Accessibility links

АҚШ-та полиция қызметкерлері ер адамды өлімші етіп сабағаннан кейін наразылық тұтанды


Америка азаматы Тайр Николс.
Америка азаматы Тайр Николс.

АҚШ-тың Мемфис қаласында (Теннеси штаты) полицейлер Тайр Николсты "көлігін сақ айдамағаны үшін" өлімші етіп сабаған. Николстың өлімі жайлы видео жарияланғаннан кейін мыңдаған азамат полицейлердің күш қолдануына қарсылық танытып, көшеге шықты. Бес полицейге адам өлтіру бабы бойынша айып тағылды.

Полиция қызметкерлері 29 жастағы қара нәсілді Николсты қаңтар басында "көлікті сақ айдамағаны үшін" тоқтатқан. Полицейлер арасында қара нәсілділер де болған.

Кейін Мемфис полиция департаментінің бастығы Николстың ереже бұзбағанын айтқан.

Мемфис полициясы Николсты сабап жатқан кадрлары бар әр жерден түсірілген төрт видео жариялады. Видеода офицерлердің Николсты резеңке таяқпен, жұдырықпен ұрып, тепкені көрінеді. Офицерлер оны басы мен бетінен де ұрған. Асфальтта ауыр халде жатқан Николс анасын шақырады. Полиция қызметкері ол кісендеулі күйде жатқан кезде де басынан екі рет тепкені көрінеді. Офицерлердің ешқайсысы Николсқа көмектесуге тырыспаған.

Ауыр жарақат алғанына қарамастан, Николс ауруханаға тек жарты сағат өткеннен кейін жеткізілген. Ол үш күннен соң қайтыс болды. Сот-медицина сараптамасы Николс "қатты соққыға жығылып, қан кеткеннен кейін" қайтыс болғанын көрсеткен. Сараптама қорытындысын Николстың отбасының адвокаты хабарлаған.

Николсты өлімші етіп сабаған бес полицей қызметінен босатылды. Оларға адам өлтіру және өзге де баптар бойынша айып тағылды. Видеода одан да көп полицей көрінеді. Николс отбасының адвокаты қалғандарына қатысты сұрау жолдады.

Николстың өлімі туралы видео жарияланғаннан кейін АҚШ-тың мыңдаған тұрғыны көшеге шығып, полицейлердің күш қолдануына қарсылық білдірді. Енді ірі акциялар Мемфис пен елдің кемінде жеті ірі қаласында, оның ішінде Вашингтон мен Нью-Йоркте де өтпек.

Ұлының өлімі жайлы видеоларға қарай алмаған Николстың анасы америкалықтардан "тыныш әрі бейбіт" шерулетуді өтінді. АҚШ президенті Джо Байден таратқан мәлімдемесінде Николс отбасының бейбіт шеруге үндеуін қолдаған. Байден сонымен бірге марқұмның жақындарымен сөйлесіп, "жылдам, жан-жақты әрі ашық тергеу" болады дегенге үміт білдірген.

  • АҚШ-та афроамерикалық Джордж Флойдтың өліміне қатысты айыпталған полицейлердің кейінгілеріне үкім шыққаннан шамамен жарты жыл өткенде тағы бір адам полицейлер қолынан қаза тауып отыр.
  • 2020 жылғы мамырда АҚШ-тың Миннесота штатында дүкенге жалған купюра өткізген деген күдікке ілінген 46 жастағы Джордж Флойдты полиция ұстаған. Полиция офицері Дерек Шовиннің жерде жатқан Флойдты мойнынан тізесімен басып, тоғыз минуттан астам уақыт бойы тапжылтпай ұстағаны жайлы видео жұртқа тараған. Онда Флойдтың дем жетпей жатқанын айтып айқайлағаны, анасын шақырғаны естіледі. Сол күні кешке полиция Флойдты Миннеаполистегі ауруханаға жеткізіп, ол сонда қайтыс болды.
  • 2021 жылы сот 45 жастағы Дерек Шовинді 22 жарым жылға түрмеге қамауға үкім шығарды. Шовин тағылған айыптарды мойындамады.
  • Джордж Флойдтың отбасына Миннеаполис билігі 27 млн доллар төлеуге келісті. Бұл – Миннесота штатында адам өліміне қатысты түсірілген азаматтық шағым бойынша төленген ең ірі сома.

XS
SM
MD
LG