Accessibility links

Қазақстан халқына ма? Қаңтардан кейін құрылған қор және ондағы ашықтық мәселесі


Қаңтар құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалы. Алматыдағы бұл ескерткішті Қазақстан билігі орнатқан.
Қаңтар құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалы. Алматыдағы бұл ескерткішті Қазақстан билігі орнатқан.

Былтыр жалпыхалықтық мәртебеге ие "Қазақстан халқына" қоры құрылды. Билік Қаңтар оқиғасы кезіндегі наразылар талабына осылай жауап берді. Бір жыл ішінде ұйымға 131 млрд теңгеден көп ақша түсіп, оның 25 млрд теңгесі жұмсалған. Бірақ қоғамда қор жұмысына қатысты сұрақ көбейді: халық ақшаның қайда және қалай жұмсалып жатқанын білгісі келеді.

"Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елде өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдар тобы пайда болды. Қазақстан халқына тиесіліні халыққа беретін және оған жүйелі және негізді түрде көмектесетін уақыт келді деп ойлаймын". 2022 жылы 11 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілістің кеңейтілген отырысында осылай деді. Төрт күннен кейін, 15 қаңтарда "Қазақстан халқына" қоры құрылды.

Бұл кезде Қазақстан халқы алаңда атылған, түрмеде азапталған азаматтарды аза тұтып жатқан. Ресми дерек бойынша, Қаңтар қырғыны кезінде 238 адам көз жұмған.

Жаңаөзенде басталған сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық Қазақстанның барлық өңірін шарпып, үкіметке қарсы жалпыхалықтық митингіге ұласты. Көп адам көшеге шығып, Тоқаевтың отставкасын, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттан біржола кетуін, министрлер кабинетін ауыстыруды талап етті. Халық әлеуметтік теңсіздікке, жалақының аздығына, азық-түлік пен жанармайдың қымбаттауына наразылық білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев билігін сақтап қалды. Ол негізінен ресейлік жауынгерлерден тұратын ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерін шақырып, наразылықты күшпен басты, ескертусіз оқ атуға бұйрық берді.

Қантөгістен кейін Тоқаев "Жаңа Қазақстан" құратынын мәлімдеді. Президент пен үкіметке бағынбайтын, барша қазақстандықтарға арналған қор құру идеясы да осы жоспар аясында жүзеге асты.

"Қор қызметі ашық болады, қоғамға есеп беріп тұрады" деп айтылды. "Жоспарлар, бюджет, жобалар сайтқа жарияланады. Бар ақпарат ашық болады", – деді Тоқаев.

Президент "Қазақстан халқына" қорының басқарма төрағасы қызметіне Болат Жәмішевті ұсынды. Ол бұрын қаржы министрлігінде, Қазақстан даму банкінде істеген, "Цеснабанк" АҚ, "First Heartland Jusan Bank" АҚ директорлар кеңесіне мүше болған. Қазір Жәмішев қордағы жұмысымен қатар "Bank RBK" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, "Самрұқ Қазына" қоры директорлар кеңесінің мүшесі және тәуелсіз директоры қызметін атқарады.

ҚОРДЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫЛАРЫ КІМДЕР?

"Қазақстан халқына" қорының құрылтайшыларына мемлекетке қатысы жоқ екі заңды және екі физикалық тұлға таңдалды. Олардың бірі – Саида Тәукелева басқаратын "Қоғамдық бақылау және мониторинг" республикалық қоғамдық бірлестігі. Бірлестік құрамында тоғыз құрылтайшы бар (қоғам белсенділері, заңгерлер, белсенділер, "Аманат" партиясының атынан VII шақырылымға сайланған мәжіліс депутаты, "Я алматинец" қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушылардың бірі Константин Авершин).

Тағы бір құрылтайшы – "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігі. "Қазақстан халқына" қорының құрылтайшылары анықталғанда "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігін Ләззат Шыңғысбаева басқаратын. Қазір ол қорды басқаруға қатысады. Бірлестіктің жаңа басшысы болып кәсіпкер, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының "Бастау бизнес" бағдарламасы бойынша әдістемесінің авторы, Назарбаев интеллектуалды мектебінің мұғалімдерін кәсіпкерлікке үйретіп жүрген жаттықтырушы Ермек Дүйсенханов тағайындалды. Бірлестік құрылтайшыларының тізімінде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқа да өкілдері, кәсіпкерлер мен "Аманат" партиясының мүшелері бар. Мысалы, Алматы облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Елдос Үшкемпіров те құрылтайшылар қатарында.

"Help Today" қоғамдық қорының төрағасы Эльмира Әлиева мен "Сирек кездесетін аурулармен ауыратын науқастарға көмек қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Бақыт Байғалиева қорға физикалық тұлғалар ретінде құрылтайшы болған. Әлиева бұрын банкте істеген, кейінгі бес жылда қайырымдылықпен айналысады. Байғалиева "буллезді эпидермолиз" генетикалық ауруы бар балалармен жұмыс істейтін "Көбелек балалар" қорын басқарады. 2020 жылы Байғалиева "Нұр Отан" партиясы өткізген праймеризге қатысқан.

Осылай қағаз жүзінде "жалпыхалықтық" деп аталатын қор жекеменшік тұлғалардың қолына өткен. Бұл қоғамда біраз сұрақ туғызды. "Құрылтайшылар жарғыны немесе қаржының жұмсалу мақсатын өзгерте ала ма?" деген күдік пайда болды.

Басқарма басшысы Жәмішев бұл сынға "қор құрылтайшыларының кім екені маңызды емес, жарғы бойынша олар қаржының жұмсалу мақсатын өзгерте алмайды" деп жауап берді. Ол "қорға түскен жарна донорлармен келісімшарт негізінде қабылданады, онда қаржының қандай мақсатқа арналғаны нақты жазылады" деп түсіндірді.

– Теориялық тұрғыдан алғанда жарғыны өзгерту мүмкіндігі бар. Бірақ қор қызметіне демеушілік жасап отырған адамдар ұйымның мақсаты өзгерген жағдайда ақшасын кері қайтарып ала алады, ― деді Болат Жәмішев.

"Өлігім ғана шығады". Астана тұрғыны "Қазақстан халқына" қорынан көмек сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:04 0:00

"НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҚОРЫ" 500 МЛН ТЕҢГЕ АУДАРДЫ

Қор ашылғаннан кейін ұйымға бірден ақша түсе бастады. 2022 жылы қаңтарда – 109 млрд теңге, ақпанда 15 млрд теңге жиналған. Кейін қаржы азая бастаған. Мысалы, қыркүйекте қорға – 376 млн теңге, қазанда – 50 млн теңге, қарашада – 1 млрд теңге ғана аударылған.

Қор сайтындағы есептерге сәйкес, ең үлкен қайырымдылық жарнаны (30 млрд теңге) тау-кен және шикізат өндірісімен айналысатын "Eurasian Resources Group" тобы (ERG – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын кәсіпкерлер — Александр Машкевич, Патох Шодиев пен марқұм Алиджан Ибрагимов құрған бизнес империя) тобы салған. "KAZ Minerals", "Казцинк", "Kaspi.kz", "Kazakhmys" компаниялары 9,6-15 млрд теңге аралығында жарна жіберген. Қор шотына қазақстандық ірі компаниялардан барлығы 89,6 млрд теңге түскен.

Басқа жекеменшік қорлардан да ақша келген. Мысалы, Тимур және Динара Құлыбаеваның "Халық" қорынан – 12 млрд теңге, Болат Өтемұратов қорынан – 10 млрд теңге, Әсел Тасмағамбетова мен олигарх Кеңес Рақышев басқаратын "Сәби" қорынан 1 млрд теңге бөлінген.

"Нұрсұлтан Назарбаев қоры" "Қазақстан халқына" қорына 500 млн теңге аударған.

Қорды қолдауға үлес қосқан ірі кәсіпкерлер тізімінде Ахметжан Есімовтың бұрынғы күйеубаласы және Jusan Bank акцияларының иегері Ғалымжан Есенов те бар. Ол қорға 1,2 млрд теңге, ал бұрынғы президенттің ағасы Болат Назарбаев пен түрмеде отырған немере інісі Қайрат Сатыбалды 1 миллиард теңгеден жіберген. Тағы бір ірі кәсіпкер Қайрат Боранбаев 350 млн теңге берді (қазір бизнесмен "аса ірі көлемде ақша жымқыру" бабы бойынша сотқа тартылып жатыр). Ірі кәсіпкерлер атынан жалпы 7,2 млрд теңге жиналған.

Қорға түскен қаржыны жеке-жеке қараса, ірі кәсіпорындар, бизнесмендер мен мемлекеттік органдардың бәрі бірдей алғашқы айларда ғана ақша салғанын байқауға болады. 2022 жылдың екінші жартысында мүлде қаржы түспеген. Наурыздан желтоқсанға дейін аударылған ақшаның көп бөлігі жекеменшік физикалық тұлғаларға тиесілі. Қатардағы қазақстандықтар да 500 мың теңгеге дейін жарна салған, аударымдардың басым бөлігі 100-500 теңге аралығында болған.

"Қазақстан халқына" қорының баспасөз қызметі Азаттыққа қорға түскен қаржы "Қазақстан халық банкі" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ, "Евразийский Банк" АҚ, "Bank RBK" АҚ, "ForteBank" АҚ, "First Heartland Jusan Bank" АҚ сияқты банктердің шоттарында жатқанын хабарлады.

"Қазақстан халқына" қорына "Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры да жыл сайын таза табысының 7 пайыз аударып отырады деп жоспарланған. Жақында "Самрұқ-Қазына" басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов алдын-ала есеп бойынша, бұл сома 130 млрд теңгені құрап отырғанын айтқан.

ҚОР ЖИНАЛҒАН ҚАРЖЫНЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЙДЫ?

2022 жылдың соңындағы ресми дерекке сәйкес, қорға 40 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың 30 мыңнан астамы қор құрылған алғашқы айда – 2022 жылы ақпанда тіркелген.

Өтініштердің 40 пайызы – қаржылық көмек көрсету, баспанамен қамту және басқа да қажеттіліктерді өтеу сияқты "қор мақсатына сай келмейтін" өтініштер.

– Өтініштердің жартысы денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім, спорт, төтенше жағдай кезінде көмек көрсету мәселелерімен байланысты. Қорға түскен өтініштер негізінде 20-дан астам қайырымдылық бағдарламасы іске қосылды, – деп мәлімдеді қор өкілдері.

2022 жылы "Қазақстан халқына" қорының шотына 131,7 млрд теңгеден көп қаржы түскен. 31 желтоқсанға дейін 25,5 млрд теңге игерілген. Халық "Қаржы неге баяу игеріліп жатыр?" деген сұрақ қоя бастады.

Қордың қамқоршылар кеңесінің мүшесі Ирина Смирнованың (VII шақырылымдағы мәжіліс депутаты) пікірінше, қаржыны игеру жақсы қарқынмен жүріп жатыр.

– Ақшаны тез игеру мақсаты болса, қордағы қаржыны аз уақытта таратып жіберер еді. Мысалы, біреу телефонының несиесін төлеуі керек, біреудің тойы болады, тағы бір кісі негізсіз болса да, Қазақстанда емес, Израильде ота жасатқысы келеді. Бірақ қор ақшаны тез әрі түсініксіз мақсаттарға жаратуды көздемейді, – деді Смирнова.

Бұрынғы депутаттың сөзінше, қор бірінші кезекте білім, денсаулық сақтау, сирек кездесетін аурулармен ауыратын балаларға көмек сияқты мәселелерді қамтиды. Қамқоршылар кеңесінің шешімі бойынша, ұйым несие қарызын төлеуге көмектеспейді және мемлекеттік органдар көрсететін қызметтерді қамтымайды.

"Қазақстан халқына" қоры ауыл мектептерін жабдықтауға, білім гранттары мен атаулы әлеуметтік көмек беруге қаржы бөледі.

Қор сайтында 2023 жылы 5 қаңтарда қор Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен 540 адамға қайырымдылық көмек көрсеткені жазылған. Жалпы көмек қоры 2,1 млрд теңгені құрайды. Көмек алушылар қатарында Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан әскерилер мен "кездейсоқ" атылған азаматтардың отбасылары бар. Қаңтар құрбандарын "кездейсоқ" атылған азаматтар тізіміне кім қосқаны белгісіз.

"СПИНРАЗА" ДАУЫ

Игерілген қаржының үлкен бөлігі, атап айтсақ 15,3 млрд теңге сирек кездесетін ауыр әрі созылмалы ауруы бар 130 науқасты дәрі-дәрмекпен қамтуға жұмсалған.

Дәрі-дәрмек сатып алу кезінде қамқоршылар кеңесі мүшелері мен басқарма өкілдері арасында кикілжің шыққан. Кейін бұл даудан халық та құлағдар болды. Тамызда қамқоршылар кеңесінің бұрынғы мүшесі Саида Тәукелева “арқа бұлшықетінің атрофиясы” диагнозы қойылған балаларға арналған қымбат тұратын "Спинраза" препаратын сатып алуға қатысты дауды қоғам назарына шығарды.

"Қазақстан халқына" қоры наурыз айында 54 флакон дәрі алуға 2 млрд теңге бөлетін болған. Бір айдан кейін препарат "СК-Фармация" қоймасына жеткізілген. Бірақ жеткізуші компанияның препаратты елге алып кіруге рұқсат қағазы болмаған. Қор дәріні денсаулық сақтау министрлігі ұсынған тізімге кірмейтін ресейлік, көпшілікке бейтаныс "Клинкер" ЖШС компаниясынан сатып алған.

Тәукелеваның айтуынша, дәріні жеткізу кезінде логистикалық алгоритм бұзылған. Препаратты арнайы температурада ұстау режимі де сақталмаған болуы мүмкін. Бұл дәрінің сапасы мен тиімділігіне әсер етеді. Тәукелева препарат туралы "СК-Фармация" бақылау кеңесінде жүріп, кездейсоқ естіген.

Кейінірек басқарма басшысы Болат Жәмішев препаратты "Клинкер" ЖШС компаниясынан сатып алуға бағаның арзандығы себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, жергілікті дистрибьютор бір ампулаға 42 млн теңге, ал ресейлік компания 38 млн теңге сұраған. "Клинкер" препаратты алдын-ала төлемсіз жеткізуге келіскен.

Бірақ дауға байланысты келісімшарт бұзылды: қор "Спинраза" препараты үшін ақша төлемеген, "Клинкер" ЖШС дәрілерін Ресейге қайтарып алған. Дәріні күтіп отырған балалар бірнеше айдан бері емсіз қалған.

"Қазақстан халқына" қорының баспасөз хатшысы Диас Бейсенбек "Спинраза" препаратына тапсырыс беру ұйымның дәрі-дәрмек сатып алудағы алғашқы тәжірибесі болғанын айтады.

– Енді қор сирек кездесетін дәрілерді ғана сатып алу туралы шешімге келді. Бұл препараттарды қордан басқа ешкім сатып ала алмайды. Ішкі нарықта дәрі-дәрмек жеткізушілер көп, баға саясаты қалыптасқан болса, қор дәрі сатып алуға қаржы бөлмейді", – дейді Бейсенбек.

ҚОРДАН КІМДЕР ЖАЛАҚЫ АЛАДЫ?

Қордың қайырымдылықтан бөлек әкімшілік шығындары бар. Оның көлемі ай сайын өзгеріп отырады. Мысалы, қаңтарда екі қызметкері бар ұйым қызметіне 842 мың теңге, ал ақпанда 15 адамды жұмысқа алған қорға 3,9 млн теңге кеткен.

Ең үлкен әкімшілік шығын қазанда тіркелген (40 млн теңге), оның 13,7 млн теңгесі жалақыға жұмсалған. Қаңтардан қарашаға дейін қор қызметіне 209 млн теңге бөлінген.

– Әкімшілік шығындар қатарына қызметкерлердің жалақысы, салық, міндетті әлеуметтік төлемдер, басқа ұйымдар, банк және байланыс қызметі, коммуналды шығындар кіреді. 2023 жылдан бастап бұған кеңсені жалдау құны қосылады, – деді қордың баспасөз қызметі.

Қорда басқарма мүшелерін қоспағанда 32 адам жұмыс істейді (9 қызметкер азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша еңбек етеді). Бүкіл ұйымның жұмысы осы қызметкерлердің мойнында. Олардың жалақысы кәсіби біліктілігіне байланысты 100-400 мың теңге аралығында.

Болат Жәмішев қордан жалақы алмайтынын, бұл іске қоғамдық қызмет түрінде қарайтынын айтқан. Бірақ баспасөз қызметі Азаттыққа "Қазақстан халқына" қорының басқарма басшысы апта бойы жұмыстан шықпай, ұйымның күнделікті операциялық қызметіне қызу атсалысатынын жеткізді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, басқарманың басқа мүшелері София Айсағалиева мен Ләззат Шыңғысбаева жалақы алады. Бірақ қор өкілдері оларға қанша төлейтінін ашып айтпады, тек "министрлік департаменті директорының жалақысымен бірдей" деп қысқа қайырды.

Ресми сайтта қордың әкімшілік шығындары екінші деңгейлі банк депозиттеріне және мемлекеттік құнды қағаздарға салынған ақшадан түскен инвестициялық табыс есебінен өтелетіні жазылған.

Қордың баспасөз хатшысы Диас Бейсенбек аппарат шығындарына қайырымдылық жарнасы емес, 10 млрд теңге көлеміндегі резервтегі бюджетті депозитке салудан түскен қаржы жұмсалатынын айтады. Резервтегі бюджет төтенше жағдай салдарын жоюға бағытталған шараларды қаржыландыруға арналған.

Баспасөз қызметінің дерегінше, резервтегі бюджетті депозитке салғалы 12 млрд теңге инвестициялық табыс түскен. Қор басшылығы құнды қағаздарға ақша салмаған.

"БІР ЖОБА ҰСЫНЫП, "ДАУЫС БЕРІҢДЕР!" ДЕЙДІ"

"Спинраза" дауы қор ішінде ғана емес, қазақстандықтар арасында да үлкен талқы туғызды. Саида Тәукелева "Гиперборей" ютуб арнасына берген сұхбатында "Спинраза" дауынан бөлек, қор басшылығы ұзақ уақыттан бері қаржының дұрыс жұмсалуын қадағалайтын комплаенс-офицер және ревизиялық комиссия қызметін енгізу туралы ұсынысты қабылдамай келгенін айтты.

Бұл ақпаратты депутат Ирина Смирнова да растады. Оның сөзінше, қамқоршылар кеңесінің жартысы бұл мәселеде Тәукелеваны қолдаған. Комплаенс-офицер қамқоршылар кеңесі мен басқарма мүшелерінің грант алатын ұйымдармен байланысы бар-жоғын анықтайды.

– Ревизиялық комиссия құрылсын деген ұсыныс қабылданбады. Комиссия бірнеше рет жиналып, ақшаның қалай жұмсалып жатқанын қарап, сатып алынуы тиіс медициналық құрылғының бағасы қаншалық тиімді екенін тексеруі керек еді, – дейді Смирнова.

Смирнованың пікірінше, қордың негізгі мәселесі – ашықтықтың болмауы. Депутат мұны былай түсіндіреді:

– Қамқоршылар кеңесінің отырысында сарапшылар мақұлдаған жоба ұсынылады. Бұл тақырып бойынша басқа қандай жобалар болғаны, іріктеу қалай жүргені айтылмайды. Жобалар сайт арқылы жиналды ма, әлде басқарма төрағасы, мүшесі не қамқоршылар кеңесінің өкіліне жеке тапсырылды ма, белгісіз. Бір жоба түседі, "Ал дауыс беріңдер!" дейді. Жобаларды үнемі басқарма төрағасы, яғни, Болат Бидахметұлы таныстырады.

Смирнованың пікірінше, жобаларды ұсынған адамдардың өзі таныстырып, арнайы сарапшылар кеңесі баға беруі керек. Осыдан кейін қамқоршылар кеңесі дауыс береді. Кеңестің кей мүшелерінің шешім қабылдау жүйесіне қатысты сұрағы көп.

2022 жылдың соңына қарай қор жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен меморандумға қол қойып, ішкі аудит қызметін енгізді.

Осыған қарамастан, қамқоршылар кеңесі мүшелерінің арасындағы кикілжің тыйылған жоқ. 26 желтоқсанда Аружан Саин мен Саида Тәукелева қамқоршылар кеңесінен шығып кетті. Тәукелева құрылтайшылар қатарынан да шығатынын мәлімдеді. "Қоғамдық бақылау және мониторинг" қоғамдық бірлестігі қор құрылғаннан бері құрылтайшылар қатарында болып келген еді. Қор өкілдері Азаттыққа Тәукелеваның құрылтайшылар қатарынан шығуға әлі өтініш бермегенін айтты.

Аружан Саин Facebook парақшасында қамқоршылар кеңесінен шығатынын хабарлап, "қамқоршылар кеңесі мен басқарманың кей мүшелері арасында қор жұмысын ұйымдастыруға, кеңестің қарауына ұсынылатын жобаларды дайындап, негіздеуге, оларды жүзеге асыруға қатысты қайшылықтар туындады" деп жазды. Бірақ Саин мәселені тарқатып, нақты себебін көрсетпеді.

Саида Тәукелева жақында берген сұхбатында қамқоршылар кеңесінен шығуына қор қызметіндегі транспаренттіліктің болмауы әсер еткенін айтқан. Тәукелева Болат Жәмішевтың атына хат жіберіп, "Спинраза" келісімшартының бұзылуына байланысты ішкі зерттеу жүргізіле ме?" деп сұраған. Бірақ басшылықтан жауап болмаған. Қамқоршылар кеңесінің отырысында да бұл тақырып талқылауға шығарылмаған. Тәукелеваның айтуынша, келісімшартқа жауапты басқарма мүшелерінің ешқайсысы жауапқа тартыламаған.

19 қаңтарда экономист Ораз Жандосовтың да қамқоршылар кеңесінен кеткені белгілі болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG