Accessibility links

Ердоған Швецияның НАТО-ға кіруін қолдамайтынын мәлімдеді


Түрік президенті Режеп Ердоған
Түрік президенті Режеп Ердоған

Түркия президенті Режеп Ердоған Швецияның НАТО-ға кіруін қолдамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады. Оның бұлай мәлімдеуіне Стокгольмдегі Түркияға қарсы наразылықтар себеп болған.

Өткен сенбіде ультраоңшыл Hard Line партиясының өкілі Расмус Палудан Түркияның Швециядағы елшілігі алдында Құран кітабын өртеген. Ол күрдттерді қолдайтынын, күрд ұйымдарын "террористер" деп қудалайтын Анкараға наразы екенін айтқан.

"Егер Швеция исламның жауы мен терроризм ұйымдарына жаны ашыса, өз елінің қауіпсіздігін соларға тапсырсын деп кеңес береміз" деді Ердоған.

Швеция НАТО-ға кіру туралы өтінішті былтыр мамырда берген. Оның ұйымға кіруін әскери-саяси ұйымның барлық 30 мемлекеті (оның арасында Түркия да бар) мақұлдауы керек.

Стокгольмде Құран өртелгенін мұсылман елдерінің көбі айыптады. Арасында Сауд Арабиясы, Иордания, Кувейт те бар. Түркияда наразылық акциялары өтіп, жиналғандар швед туын өртеді. Түркия сыртқы істер министрлігі мәлімдеме таратып, Құран өртеуді "дінге жасалған шабуыл" деп бағалады. Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акар Швециядағы наразылыққа байланысты Швеция қорғаныс министрі Пол Йонсонның келесі аптаға жоспарланған Түркияға сапары кейінге қалдырылғанын мәлімдеді. Түркия сонымен бірге Швецияны НАТО-ға қосылу жөнінде "бұрын жасалған келісімдердің бәрін бұзды" деп кінәлады.

Швеция сыртқы істер министрі Тобиас Билльстрем "Елде сөз еркіндігі бар, бірақ бұл – Швеция билігі еркіндіктің барлық көрінісін қолдай береді дегенді білдірмейді деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG