Accessibility links

Ресей мен Украина тұтқын алмасты: 82 ресейлік пен 140 украин еліне оралды


Ресей тұтқыннан босатылған Украина азаматтары. Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак жариялаған сурет.
Ресей тұтқыннан босатылған Украина азаматтары. Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак жариялаған сурет.

Ресей қорғаныс министрлігі 31 желтоқсанда Украинада тұтқында болған 82 ресейлік жауынгер босатылғанын хабарлады.

"Оларды емдеп, оңалтуға Мәскеудегі медицина мекемелеріне әкеледі" деді әскери министрлік.

Ресейдің ТАСС агенттігі өз-өзін жариялап алған "Луганск халық республикасының" "адам құқығы жөніндегі уәкілі" деп атаған Виктория Сердюкова "ЛХР"-дың 40-тан астам сарбазы босатылды деп айтқан. Бірақ ол адамдар "ресейлік жауынгерлер" тізіміне енгізілген бе, әлде жеке есепке алына ма, ол жағы түсініксіз.

Украина жағы да тұтқын алмасқанын растады. Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак 140 украин азаматы үйге оралғанын хабарлады.

"82 – Украина қарулы күштерінің, 15 – аумақ қорғанысынан (тероборона), 22 – Украина ұлттық гвардиясынан, 11 – әскери-теңіз күштерінен, 10 – мемлекеттік шекара қызметінен" деп жазды ол Телеграм-каналына. Ермак олардың аты-жөнін атамады, бірақ 132 ер және 8 әйел, 22 офицер мен 118 солдат пен сержант Ресей тұтқынынан босатылғанын айтты.

Украинаның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Алена Вербицкая 30 желтоқсанда германиялық RND басылымына берген сұхбатында қазіргі кезде Ресей жағында 3400-ге жуық украин әскери қызметкері тұтқында отыр деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG