Accessibility links

Бас прокуратура: Азаптау бойынша 329 қылмыстық іс қозғалған. 24-і сотқа жіберілді


Қаңтар құрбандарын еске алу жиынында "Тоқаев азаптауды тоқтат" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған ер адам. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар құрбандарын еске алу жиынында "Тоқаев азаптауды тоқтат" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған ер адам. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасынан кейін азаптау бойынша 329 қылмыстық іс қозғалған. Қазірге дейін 24-і сотқа жіберілді. 5 қаңтар күнгі мәжілістің пленарлық отырысында бас прокурор Берік Асылов осылай деп мәлімдеді.

Алматы облысының полиция ғимаратында азапталған 24 адам сонымен бірге Алматы қаласының тергеу изоляторы мен Бостандық полиция бөлімінде азапталған Радченко, Бекжанов және Анафияевтің шағымы бойынша істер сотқа жөнелтілген.

Бұған қоса, азаптаудан көз жұмған Талдықорғанда – Мұқашев, Алматыда – Өтепбаев және Семейде Жотабаевтың азапталуына қатысты істер бойынша тергеу аяқталған.

Бас прокуратура мәліметінше, азаптау туралы 329 істің 34-ін арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр. Ол істер бойынша полиция және ҰҚК қызметкерлері күдікке ілінген.

"Өкінішке қарай, хаос жағдайында күштік құрылымның жекелеген қызметкерлері ұсталғандарға қатігездік көрсеткен. Оны ақтауға болмайды. Президент айтқандай, адам азаптағандар шен және қызметіне қарамастан лайықты жазасын алады" деді Берік Асылов.

Азаптау істерінің басым бөлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іc-қимыл агенттігінің өндірісінде болған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іc-қимыл агенттігінің мәліметінше, азаптауды тергеу бойынша 851 сот сараптамасы жүргізілген. 347 қылмыстық іс "қылмыс құрамының болмауына байланысты" тоқтатылған.

Былтыр қаңтар басында үкіметке қарсы наразылық кезіне және одан кейін мыңдаған адам қамауға алынған. Қаңтарда ұсталған жүздеген адам өздерінің азапталғанын айтқан. Азаптауға ұшыраған азаматтардың туыстарының айтуынша, полиция бөлімшелері мен тергеу изоляторларында күш құрылымдары өкілдері жақындарының үстінен ыстық су құйып, үтікпен күйдірген, электрошокер қолданып, ауясыз ұрып-соққан. Қылмысты мойындатуға тырысқан. "Кемпірауызбен тісін жұлмақ болды, тырнағының көбесіне ине жүгіртті" деп шағымданған азаматтар да бар.

Билік бастапқыда азаптауды терістеген, алайда желіде адамдардың азапталғаны жөнінде бұлтартпас айғақтар пайда болғаннан кейін билік "тергеудің рұқсат етілмеген әдістері қолданылған болуы мүмкін" деген.

Құқық қорғаушылар мен азаптауға ұшыраған азаматтардың туыстары бұған дейін азаптау бойынша істердің жылжымай жатқанын айтқан.

Қарашада бас прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандарды азаптады деген күдікке күштік құрылымның 29 өкілі ілінгенін айтқан.

Былтыр жыл аяғында сол кезде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған Эльвира Әзімова азаптау істерінің 80 пайызы тоқтатылғанын айтқан.

XS
SM
MD
LG