Accessibility links

Ресей әскері Херсонды атқылады. Он адам қаза болды


Херсон орталығы.

Сенбі күні Ресей әскері Херсонды атқылап, соның салдарынан он адам қаза болды. Бұл жөнінде Херсон облысы әкімшілігінің жетекшісі Ярослав Янушевич хабарлады.

Оның сөзінше, 55 адам жараланған, 18-інің жағдайы ауыр. Украина ішкі істер министрлігі 66 жеңіл көліктің өртенгенін айтты.

Бұған дейін Украина президенті кеңсесі жетекшісінің орынбасары Кирилл Тимошенко телеграм-арнасында атқылау болған жерден суреттер жариялаған. Суретте тұрғын үйлердің бұзылып, өртенгені көрінеді.

Херсоннан суреттерді Украина президенті Владимир Зеленский де жариялады. Ол атқылауды халықты "қорқытуға бағытталған террор" деп атады.

Херсонға соққы дүркіндетіп ататын ракета жүйесінен жасалған деп айтылады.

Жуырда Украина билігі орыс әскері Херсон облысын атқылап, бес бейбіт тұрғын опат болып, 17 адамның жараланғанын хабарлаған. Донецк, Запорожье, Харьков облыстарында тағы төрт адам қаза болған.

Херсонды орыс әскері қараша айында – жарты жыл оккупациядан кейін тастап кеткен. Қазір Херсон облысында майдан сызығы Днепр арқылы өтеді. Ресей әскері Херсон мен Днепрдің оң жағалауындағы аумақты жиі атқылап тұрады. Жуырда соның салдарынан облыс әкімшілігінің ғимараты бүлінген. Ресей қорғаныс министрлігі әдетте күн сайынғы хабарламасында атқылаулар туралы айтпайды немесе әскери нысандарды ғана атқылағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG