Accessibility links

Алматыда бір топ адам белсенді Табылдиеваға "күш көрсеткен" полицейге шара қолдануды талап етті


Белсенді Назым Табылдиева, Алматы. 9 қаңтар 2023 жыл.
Белсенді Назым Табылдиева, Алматы. 9 қаңтар 2023 жыл.

9 қаңтарда Алматыда ақын Ринат Зайытов бастаған бір топ адам Наурызбай ауданының полиция бөлімшесіне барып, белсенді Назым Табылдиеваға "күш көрсеткен" полицейді жазалауды талап етті.

6 қаңтарда белсенді Назым Табылдиеваны жай киімдегі азаматтар көшеде кетіп бара жатқан жерінен ұстап, Наурызбай ауданы полиция бөлімшесіне апарған.

Бөлімше алдына жиналғандар полицияның белсенділерге жиі қысым көрсететінін, митинг алдында заңсыз ұстап әкететінін айтты. Олар Табылдиеваны ұстаған полиция қызметкеріне шара қолдануды, белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап етті.

- Полиция қызметкерлерінің ондай әрекетінің заңсыз екенін дәлелдей алатын болсақ, бұл қоғамның өзгеріске деген бір қадам ұмтылысы болады. [Бұл жерде] жалғыз Назымның атын атағанымызбен, бұл – Қазақстанның әр жерінде болатын жағдай. Оны осындай бір жұмыла көтерген әрекетпен ғана өзгерте аламыз, - деді белсендіні қолдауға келген ақын Ринат Зайытов.

Полицей Қаңтар құрбандарын еске алмақ болған белсендіге "күш көрсеткен"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00

Назым Табылдиева қалалық прокуратураға және полиция басқармасына өзіне күш көрсеткен адамның үстінен арыз жазды.

Азаттыққа Наурызбай аудандық полиция бастығының бірінші орынбасары Ерік Қойбақов белсендіні ұстаған жай киімдегі адамның бөлімше қызметкері екенін растады. Оған қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатқанын, күш көрсеткені дәлелденсе, шара қолданылатынын айтты.

Назым Табылдиеваның айтуынша, 6 қаңтарда полицейлер оған ұстау себебін түсіндірмей, күш көрсеткен.

- Таңертең жұмыстарыммен сыртқа шыққам, автобустан түсіп, метроға қарай бара жатқанымда артымнан белгісіз адамдар жүгіріп келді. Олар мені үйден шыққаннан жай көлікпен аңдып келген. Мен бірден телефонымды шығарып, тікелей эфирге кірдім. Олар өздерін таныстырмастан, қолыма жармасып, телефонымды тартып алмақшы болды. Екі адам мені көлікке күштеп отырғызды. Телефонды бермеген соң кеңірдегімнен басып тұрып, қылғындырды. Менде зоб ауруының бастапқы деңгейі болған, қатты дауысым шықса, ауа жетпей қиналып қаламын. Сөйтіп Наурызбай ауданы полиция бөлімшесіне апарды, - деді Табылдиева Азаттыққа.

Полиция белсендіні 6 қаңтарда бес сағат көлемінде ұстап, кешкі беске таман босатқан. Айтуынша, оған не үшін ұстағанын түсіндірмеген. Кейін Алматы қаласының полиция департаменті әлеуметтік желіде Назым Табылдиеваны ұстау себебін "әкімшілік іс аясында тексеру жүргізілді" деп түсіндірген.

Бірақ Табылдиева мұны белсенділігімен байланыстырады. Сөзінше, полиция оны кейінгі үш күннен бері аңдып жүрген.

– Оның алдында Қаңтарда қайтыс болған құрбандарға арнап құран оқуға орталық алаңға барамын деп жоспарлаған едім. Бірақ 6 қаңтар күні сыртқа басқа жұмыстарыммен шықтым, - дейді белсенді.

Қазақстанда Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғалары болған даталар қарсаңында полиция белсенділердің үйін аңдып, оларды көшеден алып кету оқиғалары жиі болған. Биыл Қаңтар қырғының бір жылдығы қарсаңында да, полиция бірнеше аймақта белсенділерді ұстаған. Мәселен, 5 қаңтарда Алматыда "Демократиялық партия" құруды көздейтін бастамашыл топтың үш белсендісі Гүлнар Мирмамбетова, Аружан Дүйсебаева және Абзал Достияров ұсталған. Полиция Достияровты төрт жасар қызын балабақшаға алып шыққанда күштеп әкеткен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG