Accessibility links

Алматылық Маханбаевқа Қаңтарда президент резиденциясына шабуылдады деген айып тағылды


Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған алматылық Қосай Маханбаев (ортада).
Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған алматылық Қосай Маханбаев (ортада).

Қаңтар қырғынынан соң азапталдым деген алматылық Қосай Маханбаев Алматыдағы оқиға кезінде президент резиденциясына шабуыл жасағандардың қатарында болды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Жалғас Сапарханова хабарлады.

Қорғаушының сөзінше, желтоқсанның басында тергеу оған Қылмыстық кодекстің 269-бабы 3-тармағы ("Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу") бойынша айып таққан. Бұл – Қылмыстық кодекстегі ең ауыр баптардың бірі, террористік қылмысқа жатады.

— Қазір оған президент резиденциясына шабуыл жасады деген айып тағып отыр. Маханбаев бұл айыппен келіспейді, ол жерге бармағанын, шабуыл жасамағанын айтады, - деді қорғаушы.

Адвокат "Маханбаевқа ауыр қылмыс бойынша айып тағу негізсіз, себебі ол тәртіпсіздікке қатыспады, тек экономикалық-әлеуметтік мәселелерді айтты" деп санайды.

38 жастағы Маханбаев қаңтардың басында Алматыдағы алаңға барып, сұйытылған газ бағасына қарсы шыққан Жаңаөзен тұрғындарына қолдау білдірген. Алматыдағы наразылық кейін тәртіпсіздікке ұласып, оқ атылған. Маханбаевтың аяғына оқ тиіп, жараланған. 8 қаңтарда оны арнайы жасақ ауруханадан алып кеткен. Маханбаев қамауда азапталғанын айтқан еді.

Оған жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айып тағылған. Ақпанда адвокаттары мен туыстарының талабынан соң ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шықты, бірақ маусымда қайта қамауға алынды. Прокурорлар мен тергеушілер "ол қалалық прокуратурадағы шараға қатысып, бұлтартпау шектеулерін бұзды" деген. Маханбаев бұл сөздерді жоққа шығарып, прокуратураға өзін азаптағандарды жазалау туралы талаппен барғанын айтқан.

Ол қайта қамауға алынған соң зейнеттегі анасы инфаркт алып, кейін көз жұмған. Қазір Маханбаев үйқамақта.

Қазан айында Алматы прокуратурасы Маханбаевтың шағымынан кейін қозғалған азаптау ісін тоқтатты.

5 қаңтарда Алматының орталық алаңындағы наразылық тәртіпсіздікке ұласып, қала әкімдігі мен президент резиденциясы қатты бүлінген. Бас прокуратура Алматы әкімдігі мен президент резиденциясын басып алуға мыңға жуық адам қатысқанын айтады. 1 маусымда билік "ғимаратқа шабуыл кезінде қаза болған 12 адамға терроризм бабымен айып тағылғанын" айтқан.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан. Мыңдаған адам қамауға алынып, мыңнан аса адам жазаланды. Оның ішінде жүзден аса адам түрме жазасына кесілді. Қаңтарда ұсталғандардың ішінде қамауда азапталғанын айтқандар да көп. Азаптау бабы бойынша қозғалған істердің көбі жабылды, прокуратура азаптау фактілерін дәлелдеу және азаптағандарды анықтау мүмкін емес деген.

Қаңтар оқиғасынан соң "қызметін асыра пайдаланды" деген айыппен бір әскери ғана жазаланды.

Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын "бір жақты тергеді" деп мәлімдеген. Астана Қаңтар қырғыны "барынша ашық тергеліп жатыр" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG