Accessibility links

"Үндемесем, істі солай жіберейін деп тұр". Қаңтарда қаза тапқан бауыры үшін күрескен қызылордалық


Қаңтарда қаза тапқан қызылордалық Фархат Омаров.
Қаңтарда қаза тапқан қызылордалық Фархат Омаров.

Былтыр 5 қаңтарда 29 жастағы Қызылорда тұрғыны Фархат Омаров полиция ғимаратының алдына халықтың мұң-зарын айтуға шықты. Дүрбелең кезінде ол алдымен аяғына, ізінше кеудесіне тиген оқтан көз жұмды. Қазір оның үстінен бірнеше бап бойынша тергеу жүріп жатыр. Ағасы Мақсат марқұм інісіне жала жабылып отырғанына сенімді.

Жақында Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сот Фархат Омаровтың үстінен қозғалған қылмыстық істі прокуратураға қайтарды. Былтыр 22 желтоқсанда өткен алдын ала сот тыңдауында тергеу кезінде қылмыстық іс жүргізу заңының талаптары өрескел бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, қаза болған Омаров іс бойынша күдікті деп танылған күннен бастап тергеу ісі адвокаттың қатысуынсыз жүргізілген.

Марқұмның ағасы Мақсат Омаров інісінің заңды өкілі ретінде қорғаушы болып тағайындалғанымен, іс материалдарымен таныстырылмағанын және іске тіркелген дәлелдер бұрмаланғанын айтып отыр.

НЕ БОЛДЫ?

Қызылорда қаласының тұрғыны Фархат Омаров 5 қаңтарда облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің алдында кеудесіне тиген оқтан қаза болған. Сол жерде оған екі рет оқ атылған. Бірінші рет оң жақ аяғына, екінші рет жүрек тұсына. Бірақ оның өлімі бойынша жүргізілген сот-медицина сараптамасы қорытындысында аяғына тиген оқ көрсетілмеген. Ағасы Мақсат Омаров мәйітханада жатқан інісінің аяғына тиген оқтың ізін ұялы телефонына түсіріп алған...

Қызылорда тұрғыны Фархат Омаров Қаңтар оқиғасында қаза тапқан. Оқ аяғына да тиген.
Қызылорда тұрғыны Фархат Омаров Қаңтар оқиғасында қаза тапқан. Оқ аяғына да тиген.

Ол інісі қаза болардың алдында – 5 қаңтарда Қызылордадағы Назарбаев даңғылында өткен митингіде халықтың мұңын жеткізу үшін жиналған жұрттың ортасына шығып, елде жемқорлық жойылса, жағдай түзелетінін айтып, халықты бірігуге шақырып, сөз сөйлегенін айтады.

– Ініме 5 қаңтарда "жергілікті полиция қызметі ғимаратына басып кірді" деген айып тағып отыр. Фархат полиция ғимаратының ауласына да кірмеген. Сыртында тұрған. Қасында достары болған. Ол сол күні халыққа оқ атылғанын көріп, жергілікті полиция өкілі Жандос Естаевты шақырып алып, сөйлескен. Жандос Естаев қоршаудың ішінде, аулада тұрған. Фархат оған "Ей, не істеп жатсыңдар, Жаңаөзендегі оқиғаны қайталамаңдар, халықты атпаңдар, қарусыз екенін көріп тұрсыңдар ғой" деп айтқан. Сол сәтте бірінші оның оң аяғынан атқан. Аяғына атқан кезде шегініп бара жатқан адамды жүрегінен тағы атқан. Сосын қасындағы жігіттер оны жедел жәрдем көлігіне салып жіберген, – дейді Мақсат Омаров.

Қазір марқұм Фархат Омаровқа "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "билік өкіліне күш қолдану" және "күзетілетін нысанға басып кіру" деген үш бап бойынша айып тағылған.

Мақсат Омаров інісіне тағылған айыптың біріне де келіспейді. Ол "ініме жала жабылып отыр" дейді.

"НЕГІЗГІ АЙҒАҚ БОЛАР ОҚ ТА, ҚАРУ ДА ЖОҚ"

Іс бойынша Қызылорда қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция батальонының рота командирі Жандос Естаев жәбірленуші деп танылған. Ол былтыр 5 қаңтар күні облыстық полиция ғимараты ауласында Фархат Омаровпен сөйлесіп тұрғанда, арқа тұсынан оқ тиіп, жарақат алған.

Оқ Естаевтың да, Омаровтың да денесін тесіп шыққан. Мақсат Омаровтың айтуынша, тергеу ісінің материалында оқ белгісіз қарудан атылған деп көрсетілген. Қару да, оқ та болмағандықтан, сот-баллистика сараптамасы жүргізілмеген.

Қаңтар оқиғасында қаза тапқан қызылордалық Фархат Омаров (сол жақта) пен оның ағасы Мақсат.
Қаңтар оқиғасында қаза тапқан қызылордалық Фархат Омаров (сол жақта) пен оның ағасы Мақсат.

Ағасы Мақсаттың айтуынша, Естаев өзіне кім оқ атқанын білмейтінін және тергеуде де өзін Фархат Омаров атты деп нақты көрсеткен жауабы жоқ екенін жеткізді.

Бірақ іс бойынша бес полиция қызметкері куә ретінде тартылған әрі олар "Фархатқа қарсы жалған куәлік беріп отыр" дейді ол.

– Іс бойынша куә делінген бес полицей Естаевты інім атқанын көрсетіп отыр, бірақ дәлелдері жоқ. Олар бір дәлел ретінде тергеуде берген жауабында облыстық жергілікті полиция қызметінің ғимараты алдында бақылау камерасына түсіп қалған видеода қару ұстап жүгірген жігітті менің інім деп көрсеткен. Бірақ ол жігіттің үстіндегі күртеше басқа. Сол күні Фархаттың үстінде болған, оқ тесіп өткен күртеше үйде ілулі тұр. Оның түсі де, өзі де басқа. Оқ інімнің жүрегінен кіріп, бүйрегінен шыққан. Осыны айтқан кезімде бұл видео істен алып тасталды. Бірақ сонда да олар "Фархат атқанын көрдік" деп жалған куәлік беріп отыр, – дейді Мақсат Омаров.

Марқұмның ағасының айтуынша, "бұрмаланған дәлел" бұл ғана емес. Полиция тергеуінде дүрбелең күні марқұмның қасында болған Талғат Мешітәлі есімді досы телефонынан біреуге "Фархат полицияға оқ атты" деген хабарлама жіберген" деп жазылыпты.

– Талғат жақында менімен сөйлескенде "Ондай сөз аузымнан шыққан жоқ. Мен Фархаттың қолында қару болған жоқ, керісінше, Фархатты атып тастады деп айттым" деп, жазбаша жауабын берді. Кейін соны дәлелдеп, Талғаттың жазбаша түсініктемесін прокуратураға апарып бергенде, олар істегі жауапты басқаша өзгертті. Енді "біз дұрыс түсінбей қалған екенбіз" деп отыр. Сонда үндемей қалсам, солай жіберейін деп отыр ғой істі, – дейді Мақсат Омаров.

ТЕРРОРИСТ ҚАЙДА?

Марқұм Фархат Омаровтың үстінен әуелі "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" және "терроризм актісін жасау" бойынша іс қозғалған. Кейін бұл тергеу қаулысының күші жойылып, жоғарыда аталған үш айып тағылған.

Мақсат Омаров былтыр сәуірде Қызылорда облыстық прокуратурасы інісіне қатысты істің баптарын өзгертіп, "келісемін" деп қол қойғызып алған дейді.

– Ес жиып үлгермеген аласапыран кезде терроризмге қарағанда жеңілдеу деген айыптарға амалсыз көніп, қол қойып жібергенмін. Себебі – басында Фархат мемлекеттік нысанға кірген шығар, қолында бір нәрсе болған шығар деп ойладым. Кейін маған Фархаттың қасында болған достары ол ғимараттың ішіне де, ауласына да кірмегенін, оның қолында қару түгіл, еш нәрсе болмағанын айтты. Олармен сөйлесіп, жазбаша жауаптарын алған соң, бас прокуратураға бастапқы келісімімді бұзу туралы арыз жаздым, – дейді ол.

"ОҚ ПОЛИЦИЯ ҒИМАРАТЫНАН АТЫЛҒАН БОЛУЫ МҮМКІН"

Мақсат Омаров жақында інісінің қабіріне барып, рухына құран бағыштап келе жатып, жергілікті полиция басқармасы ғимаратының алдындағы темір қоршаудың оқ тесіп өткен темірін видеоға түсіріп алған. Мақсат оқ қай бағыттан атылғанын анықтағысы келеді. Видеода темірдің екі бетіндегі оқ ізінің көлемі екі түрлі. Ғимараттың ішкі жағына қарайтын тұсында оқ ізінің көлемі қарсы бетіндегі оқ ізінің көлемінен шағындау. Мақсат бұл "оқ іштен сыртқа атылғанын білдіреді" деп топшылайды және бұл ойын Қызылорда облыстық прокуратурасына барып айтып, видеоны көрсеткен. Сонымен бірге інісі ғимараттың ішіне, ауласына кірмегенін айтып, іс бойынша да оның ғимарат сыртында қаза тапқанын айтып кеткен. Мақсат енді Естаевқа оқ қай жағынан кіргенін білгісі келеді.

– Маған оқ Естаевтың артынан не алдынан тигенін білген маңызды болып тұр. Артынан кірсе, демек, Естаевты да, Фархатты да бір оқ тесіп өткен. Мен оны ғимараттың төбесінде тұрған снайпер "шило" деген оқпен снайперлік Драгунов винтовкасынан атқан деп күдіктенемін.

Мақсаттың айтуынша, інісінің қазасы бойынша оларды жәбірленуші деп танып, іс қозғалуы керек болатын.

"Ондай іс жоқ. Болмаған да. Мен енді Фархатты арандатушылардың кесірінен абайсызда оққа ұшыраған деп, істі қысқартуды, ініме тағылған айыптарды алып тастауды сұраймын" дейді Мақсат.

Ол інісі Фархат Омаров 5 қаңтарда халықтың мұңын айтуға шыққаны үшін оққа ұшты деп есептейді.

Фархаттың артында отбасы, бала-шағасы қалды. Үлкен ұлы 10 жаста, кіші қызы үште. Фархат өзі Қызылордада базарда саудамен айналысқан. Мақсат Омаров інісінің жағдайы жақсы болғанын, үйі де, күйі де, көлігі де болғанын, мұқтаж жандарға көмектесіп, көмір, тамағын сатып алып беріп, қайырымдылық іспен де айналысып тұрғанын, Қаңтарда ешкімді ұруға, еш нәрсені қиратып, тонауға бармағанын, халықтың мұңын жеткіземін деп барғанын айтты.

БАС ПРОКУРАТУРА: "ШАБУЫЛДАУШЫНЫҢ КӨЗІ ЖОЙЫЛДЫ"

Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов былтыр 11 сәуірде астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде 2022 жылғы 5 қаңтарда Қызылордадағы жаппай тәртіпсіздік кезінде облыстық полиция департаменті ғимаратына шабуыл жасады деген 24 адам қалай қаза болғанын, оларға не себепті табельдік қару қолданылғанын айтып берді:

5 қаңтарда Қызылорда облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметіне қарулы шабуыл жасалды. Террористер жүк көлігімен ғимарат қақпасын соғып кіріп, аңшы мылтығынан оқ жаудырды. Бақылау-өткізу пунктін, жедел басқару орталығының камералары мен патрульдік машиналарды өртеді. Осыған байланысты полиция алдымен ауаға оқ атып, содан кейін шабуылдаушылардың аяқ-қолын нысанаға алып, табельдік қару қолдануға мәжбүр болды, – деді Қилымжанов.

Оның сөзінше, жұрт мұнымен тоқтамай, ішімдік пен есірткінің әсерінен ғимаратқа "бірнеше рет шабуыл жасаған". Ал екінші шабуылдан кейін алты адамнан тұратын топ келіссөз жүргіземіз деген желеумен жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев пен рота командирі Естаевты шақырған.

Осы сәтті пайдаланып, бұрын сотты болған О. есімді азамат рота командирі Естаевқа шолақ мылтықтан тіке оқ атқан. Қарсы атылған оқпен шабуылдаушының көзі жойылды. Естаев көп дене жарақатын алды, көп қан кетіп, ауыр халде реанимацияға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірін әрең сақтап қалды, – деді Қилымжанов.

Бас прокуратураның мәліметінше, облыстық полиция басқармасының ғимараты 12 сағат бойы қоршауда болған. Осы аралықта оған "10-нан астам қарулы шабуыл" жасалыпты.

Сол брифингіде Қилымжанов "тойтарыс беру кезінде 20 шабуылшының көзі жойылды" деді. Оның айтуынша, "содырлар" кейін Қызылорда қалалық полиция басқармасының ғимаратын да басып алмақ болған, "оларға тойтарыс беру кезінде төрт шабуылшының көзі жойылды" деді Қилымжанов.

Бас прокуратура өкілі "бұрын сотты болған О. есімді азамат" деп марқұм Фархат Омаровты тұспалдайды. Ағасының айтуынша, 2021 жылы Фархат Рамазан есімді жігітпен төбелесіп, кейін іс қысқартылған. "Бірақ жақында сол жігітті полиция қайта шақырып алып, Фархат пышақ сұғып алған деген қолхат жаздырып алған" дейді ағасы.

Азаттық Мақсат Омаровтың уәждерін негізге ала отырып, 2023 жылғы 26 қаңтарда Қызылорда облыстық прокуроры Нұрлан Бижановтың атына 13 сұрақтан тұратын ресми сауал жолдаған. Алайда облыстық прокуратура сауалдардың ешқайсысына жауап бермей, "қылмыстық-процестік заңнама елеулі түрде бұзылғандықтан", Фархат Омаровтың үстінен үш бап бойынша қозғалған іс прокурорға қайтарылғанын ғана ескерткен. "Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің 201-бабының талабы бойынша, қылмыстық істің мәні жария етуге жатпайды" делінген облыстық прокуратура жауабында.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада 26 адам қаза тапқан. Оның біреуі – міндетті әскери борышын өтеп жүргенде мерт болған сарбаз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG