Accessibility links

Рыбакина Australian Open финалында жеңілді. Дегенмен ол әлемнің топ-10 теннисшісінің қатарына енеді


Елена Рыбакина финалда. 28 қаңтар, 2023 жыл.
Елена Рыбакина финалда. 28 қаңтар, 2023 жыл.

Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина (әлемнің 25-ракеткасы) Мельбурнде өтіп жатқан Australian Open-2023 жарысының финалында Беларусь теннисшісі Арина Соболенкодан (5-ракетка) жеңіліп қалды – 6:4, 3:6, 4:6.

Осылайша Соболенко карьерасындағы алғашқы Grand Slam жарысында жеңімпаз болды.

Арина Соболенко финалда. 28 қаңтар 2023 жыл.
Арина Соболенко финалда. 28 қаңтар 2023 жыл.

23 жастағы Рыбакина – Australian Open жарысының финалында ойнаған алғашқы қазақстандық теннисші. Ол алты айдың ішінде екінші рет Grand Slam жарысының финалына шықты. Рыбакина былтыр тамызда Лондонда өткен Wimbledon турнирінде жеңімпаз атанған.

Рыбакина келесі аптадан бастап әлемдік рейтингіде 10-орынға көтеріледі. Ол Australian Open-2023 жарысы басталғанда, 25-орында тұрған. Бұған дейін Қазақстан теннисшілері арасында ешкім ондыққа енбеген.

Рыбакина былтыр жазда Лондондағы Wimbledon жарысында жеңіске жеткеннен кейін жанкүйерлер арасында кең таныла бастады. Сол кезде Рыбакинаның "Grand Slam жарысында жеңген Қазақстанның алғашқы теннисшісі" екені, оның Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан атынан жарысқа қатыса бастағаны да көп айтыды.

Ресей журналистері мен теннис шенеуніктерінің Рыбакинаны "біздің өнім" дегені Қазақстанда қарсылыққа ұшыраған. Теннисшінің өзі "Қазақстан болмаса, мен қазір бұл жеңіске жете алмас едім" деген. Ресейде туған Рыбакина Қазақстан теннис федерациясының президенті, миллионер Болат Өтемұратовтың шақыруымен Қазақстанға келген еді.

  • Australian Open, Wimbledon, Парижде өтетін Roland Garros және Нью-Йоркте болатын US Open турнирлері теннистен қаржылай сыйақысы көп беделді Grand Slam жарыстарының қатарына енеді.
  • Соболенко бұл жарысқа нейтрал теннисші ретінде қатысты. WTA (Әйелдер теннисі қауымдастығы) Украинадағы соғысқа байланысты Ресей мен Беларусь теннисшілерін жарысқа тусыз қатысады деп жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG