"Ақ жол" партиясы болашақта Қазақстанды Еуроодаққа қосу мәселесін қозғайтынын айтты. Бұл жөнінде партия жетекшісі Азат Перуашев 1 ақпанда саяси ұйымның кезекті съезінде мәлімдеді. Оның сөзінен "Власть" сайты үзінді келтірді.
Перуашевтің түсіндіруінше, Қазақстан "Еуропаның даму жолын, мемлекет пен қоғамға қатысты көзқарасын, өмір сүрудің еуропалық стандартын енгізуі" қажет.
"Алаш" көшбасшысы Әлихан Бөкейхан жазып кеткендей, біз болашақты Батыс елдерінің ең үздік жетістіктеріне қосылу арқылы елестетеміз. Оған қоса, "Ақ жол" партиясы еуропалық көзқарасты қолдап қана қоймай, болашақта Қазақстанды Еуроодаққа қосу мәселесін қозғауды қарастырады" деді Перуашев.
Ол әділ сайлау өткізуді, электрон дауыс беруді, тәуелсіз және әділетті сотты, демократия мен парламентаризмді дамытуды Еуропаға бағыттың мысалы ретінде келтірді.
2015 жылы Қазақстан мен Еуроодақ әріптестік мен ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол қойған. Келісім сауда мен инвестиция, құқық пен ішкі істер, экономикалық және қаржы ынтымақтастығы, энергетика және көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі сияқты салаларда әріптестікті нығайтуды қарастырады. Қазақстанның сыртқы саудасында ЕО-ның үлесі – 40 пайыз.
"Ақ жол" партиясы 2002 жылы ресми түрде тіркелген. ОСК мәліметінше, партияның 200 мыңға жуық мүшесі бар. 2021 жылғы мәжіліс сайлауы кезінде партия парламенттен 12 орын алған.
Партия өздерін парламенттегі "оппозиция" деп көрсетуге бейім болғанымен, "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") өкілдерін өткір сынаудан қашқақтайды, кейде мақтап та жатады. Саяси сарапшылар оны "парламентте жалған оппозиция рөлінде ойнайтын билікшіл" партия деп атайды.
Жуырда партия мүшесі Азамат Әбілдаев Азаттыққа берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путинді қолдап, Кремльдің Украинаға басқыншылығын ақтағаннан кейін партия дауға қалған. Ізінше "Ақ жол" мәлімдеме таратып, Әбілдаевтың партиядан шығарылғанын айтқан. Әбілдаев депутаттық мандатынан да айырылды.