Accessibility links

Алматыда белсенділер қазақ мектебін ашуды талап етті


Алматыда ашылайын деп жатқан жаңа мектеп. 29 желтоқсан 2022 жыл.
Алматыда ашылайын деп жатқан жаңа мектеп. 29 желтоқсан 2022 жыл.

29 желтоқсанда Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы жаңадан салынып жатқан №207 мектептің ауласына бір топ қоғам белсендісі жиналды. Олар қаңтар айында пайдалануға берілетін мектеп "аралас мектеп" болып кете ме деп қауіптенеді. Айтуларынша Наурызбай ауданында тұратын бір топ орыстілді ата-ана WhatsApp-тағы чатта биліктің мектепті қазақ және орыс тілдерінде сабақ беретін аралас мектеп ретінде ашуға уәде бергенін айтқан.

Наурызбай ауданында орналасқан №173 мектептің мұғалімі, қоғам белсендісі Ақмарал Шатемірқызы да мектептің аралас болатынын естіп арнайы келіпті. Оның пайымдауынша жаңадан ашылған аудандағы қазақтілді мектептердің барлығында бала саны артық. Басқа мектептердегі сыймай отырған балаларды жаңадан ашылған мектепке көшіру керек.

– Мына мектепте артық орын жоқ деп ойлаймын. Өйткені осы маңайдағы №173 мектепте 4 мыңнан астам бала оқиды. Оның сыйымдылығы - 1200 орын. Немесе осы маңайды №208 мектеп бар. Оның да сыйымдылығы 1500, ал оқитын бала саны үш мыңға жуық. Сонда СЭС нормативіне байланысты осы ауданның өзінде 4300-ден астам бала жаңа мектепке зәру деген сөз. Енді соның бәрін біліп отырып, аралас мектеп қылып ашу – тілімізге қиянат, - дейді Шайтемірқызы.

Өзге белсенділер де осыған ұқсас пікір айтты.

Наурызбай аудандық білім бөлімінің бастығы Салтанат Құсайынова әзірге мектепті аралас немесе қазақтілді етіп ашу жоспарланбағанын, ата-аналардың өтінішіне байланысты шешім қабылданатынын айтты. Оның сөзінше, бүгінге дейін мектепке баласын қабылдауға өтініш бергендердің 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді.

- Мектеп қаңтардың басында ашылады деп жоспарланған. Қазірге дейін әлі де өтініштер түсіп жатыр. Даудың басы неден туындағанын білмеймін, бірақ нақты айтатын болсам, осы «Алма Ситиде» және Абай ауылында тұратын балалар жақын орналасқан №173, №200, №157 мектептерде білім алып жатыр. Ең бірінші сол мектептерге қатынап жатқан осы ауданның балалары келеді. Олар - қазақтілді оқушылар, - деді Салтанат Құсайынова.

Жергілікті тұрғын Майра Арыстанбаева қазақ және орыс тілдерінде білім беретін мектеп ашылады деп уәде берілгенін, сол үшін осы ауданнан үй алғанын айтты. Ол жетінші сыныпта оқитын ұлы алыс аудандағы орыс мектебіне баруға мәжбүр екенін, күн сайын кешкі 9-да үйге қайтатынын жеткізді.

"Олай болса, әу бастан-ақ аралас мектебі ашылады деп ата-аналарды құр үміттендірмеуі тиіс еді. Әкімдік бірден орыс мектебі болмайды деп айтуы керек еді" деді ата-аналардың бірі мектеп мәселесі талқыланған ашық чатта.

Наурызбай ауданы 2014 жылы құрылған. Ресми есеп бойынша, ауданда 137 мыңнан астам тұрғын тіркелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG