Accessibility links

Украинаның әскери басшылары: Мәскеу 2023 жылы қыста шабуыл жасауға дайындалып жатыр


Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный

Украинаның бірқатар әскери басшылары мен саясаткерлері Ресей әскері алдағы айларда шабуыл жасауы мүмкін деп болжайды.

Украина қорғаныс министрі Алексей Резников британдық Guardian басылымына берген сұхбатында Ресей 2023 жылдың ақпанынан қалмай жаппай шабуылға көшеді деген болжам айтқан.

Резниковтің пікірінше, мобилизацияға ұшыраған 300 мың ресейліктің жартысы аз-кем дайындықтан соң майданға бірден жіберілген. Ал мобилизацияланғандардың қалған бөлігі қазір жаттығу лагерьлерінде дайындықтан өтіп жатыр. Дайындыққа кемінде үш ай кетеді.

"Соған қарағанда, келесі шабуылдарды былтырғыдай ақпанда бастауға тырысатын тәрізді. Бұл - олардың жоспары" деді Резников.

Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный Ресей қаңтарда шабуылын бастауы мүмкін деп санайды.

"Әрі кетсе наурызда, құрығанда қаңтар соңында бастайды" деді Залужный Economist басылымына. Ол Ресей әскерінің жаңа шабуылы Донбаста емес, Киевке қарай бағытта, Украинаның оңтүстігінде басталуы мүмкін дегенді жоққа шығармайды.

Американың Соғысты зерттеу институты сарапшыларының пікірінше, Ресей жаңа шабуылға қолайлы жағдайды 2023 жылы қыста туындатуы мүмкін.

АҚШ барлау қызметінің жетекшісі Аврил Хейнс әскери қимылдар көктемге қарай жандануы мүмкін дейді.

Украинаның ресми тұлғалары мен Соғысты зерттеу институтының болжамдары Кремль мәлімдемелері мен әрекетіне негізделген. Олардың пікірінше, Ресей басшысы Владимир Путин "әскери операцияның" басты мақсатынан – Украинаны бақылауына алу және территориясының едәуір бөлігін беруге көндіру мақсатынан таймаған. Ол үшін Ресей президенті украиналықтарды Мәскеу шарттарына келісуге итермелейтін көп тетікті пайдаланып жатыр.

  • Путин "арнайы әскери операцияның" "жоспар бойынша" жүріп жатқанын бірнеше рет мәлімдеген. Ол бұл сөзін Ресей әскері шегінген кезде де қайталаған. Дегенмен ол жоспардың өзі неден тұратынын және жоспар бойынша операция қашан аяқталуы тиіс екенін нақтыламаған. Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелерімен кездесу кезінде Путин "арнайы операцияның" ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтқан. Ол Ресейдің Украинаның бірқатар аумағын аннексиялап алуын "маңызды нәтиже" деп атаған. Әлем елдерінің басым бөлігі Кремльді көршісіне басқыншылық жасады деп айыптады және ол "қосып алған" аймақты Украина жері деп санайды.
  • Биыл жаздың соңында және күздің басында Украина қарымта шабуылға көшіп, бірқатар аумағын қайтарып алған. Украина әскері Ресей жаулап алған жалғыз облыс орталығы - Херсонды да қайтарған.
XS
SM
MD
LG