Accessibility links

АҚШ соты Джордж Флойдтың өліміне кінәлі деп тапқан Дерек Шовинге 22,5 жыл түрме жазасын кесті


Джордж Флойдтың өліміне кінәлі деген айып тағылған бұрынғы полиция қызметкері Дерек Шовин сот тыңдауында отыр. Миннесота, АҚШ, 25 маусым 2021 жыл. Видеодан скриншот.
Джордж Флойдтың өліміне кінәлі деген айып тағылған бұрынғы полиция қызметкері Дерек Шовин сот тыңдауында отыр. Миннесота, АҚШ, 25 маусым 2021 жыл. Видеодан скриншот.

АҚШ-тың Миннесота штатының соты бұрынғы полиция қызметкері 45 жастағы Дерек Шовинді 22 жарым жылға түрмеге қамауға үкім шығарды. Сот Шовинді полиция күдікті ретінде ұстағаннан кейін көз жұмған афроамерикалық Джордж Флойдтың өліміне айыпты деп таныды.

Флойдтың қазасы былтыр АҚШ-та жаппай наразылық туғызып, нәсілшілдік мәселесінің қайта қозғалуына түрткі болды. Жүздеген қалада "Қара нәсілділердің өмірі маңызды" деген ұранмен нәсілшілдікке қарсы наразылық акциялары өткен. Бұл оқиғалар елдегі қоғамдық-саяси процестерге әсер етті.

Жұма күні судья Питер Кэхилл 22 беттен тұратын үкімді жариялап, оны эмоцияға немесе ең қатаң жаза талап еткен қоғамдық пікірге емес, заңға сүйеніп шығарғанын мәлімдеді. Ол бұған қоса Флойд отбасы мүшелерінің "қайғысын сезінетінін" айтты.

Бұл - АҚШ тарихында қызмет бабында адам өлтіріп алған бұрынғы полиция қызметкерлеріне шығарылған ең қатаң үкім болып отыр. Үкімде Шовиннің айыбын ауырлатқан қызмет өкілетін теріс пайдалану және адамның қадір-қасиетін таптау тәрізді жайттар ескерілген.

Прокуратура сарапшы ретінде шақыртқан дәрігерлер Джордж Флойд дем жетпей, тұншығып өлген деген қорытынды шығарған.

Айыптаушы тарап соттан Дерек Шовинді 30 жылға бостандығынан айыруды сұраған еді. Шовин үкім шығар алдында Флойдтың туыстарына көңіл айтқан, бірақ ол өзіне тағылған айыппен келіспеген. Оның адвокаттары Флойдтың ажалына полицияның іс-қимылы себеп болғанына дәлел жоқ деген уәж айтқан.

Былтыр 25 мамырда дүкенде жалған купюра өткізген деген күдікке ілінген 46 жастағы Джордж Флойдты полиция ұстаған. Полиция офицері Дерек Шовиннің жерде жатқан Флойдты мойнынан тізесімен басып, тоғыз минуттан астам уақыт бойы тапжылтпай ұстағаны жайлы видео жұртқа тараған. Онда Флойдтың дем жетпей жатқанын айтып айқайлағаны, анасын шақырғаны естіледі. Сол күні кешке полиция Флойдты Миннеаполистегі ауруханаға жеткізіп, ол сонда қайтыс болды.

Биыл сәуірде 12 адамнан құралған сот алқасы "абайсызда кісі өлтіру", "адам өлтіру" және "тұншықтыру" баптары бойынша айып тағылған Дерек Шовинді кінәлі деп тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG