Accessibility links

Путин Украинадағы "Patriot" ракета кешені жайлы: Оны да шертіп көреміз


Германиядағы "Patriot" кешені.
Германиядағы "Patriot" кешені.

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың зениттік "Patriot" (Патриот) зымыран кешенін украин армиясына жеткізуі соғысты созып жібереді деп мәлімдеді. Ресей басшысы оны "ескі жүйе" деп атап, ресейлік "С-300 сияқты жұмыс істей алмайды" деді.

"Орнатсын, оны да шертіп көреміз" деді Путин "Patriot" қаруы жайлы.

Дегенмен "Patriot" жүйесі зениттік қару-жарақтың ең тиімді түрлеріне жатады. Оның Украинаға жеткізілгені 21 желтоқсанда украин президенті Владимир Зеленскийдің АҚШ-қа сапары барысында белгілі болған.

Путин сонымен бірге Ресейдің Украинадағы соғысын аяқтауға талпынатынын және Киевпен келіссөзден бас тартпайтынын жеткізді. Оның сөзінше, украин билігі "келіссөз жүргізуден өздері тартынып отыр".

"Дегенмен ерте ме, кеш пе, қақтығыстағы кез келген тарап келіседі. Бізге қарсы тұрғандар мұны неғұрлым тезірек түсінсе, соғұрлым жақсы. Біз келіссөзден ешқашан бас тартқан емеспіз" деді Путин.

Кремль Украинаға басып кіргелі бері басып алған украин территориясынан әскерін әкетуге ықылас білдірмеген. Мәскеу аннексиялап алған украин облыстарындағы псевдореферендумды халықаралық қауымдастық мойындаған жоқ. Киев Мәскеуден жаулап алған украин аумақтарын босатқан кезде ғана бейбіт келісімге келетінін айтып отыр.

Украина билігі батыстағы одақтастарын әуе шабуылынан қорғайтын кешен беруге бірнеше рет шақырған. Орыс әскері Украинаның маңызды энергетикалық инфрақұрылымдарын атқылай бастаған кезде мұндай жүйелердің маңызы артқан. "Patriot" кешені қысқа қашықтықтағы қанатты және баллистикалық ракеталарды атып түсіре алады. Украина әскері онымен жұмыс істеуі үшін бірнеше ай дайындықтан өтуі тиіс.

XS
SM
MD
LG