Accessibility links

Украинадағы соғыс Ресей ұлттарына азаттық әпере ме? Сарапшылар пікірі


Иван Грозный 1552 жылы Қазанды алған кезде қаза тапқандарды еске алу митингі. Татарстан.
Иван Грозный 1552 жылы Қазанды алған кезде қаза тапқандарды еске алу митингі. Татарстан.

Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы Путиннің жиырма бес жыл бойы құрған орталықтандырылған саяси жүйесіне селкеу түсірді. Ресей империясы мен Совет одағы тараған кездегідей қазір де Мәскеудің әлсіреуі сепаратистік көңіл-күйдің күшеюіне жол ашты.

Қазанда шешен ұлтынан шыққан Рустам Әжиев (әскери лақап аты – Абдул-Хаким Шишани) Украинаға барып, Киевті қолдап, соғысып жатқан шешен отрядына қосылды. 41 жастағы Рустам 19 жасынан бері Ресейге қарсы соғысып келеді. Ол Украинадағы кикілжіңді өмір бойы айналысып жүрген ісінің жалғасы көреді.

"1999 жылы соғыс басталды" дейді Әжиев Екінші шешен соғысын меңзеп.

Ол майданда жүріп, мойындалмаған Ичкерия сепаратистік мемлекеті орталық фронтының қолбасшысына дейін көтерілген. Кейін Ресейде елге беймәлім премьер-министр Владимир Путин кейін билік басына келді.

– 2000 жылы 19 жасымда халық арасынан жасақталған қарсылық тобына қосылдым. Бүкіл өмірім Ресеймен тіресумен өтті. Біз үшін соғыс әлі аяқталған жоқ, – дейді Рустам.

Рустан Әжиев Сирияда.
Рустан Әжиев Сирияда.

2011 жылы Әжиев Түркияға кеткен. Көп ұзамай сепаратистер қатарындағы шешен жауынгерлермен бірге Сирияға барып, тағы да Мәскеуге қарсы соғысқан.

– Жауымыз қайда барса да, сонда барамыз. Украинаға тарихи әділдік үшін күресуге келдім. Орыстарға қарсы соғысып жатқанымызда украиналықтардан тұратын шағын топ келіп көмектесіп еді. Олардың жақсылығын ұмытқан жоқпыз. Бұл – біз үшін тірі қалу амалы. Ресей барда бейбіт өмір сүре алмаймыз, – дейді Әжиев.

Әжиев – Украинадағы соғысты аз ұлттарға автономия құқығын кеңейту немесе Ресейден азаттық алу мүмкіндігі көретін жалғыз адам емес.Шілдеде Ресейдегі аз ұлттарды біріктіретін "Азат ұлттар лигасы" ұйымының жиынында "Империя эрзя халқын 800 жыл бойы отарлап келді" деген мәлімет айтылды. 800 мың халқы бар эрзя ұлтының тарихи отаны – Ресей аумағындағы Мордовия жері. Эрзя халқының арасынан ерікті түрде Украинаға кеткендер де бар.

2022 жылғы 30 қыркүйекте Эстония қаласы Отепяда эрзя халқының ұлтты съезі өтті.
2022 жылғы 30 қыркүйекте Эстония қаласы Отепяда эрзя халқының ұлтты съезі өтті.

Соғыс ұзаққа созылып, Мәскеу ойлағаннан да қымбатқа түсіп жатыр. Бақылаушылар қашан аяқталатыны белгісіз соғыс жағдайында Ресейде орталықтандырылған биліктің бұғауынан босағысы келетін күштер көбейгенін айтады. Соғыс пен экономикалық санкциялар әсерінен Мәскеудің Балтық және Қара теңізден Тынық мұхитқа дейінгі аумақты алып жатқан өңірлерге ықпалы әлсіреген сайын, бұл күштердің де белсенділігі артуы мүмкін.

Ресейдегі "Азат ұлттар форумының" шілдеде өткен кездесуінің мәлімдемесінде "Форумның мақсаты – Ресейді деколонизациялау. Ресей Федерациясы халықаралық құқық субъектісі ретінде жойылып, 25-35 тәуелсіз, демократиялы мемлекет пайда болғанда ғана мақсатымыз орындалады" делінген. Путинге қарсы топтар соғыс басталғалы Прагада төрт рет кездескен.

ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛУЫ МҮМКІН?

"Бұл сценарий шынымен жүзеге асуы мүмкін бе?" деген сұраққа қатысты неше түрлі пікір бар. Сарапшылардың көбі "Соғыс Ресейдегі орталықтандырылған билікке қауіп төндіре бастады" деген пікірге қосылады. Батыс дерегінше, Ресей бұл соғыста жиырма мың жауынгерінен айырылған. Ондаған мың сарбаз жараланып, із-түссіз жоғалып кеткен не тұтқынға түскен. Еңбекке қабілетті жүздеген мың адам шетелге қашты. Халықаралық қауымдастық Ресейге қарсы санкциялар енгізіп, Мәскеудің мұнай-газ табысына әсер ететін шараларды қолға алды.

Дмитрий Орешкин, саясаттанушы.
Дмитрий Орешкин, саясаттанушы.

– Билік жүйесінде бейберекетсіздік басталды. Путиннің жылдар бойы құрған билік вертикаліне қауіп төнді. Ресей соғыста жеңілсе, билікті ауыстырудың заңды жолы қалмайды. Күш құрылымдары өзара тартысып, бірін-бірі жеп қояды..., – дейді саясаттанушы Дмитрий Орешкин.

Кей сарапшылар Ресейде өңірлік элита әлсіз деп есептейді. Путин құрған жүйе өңір басшыларын жергілікті сайлаушыларға емес, Мәскеуге тәуелді етіп қойған. Азшылық халықтарының өкілдері арасынан шыққан шынайы көшбасшылар "экстремист" деп қудаланып, елден кетуге мәжбүр болған.

– 1980 жылдардың соңы 1990 жылдардың басындағы жағдаймен салыстырғанда қазір Мәскеуге қарсы тұра алатын көшбасшы жоқ, – дейді сарапшы Николай Петров. Ол Совет одағының тарауын, жергілікті басшылардың 15 республиканың тәуелсіздігіне баса назар аударғанын мысалға келтіреді.

– Совет империясының ыдырауы әлі аяқталған жоқ. Бұл процесс жалғасуы мүмкін. 15 жылдан кейін квазифедеративті немесе конфедеративті мемлекет болар, бәлкім, жекелеген өңірлер өз бетінше өмір сүрер, – дейді Орешкин.

Колумбия университеті Гарриман институтының Ресейдегі этникалық бірізділік мәселесі бойынша маманы, "Наразылық туғызу: Ресей республикаларындағы этникалық ұлтшылдық" кітабының авторы Элиза Джулиано үкіметке қарсы көңіл-күй әр өңірде әртүрлі екенін, Путиннің билігі тұсында нәзік тақырыптар бойынша қоғамдық пікірге зерттеу жүргізу мүмкін емесін айтады.

– Соғысқа қарсылықтың соңы Ресей билігіне қарсы наразылыққа ұласуы мүмкін. Бірақ әзірге ондай белгілер байқалмайды, сондықтан Ресей мемлекеті өз ішінен бөлініп жатыр деуге келмейді. Бұл мәселенің соңы қайда апаратынын болжау қиын, – дейді Джулиано.

Пол Гобл, сарапшы.
Пол Гобл, сарапшы.

Орталық барлау басқармасының отставкадағы сарапшысы Пол Гобл Совет одағының тарайтынын да бірнеше апта не ай бұрын ешкім дөп басып айта алмағанын еске салады.

Гоблдың пікірінше, Путин Ресейдің ақырын жақындата бастады. Ол өз әрекеті арқылы Совет одағын қайта құрып жатқан жоқ, керісінше, одақтың тарауына алғышарт болған аз топтардың антагонизмі және Ресейді әлемнен оқшаулау сияқты қателіктерді қайталап отыр.

– Империяның құлайтыны анық. Бұл – Кремльдің тиімсіз ішкі және сыртқы саясатының салдарынан жеделдеген тарихи процесс, – деді қазанда өткен қалмақтар съезіне төрағалық еткен Арслан Санжиев.

Қалмық белсендісі Арслан Санжиев.
Қалмық белсендісі Арслан Санжиев.

Съезде Қалмақ республикасының тәуелсіздігі туралы декларация қабылданған. Қалмақ республикасы – Ресейдің оңтүстігінде Еділ өзенінің жағалауында орналасқан буддистер өңірі.

Желтоқсанда Ресейдегі "Азат ұлттар форумының" атауы "ПостРесейдің азат халықтар форумы" болып өзгерді. Ресей Украинаға басып кіргелі бірнеше рет жиналған форумның төртінші кездесуі Швецияның Хельсингборг қаласында өтті. Шешен, татар, башқұрт, ноғай, черкес, карел, казак ұлтының өкілдері Ресейді "банкрот мемлекет" деп танып, Ресей Федерациясын жоюға шақыратын декларацияға қол қойды. Дәл осы форумда Карелия мен Сібір Конфедерациясының тәуелсіздігі туралы декларация қабылданды. Ресейдің шығысындағы мұнай мен газға бай өңірдің егемендігін жариялау бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе еді.

Мәскеу сепаратистік қозғалыстардан қорқады, аз ұлттардың қоғамдық-саяси ұйымдарын жауып, белсенділерін қудалайды. Соғыстың алдында аз ұлттардың белсенділігі күшейген, бұл он айдан бері жалғасып келеді. Шілдеде Мәскеу Орта Поволжьеде тәуелсіз мемлекет құруды қолдайтын "Свободный Идель-Урал" қоғамдық қозғалысын "қауіпті ұйым" деп таныған. Бір ай бұрын татарлардың басын қосатын қоғамдық орталық "экстремистік" ұйымдар тізіміне еніп, жабылып қалған.

Тарихшы Максим Кузахметов Санкт-Петербургте тұрады және "Шекарасыз Ингрия" телеграм-каналын жүргізеді. Ол Ингрия тарихи облысының тәуелсіздік алғанын қалайды. 18-ғасырда Петр патша Санкт-Петербургтың іргесіндегі Ингрия жерін Ресейге қосып алған. Тарихшының сөзінше, белсенділер жақында Ингрия туын ұстап, ұрандатып, шеру өткізген.

Ингрия туын ұстаған адамдар.
Ингрия туын ұстаған адамдар.

– Ұзақ жылдар бойы көзқарасы ұқсас адамдармен еркін кездесіп, Ингрияның Ресейден бөлінуі мәселесін ашық талқылап келдік. Енді мұндай талқылаулар қылмыстық әрекетке жатады, – дейді Кузахметов.

АЗ ҰЛТТАРҒА ҚАРСЫ ГЕНОЦИД

Ресейдегі аз ұлттар наразылығы соғыспен бірге басталып, Мәскеу Киевті ала алмаған соң, әскерге жаңа күш жинай бастағанда қайта күшейді. Олар жауынгерлердің көбі аз ұлттардың арасынан жиналып жатқанына, азаматтардың Мәскеу амбициясы үшін өлуге кеткеніне қарсы болды.

Орешкин ВВС жариялаған "Өңірлерден соғысқа кетіп, майданда қаза тапқан жауынгерлер тізіміне" сүйеніп, "Кез келген географ бұл деректерді өңірдегі жалпы халық санымен салыстырып, орны толмас шығын келгенін анықтай алады" дейді.

Мысалы, Тывада 3300 ересек адамға бір қаза тапқан жауынгерден келеді. Мәскеуде 480 мың тұрғынға шаққанда соғыста бір адам өлген. Мәскеу мен өңірлер арасындағы айырмашылық жүз еседен де көп.

Путин күзде ішінара мобилизация жариялаған кезде тәуелсіздік үшін қозғалыс күшейген. Ресейдегі қуғын-сүргінге қарамастан, елдің оңтүстігі мен Солтүстік Кавказда мобилизацияға қарсы наразылықтар болды. Ондаған әскери бөлімше өртелді. Forbes басылымы қазанда Кремльдегі ақпарат көзіне сілтеп, 700 мың ресейлік елден кеткенін жазды.

"Мобилизация соғысқа қарсы қозғалысқа жаңа дем берді. Оған дейін ойымды ашық айта алмадым", – дейді қалмақ белсендісі Батыр Бороманнаев.

Башқұрт журналисі Айгүл Гимранова-Лев мобилизацияны "аз ұлттарға қарсы жасалған геноцид" деп бағалайды. Ол қыркүйекте әлеуметтік желідегі парақшасына "Қазір Ресей аз ұлттарды соғысқа пайдалану арқылы бір оқпен екі қоянды атып отыр" деп жазды.

Бұл пікірге Саха республикасындағы "Яблоко" либерал партиясы бөлімшесінің басшысы Анатолий Ноговицын да қосылады.

– Якуттар саны 400 мыңға жуықтайды. Бұл аз, өйткені халықтың көбін балалар мен қарттар құрайды. Жұмыс істейтін, отбасын құрып, бала тәрбиелейтін жастағы азаматтар – 100 мың ғана. Билік аз халықтарды жойып жатыр, – деді Ноговицын.

Ресейлік сарапшы Григорий Голосов тамызда Facebook парақшасына "Путин өңірлерді Украинаға қарсы соғысқа әскер жіберуге мәжбүрлеу арқылы Ресейдің түбіне жетеді, мемлекеттің құлауы бейбіт жолмен емес, зорлық-зомбылықпен жүзеге асуы мүмкін" деп жазды.

– Соғысқа кеткен еріктілер оралған кезде әр өңірде әскери тәжірибесі бар, қару ұстап үйренген наразы топтар пайда болады. Олар жергілікті билікке ұмтылған адамдардың қолшоқпарына айналып кетуі мүмкін. Кез келген әлеуметтік не саяси дағдарыс кезінде "билікті өз қолымызға алайық" деген ұрандар айтылады. Бірақ жергілікті қарулы күш болмаса, бәрі бекер, – деп жазды сарапшы.

Голосовтың "Ресейде қылмыстық автократияға айналатын 80 түрлі жеке дара мемлекет құрылуы мүмкін" деген болжамын жоққа шығаруға болмайды.

ТӘУЕЛСІЗДІК ЭЙФОРИЯСЫ

1552 жылы қазанда Қазан қаласы орыстардың қолына өтті. Ресей әскері Қазан хандығының астанасын 1469 жылдан бері он рет қоршап, ала алмаған. Қазан жау қолына берілгеннен кейін де бірнеше жыл бойы партизан соғысы жүрді. Бірақ бұл хандық дәуірінің аяқталғанын көрсетіп, Ресейдің Еуразиядағы экспансиясына жол ашқан елеулі оқиға болды. Қазан хандығы құлағаннан кейін Татарстан, Башқұртстан, Мордовия, Удмуртия, Марий Эл сияқты территориялар Ресейге өтіп, елдің бір облысына айналды. 18-ғасырдың ортасында Ресей Мәскеудің іргесіндегі негізгі территориясынан әрі асып, оңтүстік, солтүстік, Сібір және Қиыр шығыстағы ондаған халықтың тарихи отанын өзіне қосып алды. Көп жерде орыстар еуропалықтардың Американы жаулап алғанына ұқсайтын саясат жүргізіп, байырғы халықтарға үлкен зардабын тигізді.

Татар суретшісі Фиринад Халықовтың "Құл-Шариф мешітіндегі соңғы шайқас" деп аталатын картинасы. Суретте Қазандағы шайқастың көрінісі бейнеленген.
Татар суретшісі Фиринад Халықовтың "Құл-Шариф мешітіндегі соңғы шайқас" деп аталатын картинасы. Суретте Қазандағы шайқастың көрінісі бейнеленген.

Ерте Совет дәуірінде большевиктер билікке жаңа келгенде этностық топтардың қолдауына мұқтаж болды. Орталық үкімет Ресей Советтік Федеративті социалистік республикасы аумағындағы көп облыспен автономия құру туралы келісімге отырды. Бірінші болып Башқұрт АССР құрылды. Шартқа сәйкес, өңірлерге жергілікті өзін-өзі басқару, білім, мәдениет пен ауыл шаруашылығы саласында кең құзырет берілді.

Сталин билікке келген соң бұл құзыреттің бәрін қайтарып алды. Орыстардан басқа этностық топтарға қарсы дискриминациялық саясат жүргізе бастады. Билік олардың тілі мен мәдениетін жойып, жаппай орыстандыруға тырысты. 1941-1944 жылдары Повольже немістері, қарашай, қалмақ, шешен, ингуш, балқар, месхетин түріктері мен қырым татарлары "күмәнді элементтер" ретінде тарихи отанынан басқа жерлерге депортацияланды. Бұл байырғы халықтарды орны толмас шығынға ұшыратты.

Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталғанда Сталин "Совет халқының, бірінші кезекте, Совет одағындағы ең озық ұлт – орыстардың денсаулығы үшін" деген тост көтерді.

Орыстарды басқа ұлттардан жоғары қойған Сталин сөзінің лебі әлі күнге сезіледі. 2020 жылы Путин "орыс тілі – мемлекетті құраушы ұлттың тілі" деп, бірқатар конституциялық өзгерістер енгізген.

1980 жылдардың соңы 1990 жылдардың басында Совет одағы ыдырап, орталық биліктің әлсіздігі совет республикаларын ғана емес, Ресейдегі аз ұлттарды да тәуелсіздікке ұмтылуға итермеледі. Басында Ресей федерацияға айналуды, автономды республикалар құқығын кеңейтуді ұсынды. 1993 жылы татар әлеуметтанушысы Мидхат Фарухшин бұл кезеңді "тәуелсіздік эйфориясы" деп сипаттап, Ресей президенті Борис Ельциннің "өңірлерге тойғанынша тәуелсіздік береміз" деген уәдесін мысалға келтірді.

Бірақ Мәскеу территориялық тұтастығына қауіп төнгенде бұрынғы сабырлы қалпын сақтай алмады. 1991 жылы қараша Ельцин Шешенстанға әскер кіргізіп, Бірінші шешен соғысын бастады. Қазан айында Шешенстанда басым дауыспен өңірдің тәуелсіздігін қолдайтын заң шығарушы орган сайланған еді. 1992 жылы наурызда Татарстанда референдум өтіп, сайлаушылардың 62 пайызы "Татарстан – тәуелсіз мемлекет, Ресей Федерациясымен және басқа да республикалармен тең дәрежеде қарым-қатынас құра алатын халықаралық құқық субъектісі" деген мәртебеге дауыс берген. Бір айдан кейін Татарстан мен іс жүзінде тәуелсіздігін жариялаған Шешенстаннан басқа 90 өңір Ресеймен федеративті келісімге қол қойды.

Ресей сарбаздары Шешен соғысында, 1999 жыл.
Ресей сарбаздары Шешен соғысында, 1999 жыл.

ПУТИННІҢ РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСЫ

1999 жылы Ельциннің тағайындауымен президент қызметін атқаруға кіріскен Путиннің тұсында Ресейде федералды жүйе өзгеріп, өңірлер тікелей Мәскеуге бағынатын болды, облыс өкілдерінен сайланған Федерация кеңесі (парламенттің жоғарғы палатасы) сияқты институттар билігінен айырылды.

Кремль мұны "Ресей – алпауыт мемлекет, кез келген сәтте елдің тұтастығы мен бірлігіне нұқсан келуі мүмкін, сыртқы күштер әр қадамымызды аңдып, жығылғанымызды күтіп отыр" деген сылтаумен түсіндірді.

2005 жылы сол кездегі президент әкімшілігінің басшысы Дмитрий Медведев (2008-2012 жылдары Ресей президенті болды) бір сұхбатында "Элитаның басын біріктіре алмасақ, Ресей біртұтас мемлекет ретінде жойылып кетуі мүмкін. Қазіргі Ресей құласа, оның қасында Совет одағының ыдырауы балалар қойылымы сияқты болып қалады" деген.

2011 жылы Путин Солтүстік Кавказ федералды округінің үкімет отырысында "Өңір Ресейдің құрамынан шықса, салдары ауыр болады" деп ескерткен.

– Бөлініп шықсаңыздар, бір секунд не сағат өтпей, Ресейдің басқа субъектілері де осыны қайталауға тырысады. Бұл еліміздің әрбір азаматының басына келетін қайғылы жағдай болмақ, – деген Путин.

Бақылаушылардың көбі Путиннің шектен тыс орталықтандырылған, жеке өзіне ғана байланған саяси жүйесі Ресейге қауіпті деп есептейді.

– Путин федерализмді жойып, Ресейге қарсы қылмыс жасады. Алдағы бес-жеті жылда осының салдарын көреміз. Ол өңірлер мәселесін шешіп, әділдік орнататын институттардың көзін құртып, елдің құрдымға кетуіне жағдай жасады, – дейді Орешкин.

Бұрын мемлекеттік думада болған, қазір қуғындағы ондаған азамат мүше "Халық депутаттары съезін" басқаратын оппозиционер Илья Пономарев Путиннен кейін Ресейде демократия орнайды деп үміттенеді.

– Ресейдің империя екенін еске салатын дүниенің бәрінен арылуымыз керек. Империя жойылуы тиіс. Басты мақсатымыз – осы. Содан кейін күш біріктіріп, демократиялық мемлекет құрамыз, – деді Пономарев.

Ресейдегі ұлттық қозғалыстар федерализмнен бас тарту туралы мәлімдемелерді бұрын да естіген.

– Империяның құрамынан шыққымыз келеді. Ресей Федерациясы деп атағым да келмейді, – деді башқұрт националисті Руслан Габбасов.

– Борис Ельцин коммунистік партия мен қауіпсіздік қызметі шенеуніктерінің билікке келуіне шектеу қоймай, федерализмге берілген тарихи мүмкіндікті жіберіп алды. Кейін билікті мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің офицеріне табыстады, – дейді Габбасов.

"Мәскеу сенімсіз серіктес болып шықты", – дейді қалмақ белсендісі Санжиев.

"Азат ұлттар форумы" Пономаревтың пікірімен келіспейді. Оппозиционер "Путиннен кейінгі Ресейге барлық өңір кіреді, бірақ олардың кез келген уақытта шығып кетуге құқығы бар" деп мәлімдеген. Этникалық азшылық өкілдері "Путинге қарсы қозғалыс өңірлердің тәуелсіздігіне алып келуі керек, кейін өңірлер демократиялық референдумдар негізінде жеке дара қала ма, әлде конфедерацияға қосыла ма, өздері шешеді" деп отыр.

– Әуелі тәуелсіздік, содан кейін ғана референдум. Колониалды саясаттың салдарын ұзақ талқылап, Ресейдегі аз ұлттарға қандай зардап келгенін ашып айтып, тәуелсіздік қандай мүмкіндіктер беретінін түсінгеннен кейін ғана референдум өткізуге болады. Бодандықта жүрген халықтың бәрінде солай болуы керек, – дейді Габбасов.

Ол Башқұртстан, Татарстан, Қалмақ республикасы, Бурятия сияқты өңірлерде референдумды екі-үш жылдан кейін ғана өткізу керек деп есептейді. Пономарев тобының мәлімдемесі Совет одағының бұрынғы басшысы, республикаларды "реформадан өткен", "демократиялық" Совет одағының құрамында қалуға көндірмек болған Михаил Горбачевтың сөзін еске салды.

"ЕНДІ МҰНДАЙ МҮМКІНДІК БОЛМАЙДЫ"

– Совет одағы тарағанда халықаралық қауымдастық "Ресей одақтың мұрагері болып қалып, ядролық және жаппай қырып-жою қарулары үшін жауапкершілік алуы тиіс" деген пікірде болды. Батыс Шешенстандағы соғысты "ішкі кикілжің" деп қарастырып, "Ресей конституциялық тәртіпті қалпына келтіруге тырысып жатыр" деді. Ол кезде Ресей коммунистік тоталитаризм шекпенінен жаңа шығып, еркін әлемге енді қосылып жатқан мемлекет еді. Ниеті де түзу сияқты көрінген. Бірақ қазір жағдай басқа. Батыс мемлекеттері Ресейді "террористік мемлекет" деп атап отыр”, – дейді Санжиев.

"Татарстан жастары" газетінің бірінші бетінде Шешенстанды қолдайтын мақала.
"Татарстан жастары" газетінің бірінші бетінде Шешенстанды қолдайтын мақала.


Батыс Мәскеудің 1994 жылы қол қойған Украинаның территориялық тұтастығы туралы Будапешт меморандумын бұзып, көршісін ядролық қарумен қорқытуын жауапсыз әрі қауіпті әрекет деп бағалайды. Халықаралық қауымдастық Ресейдің Украинада жасаған соғыс қылмысына куә болды. Мәскеудің қазаннан бері бейбіт тұрғындарға қызмет ететін инфрақұрылымдарды жаппай бомбалап жатқанын көрді.

– Қазіргі саяси жағдай басқа. Батыс саясаткерлері мен халықаралық қауымдастық Ресейдегі аз ұлттардың тәуелсіздігіне қазір басқаша қарайды. Бұл халықтар агрессор мемлекеттен бөлініп шығуға құқылы, – дейді Санжиев.

Ингрияның тәуелсіздігін жақтайтын тарихшы Кузахметов Украинадағы соғыс Ресейдің бірнеше шағын мемлекетке бөлінуімен аяқталады деп сенеді. Ол бұл процесті Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі Австро-Венгрия империясының бөлінуіне ұқсатады. Тарихшы тәуелсіз Австрияның жері кішірейіп қалғанымен, жағдайы әлдеқайда жақсарғанын айтады.

– Путин елді талан-таражға салу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап отыр. Бөлініс Солтүстік Кавказдан немесе шекарадағы басқа этникалық республикалардан басталатын шығар. Татарстан мен Башқұртстан сияқты бай өңірлерде сепаратистік көңіл-күй жоғары. Бір кездері Қазан тәуелсіз мемлекеттің астанасы болған. Орта Поволжье жұрты мұны ұмытқан жоқ. Оның үстіне, Ресейден бөлініп, Польша мен Литваның арасында қалған Калининград облысы бар. Бүлік сол жақтан шығуы мүмкін. Екі-үш өңір Мәскеуден бөлініп кетсе, домино эффектісі басталады, – дейді тарихшы.

Сарапшылар пікірінше, Путиннің Украинаға қарсы соғысы және Ресейдегі орталық биліктің әлсіреуі ешкім күтпеген, салдары белгісіз процестерге жол ашты.

– Орталық күшін жоғалтып жатыр, – дейді Орешкин. Орталық құласа, өңірлерде толқу басталады. Бірақ қандай толқу болатынын білмейміз. Мәскеудегілер бір-бірімен есеп айырыса бастаса, бұл өңірлерге де жетеді.

"Азат ұлттар форумының" жиыны. Прага, 22-24 шілде.
"Азат ұлттар форумының" жиыны. Прага, 22-24 шілде.

Этникалық топтардан шыққан белсенділер Ресейдің Украинаға қарсы соғысы шешуші сәтке келді, алда Ресей империясының немесе Совет одағының ыдырауы сияқты маңызды оқиғалар болуы мүмкін деп топшылайды.

– Тәуелсіздік үшін күресіміз әлі басталған жоқ. Украинадағы соғыс бізге керемет мүмкіндік сыйлады. Енді мұндай мүмкіндік болмайды, – дейді қуғындағы татар үкіметінің вице-премьері Рафис Кашапов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG