Accessibility links

ЕО мен НАТО ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды


Еуроодақ және НАТО 10 қаңтарда үшінші рет стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Мұндай декларация алғаш рет 2016 жылы жасалып, сол жылы – бірінші рет, 2018 жылы екінші рет қол қойылған. Ресей Украинаға басып кіргелі бері тараптар алғаш рет осындай құжатқа қол қойып отыр. Онда соғыспен байланысты мәселелер қамтылған.

Брюссельде өткен құжатқа қол қою рәсімінде НАТО басшысы Йенс Столтенберг Ресей "Еуропадағы қауіпсіздік тәртібін өзгертіп, көршілерін бағындырғысы келеді" деп мәлімдеді.

"Президент Путин Украинаны үш күн ішінде басып алып, бізді бөлмекші болған. Екеуінде де сәтсіздікке ұшырады" деді Столтенберг.

Ол ЕО мен НАТО арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, Украинаны қолдауды күшейту қажеттігін атап өтті. НАТО бас хатшысының айтуынша, Владимир Путин Украинадағы мақсаттарынан бас тартқан жоқ, сол себепті одақтастар "ұзақ соғысқа дайын болуы тиіс".

ЕО жетекшілері Урсула фон дер Ляйен және Шарль Мишель баспасөз мәслихаты кезінде Украинаға "қажетті қару-жарақтың бәрін беруді" қолдады.

Ортақ декларацияда ынтымақтастықтан бөлек киберқауіпсіздік саласындағы қатерлерді жою, терроризм және гибридтік қауіп-қатерлермен күрес мәселесі айтылған.

ЕО елдерінің басым бөлігі НАТО-ға мүше. Алайда Солтүстікатлантикалық одаққа мүше 30 ел арасында ЕО-ға мүше емес елдер де маңызды рөл атқарады: АҚШ, Ұлыбритания, Түркия. Бұған дейін бейтарап позиция ұстанып келген Швеция мен Финляндия Ресей басқыншылығынан кейін НАТО-ға кіруге өтініш берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG