Accessibility links

Шымкент сотында бақылаушылар тізімін сұраған полковникке қарсы арыз қаралды


"Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Аманұлла Раманқұл
"Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Аманұлла Раманқұл

Шымкенттегі әкімшілік құқықбұзушылық бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта "Мұқалмас" қоғамдық бірестігі өкілінің қалалық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы, полковник Ернар Алтаевтың үстінен жазған арызы бойынша сот отырысы өтті. Ұйым өкілдері судьяға қарсылық білдіріп, істі қарау кейінге қалды.

Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына екі күн қалған 18 қараша күні "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша жетекшісі Аманұлла Раманқұлға сұраныс хат келген. Хатта Шымкент қалалық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Ернар Алтаев "қызметтік қажеттілікке байланысты" және "Шымкент қаласында заңбұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында" президент сайлауын бақылайтын тәуелсіз бақылаушылардың тізімін жіберуді сұраған.

Ұйым өкілі Конституцияның 5-бабы 2-бөліміне (Қоғамдық бірлестіктер ісіне мемлекеттің және мемлекет ісіне қоғамдық бірлестіктердің заңсыз араласуына жол берілмейді) сәйкес, полковниктің өтініші заңсыз екенін жазып, тәуелсіз бақылаушылар тізімін жолдаған. Бірақ мемлекеттік органдар тізімдегі азаматтардың конституциялық құқығын бұзған жағдайда жауапкершілік болатынын ескерткен.

– Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының тәуелсіз бақылаушыларға не қатысы бар? Әлде бақылаушыларды сайлауға жібермеу, тізімін алу, олармен жұмыс істеу туралы нұсқаулық бар ма? Бұл – қызметін асыра пайдалану ғой, – деді Раманқұл Азаттыққа.

Ұйым өкілінің айтуынша, тәуелсіз бақылаушы болып тіркелген 11 адамның алтауы сайлауды бақылауға қатыса алмаған. Белсенді мұны полицияның әрекетімен байланыстырады.

Сайлаудан кейін "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері Әкімшілік кодекстің 126-бабы ("Сайлауда кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің және байқаушылардың заңды қызметіне кедергі келтіру") бойынша сотқа арызданған.

Жауап беруші тұлға – экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Ернар Алтаев сот отырысына онлайн қатысты.

Раманқұл судьядан "Жауап беруші сот залына неге келген жоқ?" деп сұрады.

Судья Әкімшілік кодекстің 744-бабы 3-бөліміне сәйкес, әкімшілік қамаққа алу туралы істерді қарау кезінде ғана жауап беруші сотқа келуге міндетті екенін, қалған жағдайда отырысқа онлайн не оффлайн қатысуды адамның өзі таңдайтынын, оны мәжбүрлей алмайтынын айтты.

"Мұқалмас" өкілдері судья өздеріне біржақты қарады, жауапкерді сотқа шақырмады деп, судьяны ауыстыруға өтініш беретінін айтты.

Бақылаушы ұйым өкілдері мұның алдында да судьяны ауыстыруды талап еткен, бірақ сот төрағасы бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Келесі сот отырысы қашан болатыны белгісіз.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG