Accessibility links

Тоқаевтың "билігі әлі де әлсіз", Қаңтар оқиғасының жауапсыз сұрақтары және "ықпалы әлсірей беретін" Мәскеу


Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдумға дауыс беруге келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 5 маусым 2022 жыл.
Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдумға дауыс беруге келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 5 маусым 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада 2022 жылы Қазақстанда болған басты оқиғаларды талдап, Қаңтар оқиғасынан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, билік көп сұраққа сол күйі жауап бермегенін жазды. Сонымен қатар Қазақстан биыл Ресейден алшақтады ма, әлде керісінше жақындай түсті ме деген сұраққа жауап іздеді. Одан бөлек Германияның Қазақстан мұнайын сатып алу жоспары және оған кедергі болуы мүмкін жайттарға тоқталды.

2022 ЖЫЛ: "ШЕШІЛМЕГЕН ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР" ЖӘНЕ "ҚАҢТАРДЫҢ ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАРЫ"

Орталық Азия туралы жазатын белгілі журналист Брюс Панниер АҚШ-та шығатын Diplomat басылымына берген сұхбатында 2022 жылы аймақта болған негізгі оқиғаларды талдады.

Жыл басында Қазақстан кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасын бастан өткерді. Оқиғадан соң Тоқаев Конституцияға өзгерістер енгізген референдум өткізіп, қарашада кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жетті. Басылым тілшісі Кэтрин Путцтың «Қаңтар айының басымен салыстырғанда Тоқаев үкіметі қазір қаншалықты қауқарлы және тұрақты?» деген сұрағына жауап берген Брюс Панниер: «Тоқаевтың билігі әлі де әлсіз»,− деп кесті.

Сарапшының пайымдауынша, қаңтар айының басында халықты көшеге алып шыққан мәселелер сол күйі шешілмеді. Наразылыққа шыққандар Назарбаев кезіндегі басқару әдісінен арылып, өзгерістер жасауды талап еткен. Панниер Қазақстанды басқаруда көп нәрсе өзгермеді деп есептейді. Тоқаев өзгерістер жасауға уәде еткенімен, әзірге уәде сөзден ары аспады.

Сонымен қатар Панниер Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаевты кімдер биліктен кетірмек болған жағдай белгісіз екеніне назар аударады. «ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов қамауда, алайда мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныстың артында Назарбаевтың жақтастары тұрса, олардың қаншауы әлі де бостандықта жүр? Олар қандай қауіп төндіруі мүмкін?» − дейді ол.

Қаза тапқан 238 адамның мыңдаған жақындары мен таныстарының сұрақтарына үкімет әлі де жауап берген жоқ.

Жалақыны көтеруді талап еткен жұмысшылардың ереуілдері жалғасып жатыр. Елдегі энергетика инфрақұрылымының тоз-тозы шыққаны ашылып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін миллиардтаған доллар керек.

Маңғыстауда жалақы өсіруді талап етіп, далада қонып жүрген Phystech 2 жұмысшылары. Желтоқсан 2022 жыл.
Маңғыстауда жалақы өсіруді талап етіп, далада қонып жүрген Phystech 2 жұмысшылары. Желтоқсан 2022 жыл.

Тоқаев елдегі үлкен әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуі қажет әрі мұны бұрынғы жүйенің әдістерімен емес, жаңа тәсілмен шеше алатынын көрсетуі керек.

Панниер сұхбатта Мәскеудің Украинадағы соғысы Орталық Азия мен Ресей қарым-қатынасын қалай өзгерткеніне де тоқталды. Орталық Азияда 19 ғасырдан бері Ресей өз қалағанына қол жеткізу үшін күш қолдана алады деген үрей болды, бірақ қазір бұл қорқыныш айтарлықтай азайған.

Түркіменстаннан өзге Орталық Азия елдерінің барлығы мобилизациядан қашқан Ресейдің жүздеген мың азаматын қабылдады, осылайша Ресей − ықпалды мықты держава деген түсінік жойылды. «Орталық Азия басшылары енді Ресей президенті Владимир Путиннің алдында бұрынғыдай иілмейтінін көріп жүрміз. Мұны Орталық Азия халықтарының Ресейдің отары ретінде орыс тілі мен орыс әдет-ғұрыптарын қабылдауға мәжбүр болдық деген тарих туралы пікірталастарынан да байқауға болады», − дейді Панниер.

Алайда Ресей мен Орталық Азияның байланысы берік, сондықтан журналистің пайымдауынша, Украинадағы соғыс кімнің жеңісімен аяқталса да, аймақ пен Мәскеудің қарым-қатынасы сақтала бермек.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ РЕСЕЙДЕН АЛШАҚТАДЫ МА, ӘЛДЕ КЕРІСІНШЕ ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТІ МЕ?

Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темур Омаров Карнеги қорының сайтындағы мақалада Украинадағы соғыс Орталық Азия мен Ресей қарым-қатынасын қалай өзгерткенін талдайды.

Сарапшының жазуынша, Ресей Украинаға басып кіргелі Мәскеудің бүкіл әлемдегі, әсіресе посткеңестік кеңістіктегі ықпалы төмендеп жатыр. Орталық Азия елдері Мәскеудің Украинаға басып кіруін қолдаған жоқ, Украина шығысындағы сепаратистік аймақтарды мойындамады. Оны былай қойғанда, Ресей «доспейіл емес» дейтін елдермен қарым-қатынасын нығайтып жатыр. Аймақ басшылары бірінен кейін бірі Батыс елдеріне сапарлады, АҚШ-пен Ресейге қарсы санкцияларды сақтау бойынша кеңесті, Ресейді айналып өтетін дәліздер іздеп жатыр.

Мұндай жағдайда Орталық Азияның Мәскеумен үндес шықпайтын кез келген әрекеті, тіпті Путинді тиісті деңгейде қарсы алмау немесе онымен кездесуге кешігу тәрізді ұсақ-түйек дүниелер «аймақ Ресеймен қарым-қатынасты үзіп жатыр» немесе «Мәскеу аймақтағы ықпалдан айырылмақ» дегендей пікірталас тудырады.

"Ресей – Орталық Азия" саммиті. Астана, 14 қазан 2022 жыл. Сарапшылар соғыс басталғалы бері Ресейдің Орталық Азия елдерімен кездесуі жиілегенін, осылайша аймақтағы ықпалын сақтауға тырысып жатқанын айтады.
"Ресей – Орталық Азия" саммиті. Астана, 14 қазан 2022 жыл. Сарапшылар соғыс басталғалы бері Ресейдің Орталық Азия елдерімен кездесуі жиілегенін, осылайша аймақтағы ықпалын сақтауға тырысып жатқанын айтады.

Алайда, Умаровтың жазуынша, Орталық Азияның Ресейден алшақтауы болып көрінетін қазіргі әрекеті шын мәнінде жаңа дүние емес. 2008 жылы аймақ елдері Ресейдің Грузиядағы басқыншылығына қолдау білдірмеді, ал 2014 жылы Қырым аннексиясын мойындамады. Бірақ 2014 жылы Ресейге қарсы санкциялар дәл қазіргідей ауқымды болған жоқ әрі Орталық Азиядан ұстанымды айқындау талап етілмеді. Ал қазір аймақ елдері үшін санкцияларды сақтау − Батысты қолдап, Ресейге қарсы ойын жүргізу емес, өз экономикасын оқшаулау мен күйреуден аман алып қалудың жолы.

Мәскеу көп жыл бойы сыртқы саясатта Орталық Азияға басымдық бермеді, өйткені аймақ онсыз да Ресейге тәуелді болып саналды. Бірақ соғыс пен Ресейдің оқшауда қалуы Орталық Азияға бұрынғыдан көңіл бөлуге түрткі болды. Мысалы, 2022 жылы Путин көп жылдан кейін алғаш рет Орталық Азияның барлық бес еліне сапарлап, аймақ басшыларымен телефон арқылы жиірек әңгімелесетін болды.

Умаровтың талдауынша, Ресейдің Орталық Азияда әртүрлі салада ықпалы сақталып отыр, жақын болашақта бұл ықпал жойылмайды. Бірақ ұзақ мерзімде бұл ықпал сақталады деп кесімді түрде айту қиын.

Ресей Орталық Азияда ықпалын сақтау үшін негізінен жергілікті саяси элитаға арқа сүйейді. Өйткені режимдердің басында Совет дәуірінде өскен, бір-бірімен орыс тілінде сөйлесетін, егде жастағы саясаткерлер отыр. Әзірге бұл режимдер Кремльмен араздасуға батпайды, Мәскеуден алшақтау керек деген қоғам талабына мектептегі орыс тілі сабағы санын қысқартып немесе көше атауын ауыстырып қана жауап береді. Бірақ аймақтағы элита біртіндеп қоғаммен бірге өзгереді. Ал аймақ елдеріндегі тұрғындардың орташа жасы 30-дан төмен. Олар – Совет одағын көрмеген, орыс тілінде аз сөйлейтін жастар. Сондықтан Орталық Азияның оқшауда қалған Ресейден алшақтауы – табиғи процесс. Кремль өзінің сыртқы саясатын қайта қарастырмаса, оның аймақтағы ықпалы әлсірей береді. Дегенмен Путин билік басында отырғанда Ресей өзінің сыртқы саясатын қайта қарастырмайтыны анық.

ГЕРМАНИЯ ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫН САТЫП АЛМАҚ

Германия 2023 жылы Ресей мұнайын сатып алудан бас тартатынын мәлімдеді. Bloomberg ақпарат агенттігінің жазуынша, Германия Ресей мұнайының орнына Қазақстан мұнайын импорттамақ.

Берлин бұған дейін Кремль Украинаға басып кіргендіктен осы жылдың аяғынан бастап Ресей мұнайын импорттауды тоқтататынын хабарлады. Бірақ Ресейдің «Транснефть» компаниясының бас директоры Николай Токарев мемлекеттік «Россия 24» арнасына берген сұхбатында Германия келесі жылдың бірінші тоқсанына Ресей мұнайына тапсырыс бергенін айтқан. Дегенмен Германияның экономика министрлігінің баспасөз хатшысы мұны жоққа шығарды. Баспасөз хатшысының айтуынша, Leuna және Schwedt мұнай өңдеуші зауыттары енді Ресейден мұнай алдырмайды.

«Бұл зауыттар әу бастан Ресей мұнайының импортына тәуелді болып келген. Енді Еуропадағы ең ірі мұнай құбыры саналатын «Достық» құбыры арқылы мұнай Қазақстаннан экспортталмақ. Бірақ әзірге келісім жасалған жоқ», − деп жазады Bloomberg.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өткен аптада Қазақстан Германияға мұнай құбыры арқылы жылына екі миллион тоннадан бес миллион тоннаға дейін мұнай экспорттай алатынын мәлімдеген.

Қазақстан мұнайы Ресейдің Самара қаласына тасымалданып, Ресей мұнайымен араласып, Усть-Луга және Новороссийск порттары арқылы Еуропаға жеткізіледі. Қазақстанның «ҚазТрансОйл» компаниясының жүгіне Еуроодақ санкциясы салынбайды. Сондықтан Ресейдің «Транснефть» магистралды құбыр жүйесінде мұнай түрлерін араластыру арқылы алынып, экспортқа шығарылатын Ресейдің REBCO (Russian Export Blend Crude Oil) мұнай қоспасынан ажырату үшін қазақ мұнайын KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) деп белгілеп жүр. Қазақстан мұнайын Ресей порттарынан «Достық» құбырына бұруға болады, бірақ ол үшін мұнайды әуелі Ресей құбырына айдау керек. Ал «Транснефть» баспасөз хатшысы Игорь Демин Bloomberg-ке телефон арқылы берген сұхбатында Қазақстан мұнайын Ресей және Беларусь арқылы Польша мен Германияға жеткізу жайлы келіссөздер жүріп жатпағанын әрі келісімшартқа қол қойылмағанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG