Accessibility links

"Дем ала алмай жатырмын". АҚШ-та Джордж Флойдтың өліміне жауапты деген полицейдің ісі сотқа жетті


Джордж Флойд пен оның "Дем ала алмай жатырмын" деген сөзі бейнеленген граффити. Портленд қаласы, Орегон штаты.
Джордж Флойд пен оның "Дем ала алмай жатырмын" деген сөзі бейнеленген граффити. Портленд қаласы, Орегон штаты.

АҚШ-тың Миннеаполис қаласында бұрынғы полицей Дерек Шовиннің ісі жөнінде сот процесі басталды. Оған афроамерикалық Джордж Флойдты өлтірді деген айып тағылып отыр. Бұл өлім былтыр бүкіл ел аумағына тараған наразылық толқынына әкелді. 29 наурызда сот отырысы өтіп, талапкер мен жауапкер өкілдері сөз сөйледі. Процесс жаппай тәртіпсіздікке ұласпас үшін сот ғимараты мен соның айналасындағы кварталдар қоршауға алынған.

Былтыр 25 мамыр күні кешке (Еске алу күніне орай демалыс болатын) Миннесота штаты Миннеаполис қаласында полиция патрулі дүкен сатушысының шақыруына барған. Ол сатып алушының темекі қорабы үшін 20 долларлық жалған ақша бергенін айтып шағынған. Ал сатып алушы 46 жастағы Джордж Флойд болатын. Жалған ақшаның ұқыпсыз жасалғаны сонша, дүкен сатушысының саусағына оның бояуы жұққан. Жасөспірім сатушының бойы екі метр, салмағы 100 келі ер кісімен дауласуға дәті бармаған. Оның үстіне, Флойд не ішіп алғандай, не есірткі қабылдағандай әсер қалдырған.

Полиция қызметкерлері Флойдтың қолына кісен салып, қызметтік көлікке отырғызған. Бірақ көлікке отырарда ол аяғын ішке салмай, клаустрофобиямен ауыратынын айтқан. Ол сондай-ақ коронавирус жұқтырғанын (кейінірек бұл сөзі расталды) да ескерткен. Полиция патрулінің аға қызметкері Томас Лейн оған "Аяғыңды ал, терезені ашамын" дейді. Бірақ Флойд айтқан сөзін қайталап, ковид, клаустрофобия, "дем алу қиын", "өлемін", "мені атпа" дей берген. Одан кейін демін алу үшін жерде жата тұруға рұқсат беруді сұраған.

Кейінірек бірінші патрульге екіншісі қосылған. Екінші патрульдің аға қызметкері Дерек Шовин Флойдты асфальтке бетімен жатқызып, өз тізесін оның мойнына қойып, бүкіл салмағымен басып отырған. Қасындағы полицейлер Лейн мен Кинг Флойдты ұстап тұруға көмектескен. Шовиннің серігі Тоу Тао жанында болып, жағдайды бақылап тұрған. Көшеде кетіп бара жатқан кездейсоқ адамдардың видеосынан Флойдтың дем жетпей жатқанын айтып айқайлағанын, анасын шақырғанын естуге болады.

Айналадағы адамдардың үндеуіне қарамастан Шовин Флойдтың мойнынан тізесін алмаған. Полицей афроамерикалықтың мойнын тізесімен тоғыз минутқа жуық басып тұрған. Төртінші минутқа қарай Флойд есінен танған. Патруль шақырған жедел жәрдем қызметі Флойдты ауруханаға алып кетіп, афроамерикалық сол жерде есін жимастан қайтыс болған.

Оқиға видеосы әлеуметтік желіде жылдам тарап, бүкіл ел бойынша жаппай тәртіпсіздікке ұласты.

Оқиғаға қатысы бар деген полицейлердің төртеуі де келесі күні-ақ қызметтен шеттетілді. Кейінірек жұмыстан шығарылды. Ал үш айдан соң осы оқиға болған Хеннепин графтығының прокуроры Майк Фримен баспасөз мәслихатын өткізді.

– Миннеаполис полициясының бұрынғы офицері Дерек Шовин қамауға алынғанын хабарлаймын. Хеннепин округінің прокуратурасы Миннеаполис полициясының бұрынғы офицері Дерек Шовинге кісі өлтіру және абайсыз кісі өлтіру айыбын тағып отыр. Сұрақ бар ма?

Қандай кісі өлтіру?

– Оған үшінші деңгейлі кісі өлтіру айыбы тағылды. Біз айғақтарды зерттеуді одан әрі жалғастырамыз. Кейінірек қосымша айыптар тағылуы мүмкін.

Бұрынғы полицейлер. Солдан оңға қарай: Дерек Шовин, Тоу Тао, Александр Куенг және Томас Кирнан. Суретті Хеннепин округінің түрмесі берді.
Бұрынғы полицейлер. Солдан оңға қарай: Дерек Шовин, Тоу Тао, Александр Куенг және Томас Кирнан. Суретті Хеннепин округінің түрмесі берді.

Үшінші деңгейлі кісі өлтіру – бұл абайсызда кісі өлтіру. Майк Фримен – Миннесотада полицейдің үстінен қозғалған балама істі үкімге жеткізген жалғыз прокурор. Ол мұндай істе теріс пиғылдың болғанын дәлелдеу қаншалық қиын екенін жақсы біледі. Одан ауыр айып тағуға ол негіз таба алмады: аутопсия "травмалық асфикцияның немесе тұншықтырудың физикалық іздерін" анықтай алмаған. Сот-медициналық сарапшылардың пікірінше, Флойд жүректің "ишемиялық ауруы және гипертензиялық кардиопатия" салдарынан көз жұмған.

Токсикологиялық анализ марқұмның қанынан фентанил мен метамфетаминді анықтаған. Іске графтықтың бас сот-медициналық сарапшысы Эндрю Бейкердің жауабы тіркелген. "Егер Флойд өз үйінен өлі табылса және айқын себептер болмаса, кісі өлімі есірткіні шамадан тыс қабылдаудан болды деуге болар еді" деді Бейкер.

Дерек Шовиннің өзі де үшінші деңгейле кісі өлтіру айыбы бойынша кінәлі екенін мойындап, он жылға бостандығынан айыру жазасына келісіп отырған. Алайда АҚШ-тың сол кездегі әділет министрі Уильям Барр сотқа дейінгі бұл келісімге қарсы шықты. Ол тым жеңіл жаза жаңа тәртіпсіздіктерге әкелуі мүмкін деп санады және онысы негізсіз емес еді.

Марқұмның туыстары ресми сараптаманың нәтижесімен келіспей тәуелсіз сарапшылар Майкл Бейден мен Алисия Уилсонға жүгінді. Олар мәйітті тағы бір сойып, "өлімнің жалғыз себебі – асфиксия" деді.

Майкл Бейден бұл қорытындысын 1 маусымдағы баспасөз мәслихатында түсіндірді.

Мәйітті сою Флойд мырзада өлімге әкелуі мүмкін не өлімнің себебі болуы мүмкін елеулі медициналық қиындық болмағанын көрсетті. Мұны туыстарының доктор Уилсон екеумізге берген дерегі де растайды. Оның денсаулығы жақсы болған. Сою кезінде мойны мен арқасында компрессиялық қысым анықталмады, өйткені қысым мәйітті сот-медициналық офиске жеткізгенге дейін тоқтап қалған. Меніңше, өлім себебі асфиксия болған. Мойын компрессиясынан миға қан мен оттегі бармай қалған, арқа компрессиясы тыныс алуға кедергі келтірген. "Дем ала алмай жатырмын..." деп айтқанда... Өкінішке қарай, полиция қызметкерлерінің көбі егер адам сөйлей алса, тыныс ала алады деп ойлайды. Бұл – қате. Мысалы мен сіздердің алдыңызда сөйлеп тұрмын, бірақ мен дем алып тұрған жоқпын.

3 маусым күні штаттың бас прокуроры Кейт Эллисон істі ауырлау бапқа ауыстыратынын, енді оны Майк Фримен емес өзі жүргізетінін мәлімдеді.

Біріншіден, бүгін мен сотқа түзетілген айыптау қорытындысын жібердім. Онда Миннеаполис полициясының бұрынғы офицері Дерек Шовинге Джордж Флойдтың өліміне байланысты екінші деңгейлі кісі өлтіру айыбы тағылған.

Қолымызда бар айғақтар бұрынғыдан ауыр айыпты – екінші деңгейлі кісі өлтіру – растап отыр. Бұл жөнінде өзара ақылдасып, келісімге келдік. Екіншіден, бүгін Миннеаполис полициясының бұрынғы офицерлері Джей Алекс Кингті, Томас Лейнді және Тоу Таоны қамауға алу туралы қаулы шықты. Сонымен қатар, Хеннепин округінің прокуроры Майкл Фриман екеуміз сотқа айыптау қорытындысын жібердік. Онда полицейлер Кингке, Лейнге және Таоға екінші деңгейлі кісі өлтіруге сыбайлас болды деген айып тағылды. Бұ – ауыр қылмыс. Қадамдарымыз Флойд мырза мен оның туыстары үшін, қоғамымыз мен мемлекетіміз үшін әділдік әкеледі деп сенемін.

Прокурор Эллисоннан кісі өлтіру айыптарының айырмашылығын түсіндіруді сұрады.

Флойдтың отбасы мен олардың адвокаттары бірінші деңгейлі кісі өлтіру айыбын тағуды талап етті. Сіз екінші деңгейлі кісі өлтіру айыбын – өзге бір қылмысты жасау барысында абайсыз кісі өлтіру – тақтыңыз. Бұл айыптың нені білдіретінін түсіндіре аласыз ба? Абайсызда кісі өлтіру мен екінші деңгейлі қасақана кісі өлтірудің айырмашылығы.

Миннесота заңына сәйкес, бірінші деңгейлі кісі өлтіру айыбын тағу үшін ниет пен алдын ала ойластырылғанын дәлелдеу керек. Екінші деңгейлі кісі өлтіруде нәтижесі өлімге әкелген ниетті дәлелдеу ғана қажет. Яғни кінәлі қасақана қылмыс жасап, оның соңы өлімге әкелді. Бұл жерде қаскөйлікті дәлелдеу шарт емес. Заң сондай. Біз Джордж Флойдқа шабуыл жасады демекпіз. Басты қылмыс – осы.

Ал осы арада Джордж Флойдтың туыстары мен оларды қолдап отырған белсенділер өлімнің негізгі себебі полицейлердің нәсілшілдігі деумен болды. 10 маусымда марқұмның бауыры Филонис Флойд конгрестің төменгі палатасындағы тыңдауда сөз сөйледі.

Джордж көмек сұрады, оны елеусіз қалдырды. Өтініш, менің, отбасымның үндеуіне, әлем көшелерінен естіліп жатқан үндеулерге құлақ асыңыз. Барлық қоғамдық таптың, барлық жыныс пен нәсілдің адамдары бірігіп, өзгерісті талап етіп отыр. Соларды құрметтеңіздер, Джорджды құрметтеңіздер, сөйтіп құқық қорғау органдарын мәселе емес, шешім ететін қажет өзгерістерді енгізіңіздер. Олар қандай да бір теріс әрекет жасаса, жазаға тартыңыздар. Оларды адамға жанашырлықпен және құрметпен қарауға үйретіңіздер. Шарасыз күш қолданудың не екенін үйретіңіздер. Өлімге әкелуі мүмкін күшті өмірге қауіп төнгенде ғана қолдану керек екенін үйретіңіздер. Сол күні Джордж ешкімге залал келтірген жоқ. Ол 20 доллар үшін өлетіндей ешнәрсе жасамады. Сіздерге сұрақ қояйын: Қаранәсілді өмірінің құны осы ма? 20 доллар ма?

11 қыркүйекте түрлі процедуралық сұрақты талқылайты сот процесі басталды. Сот ғимаратының алдына көптеген наразы адам жиналды. Олар сот ғимаратынан шығып бара жатқан айыпталушыларды айқаймен шығарып салды.

Сол күні Флойдтың отбасы және олардың адвокаты Бен Крамп баспасөз мәслихатын өткізіп, марқұмның беделіне нұқсан келтіру әрекетіне наразылық білдірді.

Біз қазір ғана Джордж Флойдты екінші рет өлтірмек болған эмоциялық тыңдауға қатыстық. Көптеген орынсыз мәлімдеме жасалды, есірткіні шамадан тыс қабылдаудан өлді деді. Жоқ. Әрине. Мойны тіземен қысылған 8 минут 46 секундтың оның өліміне ешқандай қатысы жоқ екен. Олар оның мойнында тізенің 8 минут 46 секунд бойы тұру ақталған шара дегісі келеді. Олар есірткіні шамадан тыс қабылдады деген ақымақ теориясын тықпалағысы келеді. Бәріңізге түсінікті болсын: Джордж Флойдты өлтірген күшті шамадан тыс қолдану, Миннесота штаты Миннеаполис қаласы полиция басқармасының шамадан тыс нәсілшілдігі.

Қазанда судья Питер Кэхилл істегі жеңіл айыпты ауырлау айыппен жұтылып кетеді деп алып тастады. Бірақ айыптаушылар бұл шешімге шағым түсірді. Прокурорлардың пікірінше, егер алқабилер соты Шовинді екінші деңгейлі кісі өлтіру айыбы бойынша кінәсіз деп тапса, оны үшінші деңгейлі кісі өлтіру бойынша кінәлі деп тануы мүмкін. Апелляциялық сот полицейге екі айыпты да тағу керек деп шешті.

Джордж Флойдтың туыстары сонымен қатар қала билігіне азаматтық шағым түсірді. Биыл наурызды ол жөніндегі бітім келісімі жасалды. Миннеаполис Флойдтың отбасына өлімнің өтемі ретінде 27 миллион доллар төлеуге келісті. Отбасының адвокаты Бен Крамп бұл шешімге қанағаттанғанын жасырмады.

Мен үшін Джордж Флойдтың отбасы, заңгерлеріміз және Миннеаполис қаласы мен оның жетекшілері Джордж Флойдтың өлімі жөніндегі азаматтық іс бойынша келісімге келгенін жариялау – мәртебе. Бұл – тарихи шешім. Оның тарихилығы төленген 27 миллион долларда ғана емес, оның әлеуметтік әділдікке, саяси реформаға және полиция реформасына әсері де маңызды. Өтемақы Джордж Флойдтың отбасына, отбасының болашағына тікелей әсер етсе, саяси реформаның әсері бәрімізге тиеді.

Өтемақының жарты миллион доллары Джордж Флойдтың өліміне әкелген оқиға болған ауданды көркейтуге жұмсалмақ.

Дүйсенбі, 29 наурыздағы сот отырысы айыптаушы және қорғаушы тараптың кіріспе мәлімдемесімен басталды. Штат бас прокурорының көмекшісі Джерри Блэквэлл алқабилерге оқиға орнынан түсірілген видеоны көрсетіп, "Көзіңізге сенсеңіз болады. Бұл – кісі өлтіру!" деді. Дерек Шовиннің адвокаты айғақтардың жалпы мән-мәтініне қарауға шақырды. "Сот салында саяси немесе әлеуметтік көзқарасқа орын жоқ... Жауаптар 9 минут 9 секундтың аясынан едәуір шығып кеткен" деді ол.

Айыптаушы тарап Дерек Шовин Джордж Флойдты ұстау кезінде әсіре қатыгездік танытып, негізсіз әдіс қолданды десе, қорғаушы тарап Шовен нұсқаулық бойынша жұмыс істеді, Флойдтың өліміне бірнеше фактор себеп дейді. Қорғаушылар Флойдтың жүрек ауруы болғанын, есірткі қабылдағанын айтады.

Сот процесі аясында 400-ден астам куәгердің жауабы алынбақ. Оның 362-сі – айыптаушы тараптың куәгері. Сот процесі тартысты жағдайда өтіп жатыр. Сот ғимараты қоршалған. Қалаға ұлттық ұланның 2000 сарбазы және өзге күш құрылымдарының 1100 қызметкері кіргізілген. Бұлардан бөлек қалалық полиция қызметкерлері бар. Олар осы жағдай үшін еңбек демалысын алу мүмкіндігінен айырылған. Штат губернаторы Тим Уолз Шовиннің сот процесі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге алдағы жылдың бюджетінен 35 миллион доллар қарастырып қойған.

Қалған үш полицейдің соты тамызда өтпек. Олардың тағдыры Шовин ісінің нәтижесіне тәуелді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG