Accessibility links

Алматыда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған бір адамның аштық жариялағаны хабарланды


Тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.

Алматыда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған Б.Б. (туыстары аты-жөнін атауға қарсы – ред.) аштық жариялады, деп хабарлады адвокаты Жалғас Сапарханова. 12 желтоқсанда үйқамақтан уақытша қамау мекемесіне ауыстырылған ол өзіне қатысты бұлтартпас шараның өзгертілуіне қарсы.

15 желтоқсанда түсте Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты оны екі айға қамау туралы қаулы шығарды. Адвокат ол өзіне қол жұмсап қоя ма деп алаңдап отырғанын жеткізді.

"Ол 12 желтоқсанда аштық жариялаған. Бұған дейін өзін қамаса, өзіне қол жұмсайтынын да айтқан" деді адвокат Жалғас Сапарханова 15 желтоқсанда түсте Азаттыққа.

Күдіктінің қолымен жазылды деген арызда хат иесі тергеушілердің "өзіне тағы төрт бап қосып отырғанын", "үйқамақ шартын бұздың деп негізсіз айыптап отырғанын" жазған.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, ол аштық жариялаған мекемеге аштық жариялағанын да ескерткен. Адвокат хатының көшірмесін де көрсетті.

Уақытша қамау изоляторының өкілдері Азаттыққа Б.Б.-ның аштық жариялағанын растады. Басқа сұрақтарға жауап берген жоқ.

Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталғандар "тергеудегі әділетсіздіктерге" жиі шағымданады. Бұған дейін Алматыда тергеу изоляторында отырған Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 20 адам билікке хат жазып, Қаңтар бойынша тергеу амалдарын жан-жақты әділ жүргізуді талап еткен. Олар "тергеудегі әділетсіздіктер туралы" баяндап, айғақтарды "алдап-арбау арқылы жинамауды" және "айыпталушыларды бір-біріне қарсы жауап беруге итермелеуді" тоқтатуды сұраған.

  • Биыл 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт митингілер өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздіктен кемі 238 адам қаза тапты. Алтауы тергеу изоляторындағы азаптаудан кейін көз жұмған.
  • Қаңтар оқиғасына байланысты ресми биліктің айтуынша, мыңнан астам адам ұсталып, оларға "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау", "терроризм" және өзге де баптар бойынша айыптар тағылған. Бұған дейін айыпталушылардың туыстары "тергеудегі әділетсіздіктерге" шағымданып, оқиғаны әділ, жан-жақты тергеуге үндеген.
  • Қазақстан құқық қорғаушылары мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қаңтар оқиғасы бойынша халықаралық тергеу жүргізіп, халықаралық сарапшыларды іске араластыруға шақырған. Ақорда мұндай ұсыныстардан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG