Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында "бір аптадан бері бензин тапшылығы туындап", тұрғындар әлеуметтік желіде дабыл қағып жатыр. Жергілікті билік Азаттыққа "мәселенің бар екенін" растады.
Бүгін, 26 желтоқсанда аудан орталығы Ақжардың тұрғыны Жарас Тұрысбеков ауылдағы жанармай бекеттерін аралап, бензин таба алмаған. Ол әлеуметтік желіде "ауылды шарлап шыққан" видеосын жариялады. Видеода бекеттердің бірінде оншақты көлік кезекке тізіліп тұрғаны, ал бекеттің терезесінде "бензин жоқ" деген жазу жазылғаны көрінеді.
Жарас Тұрысбеков мәселе кейінгі жылдары жиі қайталанатынына наразы. Ол "бұл алдағы уақытта бензин бағасы, кейін соның салдарынан барлық тауар бағасы шарықтайды деген белгі" дейді.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ермек Құрманғалидің айтуынша, Тарбағатай ауданында көрші аудандардағы сияқты ірі жанармай құю бекеттері жоқ, жеке кәсіпкерлер шағын станциялар ұстайды. Аудан орталығы Ақжарда үш станция бар. Олардың екеуінде тек жедел жәрдем және өзге де төтенше жағдай қызметтеріне қажет жанармай қалған. Ал тағы біреуінде алдағы бірер күнге ғана жететін бензин бар.
Жанармай құю станцияларының бірінің иесі, өзін Әсел Батырғалиқызымын деп таныстырған жеке кәсіпкер Азаттыққа бензин бағасы өседі деп жорамалдайтынын айтады.
- Cтанциямда бензин таусылғанына бір апта болды. Ал көрші станцияда бүгін сағат 11-де таусылған екен. Бензинді Павлодардан алдырамыз. Яғни6 ондағы зауыттың өзінен емес, ортада тағы бір компания бар, солар жеткізіп береді. Өйткені ондағы зауыт біз секілді ұсақ-түйектермен сөйлеспейді, олардан вагонмен ала алатындар ғана жанармай алады. Біз бензин тапшылығының себебі неде екенін өзімізге жеткізетіндерден сұрап жатырмыз. Олар бағаға қатысты болуы мүмкін дегенді айтады. Жалпы, расымен, қымбаттайтын кезде ылғи осындай жағдай болады. Бізге бензин жоқ екенін айтып бірнеше күн бермейді, артынан «бензин бар, бірақ енді бағасы мынанша болады, аласыздар ма?» деп хабарласады, - деді ол
Азаттық Павлодар мұнай өңдеу зауытында шынымен тапшылық туындады ма, жоқ па, деп білу үшін "ҚазМұнайГаз" компаниясына сауал жолдаған, осы жаңалық жарияланғанша жауап әлі келген жоқ.
Тарбағатай ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Ермек Құрманғалидің ақпаратына сүйенсек, аудандағы үш жанармай бекетіне бензин жеткізіп беретін басқа компаниялармен келіссөз жүргізіліп жатыр.
"Мәселе алдағы күндері шешіледі" дейді ол.
Тарбағатайда көрші аудандармен салыстырғанда бензин құны да жоғары. Мысалы, Азаттық тілшісі сұранысқа ие АИ-92 бензинінің литрі Зайсан ауданында 180 теңгеден сатылып жатқанын анықтады. Ал Тарбағатайда АИ-92 бензині бұған дейін 195 теңгеден сатылып келді. Тұрғындар "кейінгі тапшылық күшейген күндерде 205-210 теңгеге дейін көтерілді" дейді.
- Бізде неге бәрі ерекше? Облыс көлемінде бензин бұрынғы бағамен тұр. Тіпті көршілес аудандардың жекеменшік бекеттерінде 190 теңге, ал бізде 210 теңге, - дейді Қарасу ауылының тұрғыны Сұңғат Демесінов.
Тарбағатай тұрғындары Ақжарда "ҚазМұнайГаз", Qazaq Oil сынды ірі жанармай құю желілерінің бекетін ашуды көптен бері сұрап келеді. Қаңтар оқиғасы кезінде де аудан орталығына жиналған халық осындай талап қойған. Олар ірі бекет ашылса, артық делдалдардан құтылып, қалыпты бағаға қол жеткіземіз деген еді.
Қазақстанда 2022 жылдың қаңтарында сұйылтылған газ бағасы қымбаттап, халықтың наразылығын тудындап, соңғы қанды Қаңтар оқиғасына ұласқан еді. Оқиғадан соң үкімет жанар-жағармай бағасына 180 күндік мораторий енгізіп, АИ-92 бензинінің бір литріне 182 теңгеден баға белгілеген. Бұл уақыт өткенде, қыркүйекте энергетика министрі Болат Ақшолақов жанар-жағармай бағасы жыл соңына дейін өзгеріссіз қалады деп мәлімдеген. Бұған қарамастан ірі жанармай бекеті жоқ Тарбағатай ауданында бензин бағасы кемінде 195 теңгеден саудаланып келеді.
Тарбағатай - Қытаймен шекаралас жатқан аудан. Былтыр бұл аудан Ақсуат және Тарбағатай деп екіге бөлініп, Тарбағатай ауданы Шығыс Қазақстан облысының құрамында қалған. Аудан орталығы Ақжар ауылы болған. Ал Ақсуат ауданы Абай облысының құрамына қосылған.