20 желтоқсанда Алматыдағы баспасөз клубында журналист Михаил Козачковтың ұсталуына байланысты өткен баспас жиынында құқық қорғаушы Евгений Жовтис журналистің құқығы бұзылғанын мәлімдеді.
– Біз қылмыстық іске қатысушы емеспіз, бірақ қылмыстық істе адам құқығы қалай сақталатынын бақылап отырамыз. Бұл іс әу баста қозғалғанда-ақ бізде күдік болған, енді сол расталып жатыр. Журналистің үйін адвокат қатыстырмай тінтігені, куәгерлер, видео жазба бар-жоқтығы, адвокатпен жеке кездесуге рұқсат бермегені - кез-келген сау адамға: - Адвокатты қатыстырмайтындай не боп қалды деген сұрақ туғызады,- дейді Жовтис.
Оның сөзінше, "журналистерге, оппозициядағы саясаткерлерге немесе құқық қорғаушыларға байланысты кез-келген жағдайда "әлдеқандай саяси астары болуы мүмкін" деген күдік туады".
Мұнан кейін сөйлеген спикер, саясаткер Санжар Боқаев мемлекеттік органдардың өкілеті жөнінде сөз қозғап, "Козачковты ұстаумен не себептен қаржы мониторингі айналысып жатыр" деген сұрақ қойып, Козачковты қамаудан босату керектігін айтты. Козачковты қамауға алу немесе алмау туралы мәселені қарайтын сот отырысы 20 желтоқсанда түскен кейін өтеді.
Боқаевқа "журналист Козачковты ұстау туралы президент Тоқаевпен алдын ала келісілуі мүмкін бе" деген сұрақ қойылды.
– Мемлекеттік басқару жүйесінде сыртқа айтылмайтын практика бар. Ол бойынша қоғамдық-саяси жағдайға әсер етуі мүмкін кез-келген адамды, мейлі журналист, саясаткер немесе қоғам белсендісі болсын, ондай адамды ұстау президент әкімшілігімен келісіледі. Президент әкімшілігінің басшысы немесе орынбасары біледі. Сондықтан Козачковты ұстауға Тоқаевтың өзі келісім берді деп нақты айта алмаймын,- деді Боқаев.
Брифинг модераторы журналистерге сұрақ қоюға мүмкіндік берген кезде микрофонды "сотталған бизнесмен Алмас Әбдіғаппаровтың әйелі Ольга Әбдіғаппаровамын" деген әйел алды.
– Менің күйеуімді қамауға алғанда әрқайсыңызға өтініш айттым. Сол кезде мені неге қолдамадыңыздар? Күйеуіме не болғанын неге сұрамадыңыздар?- деді ол.
Евгений Жовтис Адам құқығы бойынша бюроға жылына 10 мың адам хабарласатынын, "негізінен кеңес беретінін, бірақ баспасөз жиынына сирек шығатынын, өйткені құқық қорғау ұйымы негізінен журналистерге, құқық қорғаушылар мен белсенділерге және саяси оппозицияға көбірек назар аударатынын, себебі олардың саяси мотивтерге байланысты жиірек қысымға ұшырайтынын айтты.
Ольга Әбдіғаппарова мен "Козачковтың мақалаларынан зардап шектік" деген тағы бірнеше адам спикердің жауабын күтпестен толассыз сұрақ қоя берген соң брифинг модераторы баспасөз жиыны аяқталғанын хабарлады.
18 желтоқсанда қаржы мониторингі агенттігі Kozachkov offside телеграм-арнасының авторы және "Время" газетінің журналисі Михаил Козачковтың қамауға алынғанын және "Болат Назарбаевтың көмекшісімін" деп жүрген Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына көмектесті" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.
Қаржы мониторингі "Қоспаев рейдерлік әрекет құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау мақсатында Козачковтың қызметін пайдаланды, Козачков ол үшін 52 миллион теңге алды" деп, бизнесмен Алмас Әбдіғаппаров аталатын "Есентай сити" жобасындағы үлесті рейдерлікпен басып алу туралы сөз болып отырғанын айтқан.
19 желтоқсанда "Әділ сөз" сөз еркіндігін қорғау қоры "Михаил Козачковтың құқықтары өрескел бұзылды, дереу босатылсын" деп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған.
Бүгін Қазақстан бас прокуратурасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен журналист Михаил Козачковты қамауға алу ісі бойынша тексеріс бастағанын хабарлады.
ПІКІРЛЕР