Accessibility links

Бас прокуратура: Қаңтар бойынша мыңнан астам адамға рақымшылық жасалды


Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.
Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.

Қаңтар оқиғасы бойынша мыңнан астам адамға рақымшылық жасалды. 14 желтоқсан күнгі брифинг кезінде бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов осылай деп мәлімдеді.

"Қазіргі кезде 1071 адамға рақымшылық жасалды. Атап айтқанда, тергеу органдары сотқа дейінгі кезеңде орташа ауыр қылмыс жасаған 8 күдіктіге қылмыстық қудалауды тоқтатты. Ал сотта тоғыз адамға қылмыстық істерді тоқтатты. Үкім шығарған кезде 77 адамның жаза мерзімі қысқартылды. Соттар сонымен бірге 902 сотталушының жаза мерзімін қысқартты. Оның 827-сі есеп беретін пробациядан, ал 75-і жазадан босатылды" деді Елдос Қилымжанов.

Оның айтуынша, өткен айда рақымшылық заң аясында 60 адам – түрмеден, 68 адам пробациялық бақылаудан босатылған.

Қараша басында елде Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заң күшіне енген. Құжатқа сәйкес, 4-7 қаңтар күнгі "заңбұзушылықтарға қатысы бар" 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінеді деп айтылған. Құжат жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасағандардың барлығын қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды, ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасап, сонысын мойындағандардың жазасын қысқартуды ұсынады.

Бұған дейін құқық қорғаушылар рақымшылық Қаңтар кезінде бейбіт халыққа оқ атқандарды жауаптан жалтаруға жағдай жасайды деп қауіптенген. Себебі, заң жобасы бойынша "қорғану мақсатында" немесе "кездейсоқ адам өлтіру" бабы бойынша айыпталғандар да рақымшылыққа ілінуі мүмкін.

Ал бұған дейін бас прокуратура өкілдері Қаңтар бойынша айыпталған 49 полицейдің біреуі ғана рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін айтқан.

Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар халыққа оқ атқан күштік құрылым өкілдерінің істері "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша қаралып жатқанына да наразы.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасына байланысты сот процестері Қазақстанда жүріп жатыр.

Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов сәрсенбілік брифинг кезінде елде Қаңтар оқиғасына байланысты 5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелгенін айтты.

"Жаппай тәртіпсіздікке қатысу және ұйымдастыру фактісі бойынша 131 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі тіркелген. Осы қылмыстарды жасағаны үшін 931 адам күдікті танылды. 96 адам қамауда. 481 адам сотталды" деді ол.

Ол Қаңтар оқиғасына қылмыстық топтардың қатысы бары анықталғанын тағы еске салып, "барлығы қылмыстық топтың 24 мүшесі жауапқа тартылып жатыр" деді.

Қантөгістен кейін елде мыңнан астам адам ұсталып, көбіне "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айыптап тағылған. Айыпталғандар арасында азаматтық белсенділер де бар. Бұған дейін кейбір айыпталушылар мен туыстары тергеудің әділетсіздігіне шағымданған. Қаңтар кезінде қаза болған азаматтардың туыстары жақындарын ақтауды талап етіп, оларға оқ атқандарды табуды талап еткен. Ресми Астана оқиғаны тергеуге халықаралық сарапшыларды тарту туралы ұсыныстан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG