Accessibility links

АҚШ-тың "Patriot" зымыран кешені Украинаға көмектесе ала ма? Бұл қандай қару?


АҚШ-тың "Patriot" зымыран жүйесі.
АҚШ-тың "Patriot" зымыран жүйесі.

Ресей Украинаның электр энергия инфрақұрылымын ракетамен жаппай атқылап жатқан тұста Вашингтон Киевке жетілдірілген "Patriot" зымыран жүйесін беретіні айтылды. АҚШ-тың бұл қаруы қаншалықты мықты?

Reuters агенттігі мен CNN телеарнасы АҚШ билігіндегі дереккөздерге сілтеме жасап, АҚШ жақын күндері Украинаға "Patriot" ракета жүйесін жіберетінін жазып жатыр. Әзірге Вашингтон бұл ақпаратты ресми жариялаған жоқ, дегенмен ақпарат агенттіктерінің жазуынша, АҚШ "Patriot" қаруын беретінін жақын күндері жарияламақ.

Бұл ақпарат өткен аптада тарағап, қазір халықаралық басылымдарда көп талқыланып жатыр. Мұндай қаруды Украина президенті Владимир Зеленский елінің әуе қорғанысын күшейту үшін АҚШ пен Батыс елдерінен бірнеше айдан бері сұрап жүрген еді.

Бейсенбі, 15 желтоқсан Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова "егер АҚШ-тың Киев режиміне Patriot қаруын беретіні расталса, бұл АҚШ-тың кезекті арандату қадамы болады. Вашингтон қазірдің өзінде қақтығысып жатқан екі тараптың бір жағына таңдау жасады" деді.

"PATRIOT" ҚАРУЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

"Patriot" – ұшақ, қанатты зымыран және жақынға ұшатын баллистикалық ракетаны атып түсіретін зениттік зымыран жүйесі. Бұл – АҚШ әскеріндегі ең маңызды әуе қорғаныс қаруы.

"Patriot" зымыран жүйесі үлкен жүк көлігінің үстіне орналастырылады. Жүк көлігінде сегіз үлкен ракета салғыш болады. Әр ракета салғышқа төрт зымыран, жерден басқарылатын радар, басқару станциясы, генератор салынады.

"Patriot" зымыран жүйесі
"Patriot" зымыран жүйесі

АҚШ әскерінің дерегінше, бұл ракета жүйелерінің қызметін қамтамасыз етуге 90-дай солдат қажет, ал ракетаны атуға үш солдат керек.

Вашингтон үшін Украина әскерилерін бұл қаруды қолдануды үйрету үлкен мәселе болмақ. Себебі "Patriot" жүйесін тиімді қолдану, нысананы дәл көздеуге көп тәжірибе керек.

Дегенмен АҚШ бұған дейін Украинаға HIMARS артиллериялық ракета жүйесін бергенде жолын тауып, бұл қаруды қолдануды үйреткен еді.

АҚШ "Patriot" жүйесін жыл сайын жаңартып келеді, Вашингтонда орналасқан Center for Strategic and International Studies дерегінше, бұл қарудың бір ракетасы 4 млн доллар, ал ракета ататын құрылғысы 10 млн доллар болады.

"PATRIOT" ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?

Кей сарапшы бұл қару Украинадағы соғыста шешуші рөл атқаруы мүмкін деп санайды. Ал АҚШ әскерінің "Patriot" қаруымен жақсы таныс экс-қызметкері AP агенттігіне "бұл қару жүйесі қысқа қашықтыққа ұшатын баллистикалық ракеталарға қарсы тұруда тиімді болады және бұл қаруды беру – АҚШ-тың Украинаға қолдауының белгісі. Дегенмен "Patriot" қаруының бір данасы соғыс бағытын өзгертіп жібермес" деген.

Әдетте АҚШ-та Patriot деген арнайы батальонында төрт дана "Patriot" қару жүйесі болады. Ал АҚШ әскерінде қазір "Patriot" деген 16 батальоны бар. Демек, 16 батальонда 50-ден аса "Patriot" ракета жүйесі бар.

Аты-жөнін атағысы келмеген әскери қызметкер AP агенттігіне "Patriot" белгілі бір шағын аймақты ғана қорғай алатынын айтқан.

"Мысалы, "Patriot" шағын әскери базаны қорғауға қауқарлы, бірақ Киев сияқты ірі қаланы толық қорғай алмайды. Бұл жүйе қаланың бір бөлігін ғана қамти алады" дейді ол.

Сарапшылардың сөзінше, "Patriot" нысананы көздейтін радары Совет одағында жасалған С-300 жүйесінікіне қарағанда мықты.

"Patriot" жүйесі алғаш рет 1991 жылы Парсы шығанағындағы соғыста Ирактың Израиль мен Сауд Арабиясына атқан ракеталарын атып түсіру үшін қолданылған. Сол кезде АҚШ әскері "Patriot" қаруы Сауд Арабиясына жіберілген ракеталардың 80 пайызын, Израильге атылған қарулардың 50 пайызын атып түсірді деген. Кейін бұл көрсеткіш 70 және 40 пайызға төмендетілді.

Түркиядағы "Patriot" зымыран жүйесі
Түркиядағы "Patriot" зымыран жүйесі

АҚШ "Patriot" жүйесін 2003 жылы Иракқа соғыс ашқанда қолданған, Ал 2014 жылы Израиль ХАМАС-тың екі дронын, Сирияның екі дроны мен Су-24 ұшағын құлату үшін пайдаланған.

Йемендегі азамат соғысында Сауд Арабиясы мен БАӘ хуситтердің ракета, дрондарына қарсы қолданды.

"Patriot" қаруын жасайтын Raytheon компаниясы 2015 жылдан бері бұл қару 150 баллистикалық ракетаны қағып түсірді деп мәлімдеген. Бірақ "Patriot" жүйесінің тиімділігіне күмәнмен қарайтындар да бар. АҚШ-тың Есеп палатасының 1992 жылғы есебінде Парсы шығанағындағы соғыста "Patriot" Ирактың ракеталарының 70 пайызын қағып түсірді дегенге дәлел табылмағанын жазған. Ал 2018 жылы Сауд Арабиясының Йемендегі хуситтердің позициясына жіберілген "Patriot" ракеталарында ақау шыққаны жайлы желіде видео тарап кеткен соң бұл қарудың тиімділігіне күмән келтірілген.

Қазір "Patriot" қаруы АҚШ-тың басқа да әскери серіктестерінде – Германия, Грекия, Израиль, Жапония, Кувейт, Нидерланд, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Польша, Швеция, Катар, БАӘ, Түркия, Румыния, Испания және Тайвань әскерінде бар.

AP, Reuters агенттіктерінің дерегі негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG