6 қаңтар таңнан бері Алматыдағы Республика алаңын полиция күзетіп тұр. Алаңдағы "Тәуелсіздік" монументі темір шарбақпен қоршалған. Алаң маңынан полицияның бірнеше көлігі де байқалады.
Азаттық тілшісі алаңға апаратын негізгі көшелердің бойында да күзет тұрғанын көрді. Олардан не себепті тұрғанын сұрағанда “қоғамдық тәртіпті бақылып тұрмыз” деп жауап берді. “Қоғамдық тәртіпті бақылайтындай қандай оқиға болып жатыр?” деген сұраққа күзеттегі полицейлер жауап бермеді, қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеді. Ал баспасөз қызметі телефонын көтерген жоқ.
“Республика” алаңының маңын полиция күзетіп тұрғанына қарамастан, адамдардың “Тағзым” мемориалы мен “Тәуелсіздік” монументінің қасында суретке түсіп, емін-еркін аралап жүргені байқалады. Өзін Алмас деп таныстырған Алматы тұрғыны күзеттің күшейтілуін Қаңтар оқиғасының бір жылдығына орай деп есептейді.
– Былтыр қаңтар кезінде осы алаңда митинг болды. Арты қырғынға айналды. Қазір міне, сол оқиғаға бір жыл. Халық еске алуға жиналатыны түсінікті. Ал билік халықтан қорқады. Сол үшін де полицияны қаптатып тастаған деп ойлаймын, - дейді Қаңтар оқиғасының құрбандарына деп ашылған “Тағзым” мемориалының қасында жүрген Алматы тұрғыны.
Кеше, 5 қаңтар күні белсенділер мен Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың туыстары марқұмдардың рухына құран бағыштау үшін “Республика” алаңына жиналған. Ол кезде де күзет күшейіп, алаң маңында мобильді интернет істемей қалған. 6 қаңтарда алаңда интернет істеп тұрды.
Қаңтар қантөгісінің бір жылдығы қарсаңында елде белсенділер ұсталып, кейбірі полицияның үйлерін торуылдап жүргеніне шағымданған.
Былтыр Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан басталып Қазақстанның бүкіл өңірін қамтыған Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы жұртшылығы негізінен дәл осы “Республика” алаңына жиналған. Қаңтарда қаза болғандардың басым бөлігі осы алаңда оққа ұшқан. Бейбіт жиын күштік құрылым мен наразылардың қақтығысына ұласқан кезде алаң маңындағы ғимараттар өртеніп, оқ атылған.
Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан. Олардың 19-ы - күштік құрылым өкілдері. Құқық қорғаушылар Қаңтарда негізінен қарусыз агрессия көрсетпеген бейбіт тұрғындар қаза болды дейді.
ПІКІРЛЕР