Accessibility links

"Бізбен келіскен жоқ". Министрлік Ресей "қаһармандары" туралы фильмнің Алматыда көрсетілуі туралы сұрақтарға жауап берді


Ресей туралы фильм көрсетілген кинотеатр залының экраны. 7 желтоқсан 2022 жыл.

Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі Ресейдің Қырымды жаулап алуын мадақтайтын пропагандистік фильмнің Алматыда көрсетілуіне қатысы жоғын, ұйымдастырушылардың өздерімен келіспегенін мәлімдеді. Министрліктің жауабы Азаттыққа фильм көрсетілгеннен кейін бір аптадан соң түсті.

"Фильмдерді көрсету "Кинематография туралы" заңмен реттеледі. Заңның 7-бабына сәйкес, Қазақстан аумағында фестиваль, семинарларды айтпағанда, прокатқа шығатын және көрсетілетін фильмдер мемлекеттік реестрде тіркелуі тиіс және прокат куәлігіне сәйкес жүзеге асырылады" деп жазылған министрліктің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында.

"Фильмді көрсеткен кинотеатрмен қандай түсіндіру жұмыстары жүргізіледі" және министрлік "ұйымдастырушыларға Қазақстан аумағында рұқсат етілмеген фильмдерді көрсетуге болмайтыны жөнінде ескерту жасай ма" деген сұраққа ведомство бұл министрліктің "құзырына кірмейді" деп жауап берген.

7 желтоқсанда Азаттық тілшілері Алматының "Цезарь" кинотеатрында оқушыларға "Россия. Нам 30 лет" атты деректі фильм көрсетілгеніне куә болған. Фильм кейіпкерлері Ресейдің украиналық түбекті аннексиялағанын қуаттап, қолдайды.

Ертесінде Алматы білім басқармасы қаладағы № 132 гимназия басшылығы көрсетілім жөнінде басқарма өкілдерімен келіспегенін айтқан. Ақпаратқа қарағанда, фильмді көрсету туралы ұсынысты Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы мен "Россотрудничество" өкілдері жасаған.

Пропагандистік фильмді көрсетуге байланысты дау туындағаннан кейін білім министрлігі аймақ әкімдіктері мен білім басқармасына "мұндай фактілерге жол бермеу" туралы хат жіберген.

Фильм көрсетілмей тұрып бірнеше күн бұрын Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин Кремль қаржыландыратын Sputnik агенттігіне берген сұхбатында "Қазақстанда ұлттық тенденциялар анық байқала бастады", президент "кез келген экстремистік я ұлтшылдық әрекетке тойтарыс беретін қатаң шаралар қолдана алады, егер бізге өтініш айтса, көмектесеміз" деген.

Бородавкиннің мәлімдемесі сынға ұшырап, халықтың наразылығын тудырды. Бірақ Қазақстан тарапынан бұған мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қана реакция білдірді. Ол «сұхбаттың кей тұстары елшінің мәртебесіне сай келмейді, дипломат пропагандистер мен саясаткерлерге қосылмауы керек» деп түйді. Қазақстан СІМ үнсіздік танытты.

XS
SM
MD
LG