Ресейден ет тасымалдау мүмкіндігінен айырылған McDonald's Қазақстан нарығынан кетуі ықтимал. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Bloomberg агенттігі жазды.
Агенттіктің хабарлауынша, Ресей нарығынан кеткен соң McDonald's Қазақстандағы франчайзиге Ресейден ет сатып алуға тыйым салған. Қазақстандағы McDonald’s франшизасының операторы Food Solutions KZ тасымалдау мәселелеріне байланысты жұмысын қараша айында тоқтатқан еді.
Жергілікті "Атамекен" арнасының хабарлауынша, желтоқсан ортасында қазақстандық өндірушілер McDonald's мейрамханасына өз өнімдерін жеткізуге даяр екенін мәлімдеген. Сол кезде арна Food Solutions KZ бас директоры Әсет Машановтың "мейрамхана жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатқаны туралы" сөзін келтірген болатын.
"Еліміздің нарығында жұмысымызды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, мейрамхананың жұмысын қалпына келтіруге күш саламыз. Біздің компания елдегі ірі жұмыс берушілердің бірі. Қазақстан нарығына салыстырмалы түрде жуырда ғана шыққан (6 жыл - ред.) брендті әрі қарай да дамытқымыз келеді. Біз халықаралық бренд болғандықтан қазіргі геосаяси жағдай бізге де әсер етіп отыр" деді Әсет Машанов.
Дегенмен дереккөзге сүйенген Bloomberg'тің жазуынша, қазақстандық франчайзиге жергілікті немесе еуропалық тасымалдаушылардан ет сатып алуға оның қымбат бағасы кедергі келтіріп отыр. Ондай жағдайда компания шығынға батуы мүмкін.
Жағдайды қазақстандық франчайзиге ие кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың қамауда отыруы да жағдайды қиындатып отыр. Боранбаев былтыр наурызда "квазисектордан ірі көлемде қаражат жымқырды" деген күдікпен ұсталған. Астанада өтіп жатқан сотта ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.
McDonald’s франшизасын ол 2014 жылы сатып алған. Ақпарат құралдары Боранбаевты Қазақстан мен Беларусьтегі франшизалардың иесі деп атаған.
Кәсіпкер ұсталғаннан кейін көп ұзамай Алматыдағы паркингті басқаратын оған қарайтын екі компания Алматы әкімдігіне қайтарылған. Сәуір айында онымен байланысты Қарағанды дәрі-дәрмек кешені коронавирусқа қарсы ресейлік вакцина шығаруды тоқтатқан.
Былтыр ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін McDonald's Ресейдегі мейрамханаларын жапқан. Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, ізінше ондағы McDonald’s жергілікті лицензиат Александр Говорға сатылған. Маусымда Ресейдегі McDonald’s мейрамханалары "Вкусно – и точка" деген жаңа брендпен қайта ашылған.
ПІКІРЛЕР