Ресей армиясы Днепрде көпқабатты тұрғын үйлердің бірін атқылады, деп хабарлады Днепропетровск облысының басшысы Валентин Резниченко.
Оның айтуынша, 20 адам қаза болған, арасында 15 жастағы қыз да бар. 68 адам жараланған, 12-сі – бала. Ең кішісі үш жаста.
Үйінді астынан 38 адам шығарылған, құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Ресей билігі оқиғаға түсініктеме бермеді. Украина әскерінің хабарлауынша, Днепрдегі көпқабатты тұрғын үйге теңіздегі ірі кемелерді жоюға арналған Х-22 ракетасы түскен. Олардың айтуынша, мұндай ракетаны әуе шабуылынан қорғайтын жүйе атып түсіре алмайды.
Днепр мэрі Борис Филатовтың айтуынша, тұтас аудан өмір сүруге қажет жүйелердің барлығынан ажыратылған.
Бір күн ішінде Ресей армиясы осымен Украина аумағын екінші рет атқылап отыр. Сенбі күні таңертең Ресей Киевтегі маңызды инфрақұрылымдарға шабуыл жасаған.
Киев маңындағы Бучада және Украина бақылауындағы Запорожьеде де жарылыс болғаны хабарланды. 14 қаңтарда елдің алты аймағында әуе дабылы іске қосылған.
Украина қарулы күштерінің мәліметінше, 14 қаңтарда Ресей армиясы үш авиа және шамамен 50 ракета соққысын жасаған. Одан бөлек, дүркіндете ататын жүйемен де шабуыл ұйымдастырған.
Украина сыртқы істер министрлігі Украина инфрақұрылымына келген шығын 127 млрд доллардан асқанын хабарлады.