"Газ одағын құру" туралы Ресей жағынан ресми түрде ұсыныс түскен жоқ. 11 қаңтарда баспасөз жиыны кезінде премьер-министрі Әлихан Смайылов осылай деп мәлімдеді. Смайыловтың сөзінен "Власть" сайты үзінді келтіреді.
"Қазіргі кезде үштік газ (Қазақстан, Өзбекстан және Ресей арасында газ одағын құру ұсынысы – ред.) одағын құру бойынша ресми ұсыныс алған жоқпыз. Түскен кезде қарастырамыз" деді Әлихан Смайылов.
Оның сөзіне қарағанда, қазір Қазақстан мен Ресей арасындағы келіссөзде "газбен қамтамасыз ету" мәселесі талқыланып жатыр.
"Қазіргі кезде "Газпроммен" келіссөздің кезекті кезеңін күтіп отырмыз. Барлық қатынас коммерциялық және өзара тиімді шарттарға негізделеді. Екіжақты форматта жұмысты жалғастыра береміз" деді премьер.
Қарашаның соңында, кезектен тыс президент сайлауынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы ресми сапармен Ресейге барған. Сол кезде Кремльдің құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін "газ одағын" құру жөнінде ұсыныс айтқаны белгілі болған еді. Бұл қоғамда қызу талқыланған.
Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко 30 қарашада үш ел арасында газ одағын құру мәселесін талқылауға әзірге ерте деп мәлімдеген. "Қазақстан өз жерін санкциядан айналып өтуі үшін пайдалануға жол бермейді" деп қосып қойған.
Ал Өзбекстан саяси шартты газға айырбастамайтынын, Ресеймен газ жөніндегі келссөз - одақтасу дегенді білдірмейтінін мәлімдеген.
Видео: Путиннің "газ одағы" пайда ма, қауіп пе? (30 қараша 2022 жыл).
Тәуелсіз республикаларға Совет одағының газ тасымал жүйесі мұраға қалған. Соның бірі "Орталық Азия - Орталық" газ құбыры Түрікменстаннан шығып Өзбекстан, Қазақстан арқылы Ресейге өтеді. Қазақстан мен Өзбекстан Қытайға баратын газ құбырының бойында да тұр.
Ресей газ экспорттаушы аса ірі ел саналады. Өзбекстан мен Қазақстан газын негізінен Қытайға экспорттайды, алайда екі ел де газды негізінен елдің ішкі рыногына бөледі.
Украинаға басып кіргеніне байланысты Еуропа одағы санкция салып, Ресей газына тәуелділігін азайтқан соң Мәскеу Қытайға айдайтын газ көлемін ұлғайта түскен.
ПІКІРЛЕР