Accessibility links

Алматы соты Шыңжаңдағы туыстарын іздеп, наразылыққа шыққандарға тағы да айыппұл салды


Алматы полициясы Қытай консулдығы алдына Шыңжаңдағы туыстарына араша түсіп, наразылық ұйымдастырғандарды ұстап жатыр. 5 желтоқсан 2022 жыл
Алматы полициясы Қытай консулдығы алдына Шыңжаңдағы туыстарына араша түсіп, наразылық ұйымдастырғандарды ұстап жатыр. 5 желтоқсан 2022 жыл

Бүгін, 6 желтоқсанда Алматы қаласының әкімшілік соты Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап Қытай консулдығы алдында бейбіт наразылық өткізген Ақиқат Халиолла, Халида Ақытхан және Нұрзат Ермекбайға айыппұл салды. Ал Шынәділ Жаңбырбайға ескерту жасады.

Сот төртеуін "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп айыптаған (Қазақстанда кез келген бейбіт наразылық ұйымдастыру үшін алдымен әкімдікке ескерту керек, әкімдік рұқсат етпеген митингілер заңсыз деп танылады).

Ақиқат Халиолла, Халида Ақытхан, Нұрзат Ермекбай және Шынәділ Жаңбырбайға 5 қарашада түстен кейін Алматыдағы Қытай консулдығына барып, Шыңжаңда қалған туыстарын Қазақстанға жіберуді талап етпек болған. Оларды полицейлер ұстап, Медеу аудандық полициясында төрт сағат ұстап, кешкі жетілер шамасында босатқан еді.

- Нұрзат апай Ермекбайға 30 АЕК көлемінде (91890 теңге – Ред.), маған 50 АЕК көлемінде (150 мың теңге – Ред.) айыппұл салды. Сосын сотқа мұндай айыппұлды төлеуге шамамның келмейтінін, оның орнына бірнеше тәулікке қамауды сұрадым. Шыңжаңда қалған жақындарымызға араша түсіп, наразылық өткізіп жүргенімізге 300 күнге таяп қалды. Қытай билігі біздің үнімізге назар аударар емес. Ал Қазақстан билігі бізді қамау, ұстау, айыппұлмен шектеліп отыр. Сотқа соны айтып "Қамаңдар, қалған наразылықты түрмеде жасайын" дедім. "Ойласайық" деп сот залынан шығып кетті де, бес минуттан кейін келіп, салған айыппұлдың 30 пайызын шегергенін, 107 мың теңге төлеуге шешім шығарғанын айтты, - дейді Ақиқат Халиолла.

Ал 70 жастан асқан Халида Ақытхан сот өзіне 20 АЕК мөлшерінде (шамамен 60 мың теңге) айыппұл салғанын айтады.

- Алатын зейнетақым 40 мың теңге көлемінде. Сотқа "айыппұл төлейтін шамам жоқ" дедім. Сот "сізге ең аз мөлшерде салып отырмыз" деді. Үш балам [Шыңжаңда] қамауда. Он төрт немерем мен үш келінім Шыңжаңда қалды. Мен соларды іздеп жүрмін, - дейді Халида Ақытхан.

Азаттық бұл іс бойынша ақпарат алмаққа Алматы қаласы сотына қайырылды. Ал сот актілері сайтында бұл істердің шешіміне қатысты ақпарат әлі шыққан жоқ.

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүрген топтың Алматыдағы Қытай консулдығы алдында 5 желтоқсанда 667-күн наразылық өткізді. Олардың наразылығы 2021 жылдың ақпанынан басталған еді. Кейінгі уақытта полиция оларды консулдық қақпасына жолатпай жүр. Наразылық ұйымдастырып жүргендер "Шыңжаңда туыстарымыз үйқамақта я түрме, лагерьде. Олар жақындарымызды Қытай билігі Қазақстанға жібермей отыр" дейді.

Қытай консулдығынан наразылардың алдына осы күнге дейін бірде-бір адам шықпаған. Қытайдың Қазақстандағы ешгісі Чжан Сяо 2021 жылы наурызда Шыңжаңда ұсталғандар "Қытай азаматы" және "Қытай заңын бұзғандар" деген. Наразылар елшінің бұл сөзін сынға алып, оны елден шығаруды талап еткен.

Қытай консулдығы алдында наразылыққа шығып жүргендер "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен бірнеше рет айыппұлмен жазалғанған.

БҰҰ мен халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары 2017 жылдан бері Қытай билігі Шыңжаңда саяси қайта тәрбиелеу лагерьлерін ашып, миллионға жуық ұйғыр, қазақ және түркітілдес халықтарды қамады деп мәлімдеген. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталықтары" деген. Ал лагерьде отырып шыққан ұйғырлар мен қазақтар қамауда қысым көріп, сақшылар қинағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG