Accessibility links

Украинада жемқорлық дауынан соң бірнеше жоғары лауазымды шенеунік отставкаға кетті


Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко
Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко

Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко отставкаға кетті. Ол 24 қаңтарда өзінің Telegram-каналында жұмыстан босатылғаны жөнінде хабарлап, фотосурет жариялады. Украина президенті Владимир Зеленский Тимошенконы қызметтен босату туралы бұйрыққа қол қойған. Бұған дейін Тимошенко General Motors компаниясының Украинаға гуманитарлық көмек ретінде берген көлікті жеке өзіне пайдаланды деп сынға қалған.

Зеленский соғыстың 334-күніне арналған видеобаяндамасында шенеуніктер арасындағы, оның ішінде күш құрылымдарындағы ауыс-түйіс болатынын хабарлаған еді.

Тимошенкомен бөлек, бүгін 24 қаңтарда Украина қорғаныс министрінің орынбасары Вячеслав Шаповалов та отставкаға кетті. Украина әскерін тылда қамтамасыз етуге жауапты Шаповалов жауынгерлерге азық-түлікті жоғары бағамен сатып алғаны туралы зерттеуден кейін басы дауға қалған. Шаповаловтан өзге министрдің тағы үш орынбасары жұмысынан босатылды.

Қорғаныс министрі Алексей Резников орынбасарының өтінішін қабылдап, министрлер кабинетіне жіберген. Украинаның жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы әскерді азық-түлікпен қамтудағы заңсыздықтарды тексеруге кіріскен. Қорғаныс министрлігі бұл айыптарды мойындамай, заңсыздықтар болған күннің өзінде ол жемқорлық емес, техникалық қателіктен болуы мүмкін деген.

Министрлер кабинеті Сум, Запорожье, Херсон, Днепропетровскжәне Киев облыстарының әскери әкімшіліктер басшылығының да отставкасын мақұлдады.

Зеленский үндеуінде ұлттық қауіпсіздік кеңесі билік өкілдерінің шетелде демалуына тыйым салғанын айтты. Тиісті бұйрыққа қол қойылған. Бұйрыққа сай, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар мен басқа да билік өкілдері мобилизация мен соғыс жағдайында шетелге тек қызмет бабымен шыға алады.

Зеленский есімдерін атамағанымен, жергілікті БАҚ бас прокурор Алексей Симоненконың Жаңа жыл кезінде Испанияға барғанын хабарлаған. УНИАН басылымының жазуынша, оған өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазуға ұсыныс жасалған.

22 қаңтарда Украинада жемқорлық күдігіне іліккен инфраструктура министрінің орынбасары Василий Лозинский қызметінен босатылған еді. Тергеу оның күмәнді келісімдер арқылы 400 мың долларға ие болғанын айтады.

17 қаңтарда президент кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестович те қызметінен кетті. Ол елдегі ең танымал саясаткерлердің үштігіне кіретін. Бұл тізімде Владимир Зеленский мен Валерий Залужный алда тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG