Accessibility links

"Назарбаев дәуренінің соңы" және "Орталық Азия үшін қиын жыл"


Орталық Азиядағы ең ірі мешіттің ашылуына қатысқан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев. 12 тамыз 2022 жыл.
Орталық Азиядағы ең ірі мешіттің ашылуына қатысқан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев. 12 тамыз 2022 жыл.

Батыс басылымдары түгесіліп жатқан 2022 жылдың соңғы аптасында Орталық Азия 2023 жылы қандай қауіп-қатермен бетпе-бет келуі мүмкін деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар келер жылы Назарбаев пен оның отбасы заңмен берілген артықшылықтардан айырылып, Назарбаевтан арылу жалғасады деп болжады. Одан бөлек Орталық Азия елдері Ресей көлеңкесінен шыға бастағанымен, Мәскеудің аймақтағы ықпалы әлі де күшті екенін жазды.

«НАЗАРБАЕВТАН АРЫЛУ» ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Қазақстан парламенті келесі жылы «Тұңғыш президент» туралы заңның күшін жоюды көздеп отыр. АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы заң күшін жойса, бұл экс-президент Назарбаев пен оның отбасына берілген иммунитет пен артықшылықтарға айтарлықтай әсер ететінін жазады.

28 желтоқсанда парламенттің төменгі палатасы мәжіліс «Тұңғыш президент туралы» конституциялық заңның күшін жоятын заң жобасын қарауға алған. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов журналистерге заңның күшін жою мәселесі 2023 жылы қаңтарда өтетін парламенттің бірлескен отырысында қаралатынын жеткізді.

Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Паоло Сорбелло «Конституцияның 46-бабы Назарбаевты қылмыстық қудалаудан қорғайды, бірақ «Тұңғыш президент туралы» заңның күші жойылса, бұл экс-президент пен оның отбасына берілген иммунитет, артықшылықтар мен оның қорына бюджеттен бөлінетін ақшаға әсер етпек» деп жазады. Сонымен қатар «Тұңғыш президент туралы» заң экс-президенттің үй-жайы, жеке мұрағаты, мұражайы, кітапханасы, көлік пен емделу шығындарын да қамтиды.

Бұл заң экс-президентке 2019 жылы зейнетке шыққан соң да ықпалы мен саясаттағы стратегиялық рөлін сақтап қалуға мүмкіндік берген. Бірақ 2022 жылдың қаңтар айының басында болған канды Қаңтар оқиғасы Назарбаевтың позициясын әлсіретті. 18 қаңтарда жарияланған видеомәлімдемеде «Назарбаев Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанын» қолдаушы және әлсіз болып көрінді». Сол күні Назарбаевты қылмыстық қудалаудан қорғайтын иммунитеттен айыру жайлы петицияға ондаған мың адам қол қойды.

Қанды Қаңтардан кейін Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі мен кейін атауы «Аманатқа» өзгертілген биліктің «Нұр Отан» партиясын басқармайтын болды.

Паоло Сорбелло «Тоқаев Конституцияға өзгертулер енгізу бойынша 5 маусымда референдум өткізу арқылы шын мәнінде Назарбаевтың жүйесінен бас тартуға құлықты екенін көрсеткісі келді» дейді. Референдумға шығарылған өзгерістер Назарбаевтың есімін Конституциядан алып тастап, «елбасы» өкілетін әлсіретуді көздеді, автор мұны Назарбаевқа қарсы бағытталған қадам деп бағалайды.

Автордың жазуынша, «Тұңғыш президент туралы» заңды мәжіліс маусымдағы референдумнан кейін жарты жыл өткен соң ғана қарауға алғаны экс-президент мұрасын көзі тірісінде жоюға қарсылық бар екенін айғақтайды.

«2019 жылы «елбасы өмірінің соңына дейін қоғамдағы бірліктің гаранты болып қала береді» деп жазған едім. Автократ дәуренінің соңы жақындаған болуы мүмкін, бірақ Тоқаев шын мәнінде «жаңа жүйенің» адамы ма, жоқ па, белгісіз» дейді Сорбелло.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ 2023 ЖЫЛЫ НЕ КҮТІП ТҰР?

Сингапурдағы Наньян технологиялық университеті жанындағы Раджаратнам атындағы халықаралық зерттеулер мектебінің аға ғылыми қызметкері Рафаэлло Пантуччи Жапонияда шығатын Nikkei Asia басылымында «2023 жылы Орталық Азияны не күтіп тұр?» деген сұраққа жауап іздейді.

«2022 жыл Орталық Азия үшін аласапыран жыл болды. Ол адам шығынан әкелген қанды оқиғадан басталып, аймақтағы ең мықты екі ойыншы − Қазақстан мен Өзбекстанның одағы туралы әңгімемен аяқталды».

Автордың жазуынша, 2023 жылдың қалай болары белгісіз, зорлық-зомбылық өршуі мүмкін, аймақтағы мемлекеттердің геосаяси құлдырауы мен ел ішіндегі қысым күшеюі ықтимал. Ең басты сұрақ – Украинаның тағдыры. Соғыстың жақында аяқталуы екіталай, сондықтан Орталық Азия үшін Мәскеу 2023 жылы да қиын серіктес болып қала береді.

Украинадағы соғыстан кейін аймақ елдерінің экономикасы жайлы болжамдар іске аспады. Дегенмен автор Украинадағы соғыс 2023 жылы аймақ елдерінің экономикасына соққы жасауы мүмкін деп болжайды.

«Ресей экономикасы құлдырауы мүмкін немесе Орталық Азия қол жеткізген геосаяси баланс кенеттен өзгеруі ықтимал» дейді автор.

Пантуччи Қазақстан мен Өзбекстандағы адам құқықтарын бұзған зорлық-зомбылыққа ұласқан оқиғалар мен Тәжікстандағы Таулы Бадахшандағы қуғын-сүргін және Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара қақтығысын халықаралық қауымдастық көп сынамағанына назар аударады. Зерттеуші әдетте мұндай әрекетті айыптайтын Батыс елдері сол елдердің үкіметтері мәселені өзі шешер деген үмітпен оны елемеді деп есептейді.

«Аймақтағы бұл оқиғалар тұрақты болып саналған елдердің өзінде үлкен шиеленіске әкелуі мүмкін мәселелердің бар екенін ашып берді» деп жазады автор.

Сарапшының пайымдауынша, аймаққа тікелей қауіп Ауғанстан шекарасынан төнуі мүмкін. Ауғанстандағы «Талибан» өз қарсыластарымен қақтығыспаса да, режимнің билігі әлсіз.

«Ислам мемлекеті − Хорасан» экстремистік тобы әлі де режимге қауіп төндіріп отыр. Ал бұл Орталық Азияға салдарын тигізуі ықтимал» деп пайымдайды Пантуччи.

Зерттеуші Өзбекстан мен Қазақстан ынтымақтастықты дамытып жатқанын көрсетсе де, Путин ұсынған «газ одағына» қосылу ұсынысынан үзілді-кесілді бас тартпағанын келтіреді.

Пантуччи Ауғанстандағы тұрақсыздық пен Украинадағы соғыс шиеленіссе, бұл Орталық Азияға сөзсіз кері әсерін тигізеді дейді. «Жаңа жыл қиын болатын тәрізді» деп қайырады зерттеуші.

«РЕСЕЙ КӨЛЕҢКЕСІНЕН ШЫҒУ»

Ал Ұлыбританияда шығатын Financial Times басылымы Орталық Азия елдері Ресей көлеңкесінен біртіндеп шығып жатқанын жазды. Бұған Ресейдің Украинадағы соғыста сәтсіздікке ұшырауы себеп. Аймақ елдері «1991 жылы коммунизм ыдырағалы бері бұрын-соңды болмаған әдіспен тәуелсіздігін күшейтіп жатыр».

Мақала авторы Тони Барбердің жазуынша, Орталық Азия енді Ресейді өз қауіпсіздігінің кепілі деп қабылдамайды, тіпті қауіп көреді. Украинаға соғыс бастаған Мәскеу артынша аймаққа басып кіруі мүмкін бе деп алаңдайды. Бұл әсіресе үш миллион орыс тұратын Қазақстанды алаңдатады. Путин 8 жыл бұрын қазақ мемлекеттілігіне күмән келтіріп, қазақтар «орыс әлемінде қалуы керек» деген.

Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін соғыстан қашқан азаматтардың бір бөлігі Қазақстанға келді. Суретте халыққа қызмет көрсету орталығына салық төлеушінің жеке нөмірін алуға келген ресейліктер. Ақтөбе, 28 қыркүйек 2022 жыл.
Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін соғыстан қашқан азаматтардың бір бөлігі Қазақстанға келді. Суретте халыққа қызмет көрсету орталығына салық төлеушінің жеке нөмірін алуға келген ресейліктер. Ақтөбе, 28 қыркүйек 2022 жыл.

Барбер Орталық Азиядағы бес ел сақ қимылдап, Мәскеудің алшақтауға тырысқанымен, Ресейдің аймақтағы саяси, әскери, экономикалық және мәдени ықпалы әлі де күшті деп есептейді.

«Орталық Азия мемлекеттері Еуроодақ немесе Түркияны былай қойғанда, Қытай немесе АҚШ-қа қарай түбегейлі бет бұрады деп күтудің қажеті жоқ» деп жазады ол.

Автор Орталық Азия басшыларының Путиннен біртіндеп алшақтауға тырысуын ел ішіндегі либерализацияға бет бұру деп қабылдауға болмайды дейді.

«Аймақ елдері Грузия, Украина немесе Молдова сынды бұрынғы кеңестік мемлекеттердей демократия мен Батыспен одақтарға ұмтылып жатқан жоқ».

Барбердің талдауынша, Орталық Азия елдері Ресейдің Украинадағы соғысын айыптаған жоқ, олар Мәскеуді ашуландырып алмауға тырысып жатыр.

«Бес мемлекеттің мақсаты – тәуелсіздігі мен тұрақтылығын сақтап қалу... Ал Ресей үшін басты проблема – ғасырдан астам уақыт бойы өз үстемдігі жүрген аймақтағы ықпалын сақтап қалу» деп түйіндейді автор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG