Беларусь соты Латвия азаматы Дмитрий Михайловты авторитар басшы "Александр Лукашенкоға тіл тигізгені үшін" төрт жылға бас бостандығынан айырды. Латвияның LETA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Михайлов "билікке тіл тигізді", "өшпенділік қоздырды" және "Беларуське санкция салуға үндеді" деп айыпталған.
Белорус полициясы "заңсыздыққа айғақтарды" Михайловтың телефоны мен әлеуметтік желідегі әңгімелерінен тапқан.
Михайлов қамауға маусымда алынған. Сол кезде Латвия сыртқы істер министрлігінің парламенттік хатшысы Занда Калниня-Лукашевич Латвия елшілігінің қызметкерлері өз азаматына көмектесуге тырысқанмен үлгермегенін, Михайлов ұсталғаннан соң психиатрия ауруханасына сараптамаға жіберілгенін айтқан.
Латвия елшілігі өкілдері Михайловпен тек 21 желтоқсанда сот отырысында ғана жүздескен. Бұған дейін Латвия Беларусьтен консулды ашық сот отырысына қатыстырмауының себебін түсіндіруді талап еткен. Латвия баспасөз хатшысының айтуынша, консулдық қатынас туралы Вена конвенциясына сәйкес, консулдықтың лауазымды өкілі шетелдегі өз азаматтарымен еркін тілдесе алуы тиіс.
Латвия азаматы Михайлов Беларусьте уақытша тіркеуде тұрған. Беларусьтегі құқықтық ахуалды алға тартқан Латвия сыртқы істер министрлігі азаматтарын ол елге бармай тұруға үндеді.