Accessibility links

АҚШ сенаторлары Азаттық сайтының жабылуына байланысты Қырғызстан президентіне хат жолдады


Бішкектегі митинг кезінде Азаттық тілшісін ұстап жатқан милиция қызметкерлері. 10 қаңтар 2023 жыл.
Бішкектегі митинг кезінде Азаттық тілшісін ұстап жатқан милиция қызметкерлері. 10 қаңтар 2023 жыл.

АҚШ сенаторлары Боб Менендес және Джим Риш Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа хат жолдап, елдегі сөз бостандығы ахуалына алаңдаушылық білдірді. Хат АҚШ сенатының халықаралық қатынас жөніндегі комитет сайтында жарияланды.

Хатта сенаторлар Қырғыз билігінің Азат Еуропа/Азаттықтың Қырғыз қызметінің банк шоты мен сайтын жабу туралы шешімін айыптаған.

Олардың айтуынша, Қырғызстан билігінің шешімі сөз еркіндігіне қатысты халықаралық нормалар мен Қырғызстан Конституциясына қайшы.

"Қырғызстан үкіметін Азаттық радиосына қойған шектеулерді дереу алып тастауға шақырамыз. Елдегі еркін, тәуелсіз БАҚ-қа заңсыз шабуылдарды доғарып, журналистерге жасалған барлық қоқан-лоқыны зерттеуге үндейміз. Адам құқығы мен заң үстемдігінен айнымайтындығыңызды еске сала отырып, сізді тәуелсіз БАҚ-тың еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырамыз" деп жазылған хатта.

Сенаторлар сонымен бірге қырғыз үкіметі Азаттықтың Ауған қызметі қызметкерлері мен отбасы мүшелеріне пана бергенін жылы қабылдайтынын атап өтіп, "сөз еркіндігін қорғау АҚШ пен Қырғызстан азаматындағы қарым-қатынастың маңызды тірегі" деп жазған.

Былтыр қазанда Қырғызстан ақпарат министрлігі "Азаттық медиа" қызметінің веб-сайтын екі айға жабу туралы шешім шығарған. Жуырда шешімнің мерзімі ұзартылды. Бұған дейін "Биринчи Радио" ұлттық телерадио хабарын тарату кешені және "Санжыра" радиосы Азаттықтың телерадиобағдарламаларын таратуды да тоқтатқан.

31 қазанда қырғызстандық "ДемирБанк" өкілдері Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінен Азаттықтың Қырғыз редакциясының банк шотын жабу туралы нұсқау алғанын хабарлап, мекеме шотын бұғаттаған. Азаттықтың Қырғыз қызметіне қаржы мекемесінен жазбаша ешқандай хабарлама не ескерту келмеген.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Азаттық радиосы сенімді, шынайы ақпарат бұлағы екенін және ешбір кедергісіз жұмыс істеуіне рұқсат берілуі тиіс екенін мәлімдеген.

Қаңтар ортасында бірқатар халықаралық ұйымдар мен өкілдіктер ( Human Rights Watch, Журналистерді қорғау комитеті, Еуроодақтың арнайы уәкілі, Батыс елдерінің Қырғызстандағы елшіліктері мен өкілдіктері) Қырғызстан билігін Азаттық сайты мен шотын ашуға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG