол кезде Қазақстан мен Украинаның қандай жағдайда болғанын еске алайық. Олар тікелей шетел инвестициясын алу, шетел технологиялары мен халықаралық нарыққа жол табу үшін жақсы шарттармен халықаралық қауымдастыққа кіруі керек болды. Қабылданған нормаларға қарамастан, ядролық клубқа енуге тырысса, аластатылған елге айналар еді. Ядролық қару бағдарламасы олардың проблемасын шешіп бермейтін еді. Бұл Қазақстан мен Украинаның қажеттіліктерін қанағаттандыруға, атап айтқанда, экономика құруға, СССР құлаған соң әлеуметтік саяси дағдарыстарды шешуге, егемендігін нығайтуға бөгет жасар еді. Қазақстан үшін ядролық қарудан бас тарту халқына қиыншылық әкелген Совет бағдарламасынан шығу арқылы ұлттық бірегейлікті құрудың маңызды бөлігі болды.

Қазақстан, Украина мен Беларусь ядролық қарудан бас тартқаны үшін егемендігі мен жер тұтастығының қауіпсіздігіне кепілдік алғанын да айта кету керек.

Будапешт меморандумына қол қойған тараптардың бірі Ресей Федерациясының халықаралық нормалар мен өзінің уәдесін өрескел бұзғаны – басқа әңгіме.

Ресейдің Украинаға басқыншылығынан туған қазіргі жаһандық шиеленіс жалғыз ақиқатты су бетіне шығарды: ядролық қару барда, бүкіл елдің халқы тұтқын болып қала береді.

Азаттық: Астана соғыс басталғалы бейтарап болып, Ресейді тікелей сынаудан тартыншақтап отыр. Қазақстанның ядролық тарихын ескерсек, билік Ресейдің Украинада ядролық қару қолдануына қандай реакция білдіреді деп ойлайсыз?

Тоғжан Қасенова: Қазақстанның ұстанымы халықаралық нормаларға сай келеді. Қазақстан билігі Ресейдің Украинада ядролық қару қолдануына түбегейлі қарсы болады деп ойлаймын. Билік үшін сөйлей алмаймын, бірақ қазақстандық ғалымдар мен белсенділердің жаңа буынынан естігенімді айтып бере аламын. Олар да "Ресей Украинада істегендей басқа елдің ядролық объектілеріне қол сұққан мемлекетті ядролық террорист ел деп қарастыруымыз керек пе?" деген мәселені қарастырып жатыр.

Азаттық: Қазақстан өзін ядролық дипломатия саласының үздігі ретінде көрсетеді. Кейінгі он жылда Иранның ядролық бағдарламасы жөнінде келіссөз өткізіп, өз жерінде халықаралық қолданыс үшін төмен байытылған уранның банкін құру туралы халықаралық атом энергиясы агенттігімен әріптестік орнатты. Ядролық қарудан бас тарту саясаты бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табынудың бір бөлігіне айналды деп айта аламыз ба?

Тоғжан Қасенова: Семей ядролық полигонының жабылуына немесе ядролық қару тағдыры туралы келіссөздерге қатысы бар адамдар туралы аз естуіміздің бірнеше себебі бар. Бірінші себеп – Қазақстанның заманауи тарихын кейіптеу. Нұрсұлтан Назарбаев бұл істі жалғыз өзі жүзеге асырған деген секілді әдейі жасалған миф көп. Тарихи жазбалардың Назарбаевқа қарай бұрмаланғанын, ұлтты құруға үлес қосқан басқа адамдардың назарға алынбағанын өкінішті санаймын. Мұны айта келе, соңғы шешімді қабылдаған бірінші президенттің де лайықты бағасын беру керек деп есептеймін. 1990 жылдардың басында Назарбаев Мәскеумен, Вашингтонмен және басқа да әріптестерімен қарым-қатынаста саяси қарым-қабілетін көрсетті. Ғалым ретінде Қазақстандағы дискурс мүлде басқа арнаға ауысып, қазір тамыр-таныстық, жемқорлық пен саяси оппозицияны басып жаншудың айнасына айналған Назарбаевтың игі істері жоққа шығарыла ма деп алаңдаймын.

Ядролық қозғалыс жетекшісі Олжас Сүлейменов саяси тұлғаға айналып, Назарбаевтың қарсыласы атана ма деген қауіп болды

Кейбір адамдардың көлеңкеде қалып қоюының тағы бір себебі саяси бәсекеге байланысты болды. Мысалы, ядролық қозғалыс жетекшісі Олжас Сүлейменов саяси тұлғаға айналып, Назарбаевтың қарсыласы атана ма деген қауіп болды. Мысалы, бұрынғы мемлекеттік кеңесші, ұлттық қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Төлеген Жүкеевті алсақ та болады. 1990 жылдары Назарбаев ядролық мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге тырысқанда, қасында Жүкеев болды. Бірақ оның есімі ресми құжаттарда айтылмайды. Неге? Жүкеев биліктен кетіп, оппозицияға қосылды. Оның мемлекетті құруға, оның ішінде ядролық қарудан бас тартуға қосқан үлесі жоққа шығарылып кетті.

"Атом улаған даланы" жазудағы құлшынысымның бірі Қазақстанның ядролық тарихын басқа қырынан жазу және Қазақстанның заманауи тарихына Назарбаевтан басқа адамдарды қосу болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG