Accessibility links

Өзбекстанда Telegram-дағы Kompromat.uzb арнасына қатысты іс бойынша журналистер қамалды


Мавжуда Мирзаева.
Мавжуда Мирзаева.

Өзбекстанда 10-нан астам адам Telegram-дағы Kompromat.uzb арнасына қатысты іс бойынша тергеліп жатыр. Олардың ішінде қаржы ұйымдары мен мемлекеттік органдарының өкілдері бар. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасаған Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлайды.

Дереккөздің ақпараты бойынша, билік оларға "бірнеше шенеуніктің, қаржы мекемелері және кәсіпкерлердің кәсіби қызметі мен жеке өмірі туралы ақпаратты жария етеміз деп ақша бопсалады" деген айып тағып отыр

29 қаңтарда Ташкенттің тергеу соты Өзбекстанның жұмыспен қамту және кедейлікпен күрес министрлігінің баспасөз хатшысы Мавжуда Мирзаеваны қамау туралы қаулы еткен. Ол Human.uz сайтының кеңсесіне тінту жүргізілгеннен кейін ұсталған. "Бопсалау" бабы бойынша іс қозғалған Мирзаева мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторына қамалған.

27 қаңтарда Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Human.uz сайтының жетекшісі Хуршид Далиевпен бірге алты журналисті және Telegram-дағы Kompromat.uzb арнасынының әкімшісін ұстаған. Оларға да "бопсалау" бабы бойынша айып тағылған. Human.uz кеңсесін әуелі полиция тінтіп, кейін есігіне Өзбекстан бас прокуратурасы мөр басып кетті.

Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі журналистердің қамауға алынғаны туралы ақпарт берген жоқ. Елдің ұлттық масс-медианы дамыту және қолдау қоры бұл жайтқа байланысты алаңдаушылық білдіріп, күш құрылымдарын жауап беруге, журналистердің құқығын қорғауға үндеді.

Бақылаушылардың сөзінше, бұл – Шавкат Мирзияев билікке келген 2016 жылдан бері БАҚ қызметкерлеріне қатысты жасалған ең ірі рейд.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG